09.08.2022
  129


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

МАҢҒЫСТАУҒА МҰҢ ШАҒУ

Ей, Маңғыстау!
Сенде тудым – бұл мәңгілік мәртебем,
Меншігімдей көрінеді әр төбең.
Жүрегімнің жыр-қауызын жарғызып
Дәл өзіңдей туса деп ем мәрт өлең!
Сырбаз ойым ыңырсиды сетінеп,
Сенен басқа болсын маған не тірек?
Ақ төсіңнен майлады ұртын өзгелер
Мен дегенің – сенен туған жетімек.
Тұла бойда атой салып қан ыстық,
Жасымас түр көрсетемін намыс қып.
Сен суалып, мен қуарып тістене
Кетіп бара жатқандаймыз талықсып...
Ей, Маңғыстау!
Асқақ ұстар аппақ туын киеңнің,
Алла берген ажырамас иең кім?
Сен қарайсың тұлып сынды тұлғама
Мен өзіңе тәлтіректеп сүйендім.
Буындырып алқымымнан үн-арым,
Оңашада талай өксіп жыладым.
Тоңып жүрмін күрке таппай түбектен
Айналайын, Маңғыстауым, жұмағым!
Бауырыңа келімсектер таласар,
Өле кетсем – жоқ қимасым санасар.
«Тірлігінде жылымады бойы» деп
Бір-ақ уыс топырағыңмен жаба сал!





Пікір жазу