ИМАН ГҮЛІ
(емші Айнұрға)
Жүректе иман күйін – байқамаймыз,
Аздығын боқ дүния ар санаймыз.
...Алысып ақ пен қара арасында
Жүреді аласұрып қаршадай қыз!
***
Иесі дүр-ғаламның Тәңір еді,
Жаралсақ жалғыз соның әмірі еді.
Хауа ана - әйел заттың түп анасы
Зеріккен Ерден болар әрірегі.
Бір Алла сүйеді ылғи жақсылықты,
Жақсыны әзәзілдер азғырыпты.
Рухы әлсіз пенде адасты анық
Осыдан туады екен нас қылықты.
Нас қылық құйын-мінез бүлдіреді,
Қасірет көз жасына күлдіреді.
Ақты кеп қара құзғын бөктергенде
Болады ақиқаттың кім тірегі?
Бой бермей мехнаттың бұла күші,
Жүдесең – қолын созар жылап іші,
Дауылда қалтылдаған жапырақтай
Кім еді байғұс жанның жұбанышы?!
Сандырақ сөз бен ойы, зәрлі демі,
Бұзады базбіреулер әңгімені.
Жаратты Жасаған Хақ жәрдемші етіп
Өзінің сүйгені құлы - Әулиені!
«Бекетім – Құдайымның арысындай»,
Көп өткен ерлер елде жалы шыңдай!
Мың рет қазақ өліп-тірілсе де
Келеді сол себепті сағы сынбай...
Домалақ-Нұрила ана, Долы анамыз,
Адайда Нұрбибіден жол аламыз.
Бекеттің тал бесігі - тар құрсағы
Жәнияның есімі болады аңыз.
Ақмаңдай, Бопай апа, Борсан анам,
Қыз да болса талай ер зор санаған!
Шекем мейіз қарайды мейірленіп
Ошақ емес, ордаға ортақ Адам!
Сөз етсем шарпитындай нұры мені,
Бұл Айнұр асылдардың сынығы еді.
Қиналған үлкен-кіші «иә, Алла!» деп
Айнұрға жолды тіке бұрып еді.
Сынықтар уатылған бітіп мығым,
Ұшықтан алас болып зытыпты мұң.
Айнұрдың емі дәру талай әйел
Бойына бала бітіп, күтіпті ұлын.
«Заңына қарсы келме табиғаттың,
Әрқашан сақта жолын ар-ұяттың» -
Ананың сексендегі ақылы бар
Жаршысы емші Айнұр шариғаттың.
Тыңдайды дүйім елі кіші демей,
Сыйлайды құрттай қызды – ісі дүрдей!
Әулие жоқ дегендер не дейді енді
Жаратқанның жердегі күші демей?
Жол еткен аталардың ізін үлгі,
Аманат маңдайыңа сызылды ірі.
Ай нұры аймалаған періште қыз
Иманның үлбіреген қызыл гүлі!
Таңдарды адам емдеп таңға ұрасың,
Тірілтіп талайларды таң қыласың.
Қалықта биіктерге, жолың болсын
Су сепкен қанатымен қарлығашым!