09.08.2022
  98


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

ЗАҢҒАР

(Жазушы Әбіш Кекілбавқа)
Бағзыдан бағы басым кең ел едім,
Құтайттың керегемді сен ерегім.
Жаңғырды жаһан жұртқа елдік жайлы
Отпаннан көтерілген Дегелек-үн.
Өткеннің сіңген сызы табаныңа,
Қайраумен от бергендей талабыңа.
Қазақтың қылыштағы өр қайраты
Ауып кеп қонған сынды қаламыңа.
Бақ тайған дүрбелеңде тозғанда айла,
Ошақтың оты сөніп қоз қалмай ма?
Шоғындай баба-тарих беренім-ай
Тірі куә секілді озған жайға.
Қыз – қолды, шаншылғанда ер істікке
Өзгеден заман уын кем іштік пе?!
Досы боп Елбасының қанжығалас
Қазақты жетеледің кеңістікке!
Ұқсатам келбетімді Айға түнгі,
Таныды күллі әлем айбатымды.
Келесің елің үшін, қайран аға
Қаламмен қатар жұмсап қайратыңды.
Аударып ай парағын, күн жаңасын,
Суылдап жүйрік уақыт, зыр қағасың.
Оқиды Кекілбаевтан келер ұрпақ
Қазақтың арғы-бергі жылнамасын!
Тағдырдың батты талай тақымы тым,
Көнбеске жазмышына хақылы кім?
Жігітте арман бар ма дәл өзіңдей
Ақтаса ана сүтін, әке үмітін!
Әкеден қыз аралас - жалқы бала,
Санайды бүгіндері халқы дана.
Елбасы ардақтаған алқа тағып
Аман бол, айналайын Алтын аға!





Пікір жазу