ТӘУБА-ТҰМАР немесе ӨЗІМДІ ҚАЙРАУ
«Құдай-жалғыз, Құран-хақ» - мың қайтарар кәлимам,
Жүрегіме тұп-тұнық ұялаған ар-иман.
Сіңірмесе бойына кіршігі жоқ киені
Ар туралы толғауға жарыместі жари ма ән?!
Пайғамбарым Мұхаммед, сиынарым Пір Бекет,
Байлығым жоқ былғаныш, жалғыз нәрім жыр-зекет.
Сақтай гөр деп бәтерден, бұрыш жалдап пәтерден
Қара түнде жатамын өз-өзіммен тілге кеп.
Пана таппай сенделді байғұс басым қарақан,
Тасжүректер алдында сырды кімге таратам.
Құдайлыққа құмар көп шайтан үңгір кеудесі
Өліп бара жатсам да жаймас едім алақан.
Құдай жолы бүгінде еріккенге дау-дамай,
Адастырды аңқауды иман-ойын саудалай.
Сүреңсіз боп кеткендей жұмақ өмір сарыны
Күн күмілжіп тұрады, төбемізде жаурап Ай.
Әркімде бар пендәуи тойнағына тән ұғым,
Ібілісті үркітіп рухты арға жаныдым.
Керек емес сан тарау ілім-үні мықтының
Бағынарым тіп-тіке көкте Ұлы Тәңірім.
Сабыр болып тоқтамым, даңғыл болып соқпағым,
Көргенсіздің жоғалған пәк келбетін жоқтадым.
Жүдеу кейпім жанарын кірлетті ме май басқан
Сәлемімнен жеріді тақуа ағам боққарын.
Көзге ілмеді кейбіреу сырығы жоқ жарлы деп,
Адалдық пен намысым тамсандырар жанды көп.
Құдай, Құран, Бекетті қазық еткен мәңгіге
Мендік ғұмыр талайдан таза және мәндірек.
Талай мәрте жәудіреп жалдыларға жұтылдым,
Пейілімде аппақ нұр, пасықтарға түкірдім.
Жабырқау боп жүрсем де Ар алдында адалмын
Тәубә, тәубә Тәңірім! Иман кәміл – шүкірмін!