09.08.2022
  107


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

СҮЙІНҒАРА СЫБАҒА

Жаңа дертті тудырып қож жарадан,
Бершімегін көңілдің қозғап алам.
Мендегі шер өткеннің зарпы ма еді
Сыңар тауып сыңсиды боз даладан.
Бабалардың бойыма қайраты кеп,
Буырқанып қанымда қайнады кек.
Көк бөрім ұран болар татулыққа
Алты қарыс азуын Айға білеп.
Еміс құлақ естісе алдан дүбір
Айбаттанып басушы ең жалғанды бір.
Байтағыңа аңыз боп ерлігің жүр
Өзегінен от шашқан Арлан-Ғұмыр.
Машақатқа қалғанда қиын дала,
Ерлігіңе дос-дұшпан сыйынған, ә!
Бәйге тікті басыңа сандалған жау
Тамсандырған дұшпанын, Сүйін-баба!
...Алтын көпір Маңғыстау тараптарға,
Көш-керуен шұбырар, жарақты алда.
Жолыққанды жосықсыз шаба салса –
Одан әрі... қуанар талап қарға.
Үйі қирап талайдың, қора жанып,
Кең далада мүлгір тек мола қалып.
Қазақ ауылын күйретіп, малын айдап
Түрікмен-көш жөңкілер тонап алып.
«Ел қамы емес пе еді тілегі ердің,
Отқа түспей мен неге жүр екенмін?!» -
Сабырмен жүрген тоқтап осы жерде
Ширығады шыдамы Сүйекемнің:
«Кімге қалай ұнарын, ұнамасын,
Бас ауыртып жатпаймын бұл арасын.
Басасыңдар Маңғыстау топырағын
Төлеп қана «Сүйінғара сыбағасын».
Қалың елдің қайғысы – қастың хошы,
Қайран ердің қашанда халқы – досы.
Көнген көнді, көнбесті көріп алар
Еркінсіген есерге шартың - осы!
Есін алды бұл байлам талайлардың,
Жер шетіне ілінген абайлар мың.
«Көзін құртпай болмайды, десті түрікмен –
Белін ақкөз сындырып Адайлардың».
Тартып туған Сүйінді қанына дер,
Айтқанына бұлжымай бағынады ел.
Быт-шыт қылып жоспарын жаудың небір
Алдырмады жасында қабылан ер.
Қолын алған даулы істе, жөн-ақ делік,
Исатай мен Махамбет қалап келіп.
Жаратқан ер Сүйінге тарылмаған
Қайрат және ақылды қабат беріп.
Сертке берік, досқа адал, кең жүрегі,
Елім десе – кең жүрек елжіреді.
Азаматтық болмысы өз алдына
Кіші Жүзге тараған ерлігі еді...
Күні қараң, жау жақтың үрей түсі,
Сүйінғараның шошынтты дүлей күші.
Отырғанмен әрқайсы өз ойымен
Бір ғана істі армандап қалайды іші!
Өтті жылдар... Жау жүрді арманы іште,
Сәтін күтіп баяғы қалған іске.
Талай-талай оралды жорықтардан
Қылар айла алдырмас бар ма күшке?!
Ауысты ұрпақ – сиреді дүлей ерлер,
Жас бөрілер жұлқынды - кім өгейлер?
«Кек алам!» деп жастарға өрекпіген
Жан болмады өткенді көлегейлер!
Қанға бөгіп сан мәрте дүйім елді,
Оқтын-оқтын түрікмен шүйлігеді.
Ала алмаған ызасы бойын кернеп
Бәрінің көздегені Сүйін еді.
Ал Сүйін ақ сақалды қарт болатын,
Жауда өлсем деп аңсайтын мәрт болатын.
Тұлпарына белдеуде тыпыршыған
Әлі күнге ырғып-ақ салт қонатын.
Қыс түні. Аяз өктем, қары қалың,
Тосын келіп шапты жау танып әлін.
Шаруа күйттеп отырған оңашада
Ойрандамақ батырдың шаңырағын.
«Түрікменмен қыжақтың бары мәлім,
Бұғып шабу ерлік деп танымадым» -
Таратпаққа хабарды ағайынға
Сексендегі жөнелді саңлағың.
Өтті дауыл жұлмалап зорды бүгіп,
Сүйін айтса – бұл қылық – сорлы қылық!
Жаудың ісі аңдыған өкінтті көп
Сүйекемнің қос қызы қолды болып.
Көңілінде болмаған қатер мүлде,
Қалды сасып қазақтар қапелімде.
Ойланбай атқа қонды бөлек-бөлек
«Жүрмесін деп қарындас жат елінде!».
Жеткенінше ағайын алыстағы,
Сабыр бермей бойдағы намыс-қаны.
Көп жаумен жұлқыласты қазағымның
Ер Құлбарақ бастаған арыстары.
Келгендер кебін киді қандастардың
Ел басынан осылай бақ ұшқаны...
Жеті түнде аттанған өңкей ерлер
Қайта келіп халқымен табыспады.
Қазақтарды зарлаттық, жылаттық деп,
Елі сүйген ерлерін сұлаттық деп,
Түрікмендер бірлейді екен көңілдерін
Сүйіннің мәртебесін құлаттық деп.
Жылдар тағы жылжыды – солай заңы,
Тынды бәрі – уақыт қолайлады.
Алдыртпаған айқаста қазақ батыр
Айналған жоқ жат үшін оңайға әлі.
Табиғаттың ер Сүйін дарыны еді,
Қас та, дос та мұнысын танып еді.
«Сүйекем айтыпты» деп тоқтайтын-ды
Жалғыз ауыз сөзіне қалың елі.
Ел ағасы атқарар жүгін біліп,
Татулықты көп айтты ұғындырып.
Қос елді бітістірді ақылымен
Түрікмендерді алдында жүгіндіріп.
Қан жылатар қазақты жат арманды,
Тұншықтырған сесімен қаһарман-ды.
Көре алмайтын әлі бар, алайда Ерім
Жүрегінде халқының жатар мәңгі!
...Өнеге көп өткеннен мына бізге,
Рух аңсап түсемін сұрап ізге.
Кездеседі саршұнақ інін қазған
Бөрі бабам жорытқан құла дүзде!





Пікір жазу