ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫРЫ
Тәуелдімін шешемнің құрсағында
Тамырларға.
Шаранамын дәрменсіз
Халім бар ма
Адам болып туылдым енді ешкімге
Бас ұрмаймын кеудемде
Жаным барда.
Текті елдің түлеген түлегі едім,
Арда қаным.
Аңсап қайтем арамза
Қарға бағын.
Түлкі тағдыр, тарақан адамдардың
Жалап келем қалдырған
Арда дағын.
Өксік кернеп сан ғасыр жүрегімде
Тұншығып ән.
Есіл арман қырқылған
Қыршынынан.
Тәңір төлі біздер де, басқалар да
Туары анық, әйтеуір,
Бір шұғылам.
Жылмаң қақты жалмауыз иманымды
Жарақаттап.
Өткен күнгі шаттығым
Жалаңаш бақ!
Тек өлмеген шығар ау текті ұлдар
Сағым болған арманын
Аманаттап.
ІІ
Алтын нұрға көмкеріп сахарамды
Атып күнім.
Азат елге айналдым
Бақыттымын.
Еркін елде еркелеп шашып жүрмін
Жайсаң жұртқа жарасар
Жақұт жырым.
Тәуелсізбін! Тағдырдан сыбағамды
Тең бөлісем.
Нұрлы өмірдің бесігін
Тербетісем.
Жәутең тағдыр жат маған қазанымнан
Қалтырамай барымды
Терлеп ішем.
Дархан далам малынған шежіреге
Ақ қайнарым.
Сенде жүріп басыма
Бақ байладым.
Заңғарларға ап ұшты арманымды
Алтын қыран, Ақ күнді
Көк Байрағым.
Мәңгі сақтар қазақы дәстүрімді,
Байтағымды.
Ар намысым тағына
Қайта мінді.
Жасын жырмен жарқ етіп жарып өтем
Ана тілмен ақтарып
Айтарымды.
Жарқын тағдыр жетелеп арманымды
Ала қашып.
Сан ғасырдың көшімен
Араласып.
Асу асу адырын тіршіліктің
Нық адыммен алшаңдап
Барам басып.
Маңдайына арманды адастырмас
Мұнара ғып.
Алға ұмтылды адуын
Бұла халық.
Туды міне, ақ таңы азаттықтың
Тұрады ол мәңгіге
Тұрары анық!
Қастерлейтін жоғалтпай сан ғасырда
Баба салтын.
Мәңгілікке сақтайтын
Дара қалпын
Желеу болып жанына Жаратқаны
Жасай берсің жасымай
Дана халқым!