09.08.2022
  321


Автор: Гүлайым Дәуітбаева

КӨПТЕН КӨРМЕГЕН ҚҰРДАСПЕН ОЙДА-ЖОҚТА КЕЗДЕСКЕНДЕГІ ӘҢГІМЕ

-Үйің бар ма?
- Бар ғой! Он төрт бөлмелі.
Миллиондарға созылады өлшемі.
Еркін кіріп, ен жайлайтын, шүкір-ай
Басты бақыт осы, құрдас, мендегі.
-Атыңда ма?
- Атындамын мен оның.
Кітабында тіркелген бар дерегім.
«Сонда тудым, сонда өлсем, шіркін-ай,
Бұл өмірде арманым жоқ дер едім».
- Қашан алдың?
- Жаралғалы сондамын.
Жанға рахат – жасалынған мол қамым.
Жылы ұяма татымайды ешқашан
Әлемдегі айбары асқан орда мың...
- Ал сенің ше?
- Маңдайымда сор қалың,
Әлі күнге пәтер іздеп жортамын.
Үйлер қымбат, ақшамыз аз – қасірет
Жеті ұрпаққа ауыса ма деп қорқамын...
Кетем бе әлде шетел асып жұмысқа,
Білмей далмын – бұл шешімім дұрыс па?
Не берді Отан? Жұмыс істеп, үй жалдап
Бұдан жақсы кетермін бе тұрып та...
Бай екенсің, ұқпайсың ғой біздейді,
Жыртық көңіл қамқор пейіл іздейді...
Бөлмесі он төрт хан сарайын қайтейін
Бір күркені бақыт дер ек біз, мейлі.
Мына заман жайын кімге ұқтырды,
Жемқор бауыр жалмай-жалмай жұт қылды.
Киімі бар, жайлы жерде тұратын
Болмадық-ау, ең болмаса ит құрлы...
Айттым тағы әңгімені қыздырып,
Көз алдында мың құбылып жүзді үміт.
- Он төрт бөлме - бір-бір жұмақ, келгендер
Қарай берер жан-жағына үздігіп.
Түндігіме көк байрақты байладым,
Қай кезде де бұзылған жоқ қаймағым.
Өсіп келед жас ұрпақтар бақытты
Азат таңның нұры сүйіп айдарын.
Шаңыраққа бақыт болып қонды құс,
Қазаныма дарыды құт, толды ырыс.
Ең бастысы – тізгін тиді қолыма
Алдымызда арман да көп, мол жұмыс...
- ?
- Бүгіннен де етпек мықты ертеңді,
Он төрт бөлме – он төрт мынау өлкем-ді.
Мендегі үй осы болар қиырсыз
Неге, құрдас, жаз жаныңа өрт енді?
Талап болса, өсірер ең тасқа дән,
Нан тапқанмен, таппайсың ән басқадан.
Мойныңда әлі өтелмеген борыш бар -
Оңбайды еш өз Анасын тастаған!
Айту жөн бе бар ма, жоқ па күйіміз,
Міндет біреу – Ұлы Отанды сүйіңіз!
Құшақ жайып күлімдеген жан Ана
Қазақстан – біздің ортақ үйіміз!
***
Баспанасыз бауыр үшін күйді ішім,
Сынбас, деймін, - қиындыққа ер кісің.
Бермесе егер өз Отаның жылуын
Өзге Отан жарылқайды деймісің?!
Жеткізбеген маған да арман баспана,
Жалған күліп басу айттым басқаға.
Қазақ, енді шашылмаңдар шалғайға
Битке өкпелеп тоныңды отқа тастама!





Пікір жазу