МАҢҒЫСТАУДЫҢ МАРАЛЫ
(Әнші Ақмарал Ерімбетоваға)
Маңғыстау – салқар мекен, сайын дала,
Жеті жұрт келген. Кеткен – жайың дара.
Деп досым күпінеді «Маңғыстаудан
Жетеуін бізге бола айырған, ә!».
«Біздің ел алғашында аз келіпті,
Қалғаны қыс өткен соң жаз келіпті».
Тарихын Түмен айтты – мен қостайын
Қалықтап ұлы көшпен саз келіпті.
Бұл елдің қылышының қыны бөлек,
Сұлуы сұңқар тектес, ұлы зерек.
Сәні мен салтанаты сай ауылдың
Ән салса әуелеген ыңы да ерек.
Сол сазға тынды дала ұйып анық,
Жел кетті жез қанатқа іліп алып.
Тау тұрса тас кеудеге құйып алып
Теңіз де тебіренді түйіп алып.
Әрлі әуен, талайды естен тандырар үн,
Қандырды көктен қарап Ай құмарын.
Саз төгіп, ән әдіптеп қаршадай қыз
Үшкілдеп тақты сол сәт бойтұмарын.
Айтқызсам – көне көздер таң қылады,
Сыр мен жыр тізбектеліп таңға ұрады.
Жеті жұрт жылай-жылай асқан белден
Қайырған жеті қайқы ән құлады.
Маңғыстау – шерлі түбек, шайыр дала,
«Басқадан бізге бола айырған, ә!».
Тарихтың зары, шаңы сазға айналып
Қалықтап қонып жатыр қайырмаға.
Өткердік бастан талай мұнарды біз,
Десем мен – айтпағымды ұға алдыңыз.
Шырқайды Маңғыстаудан Марал болып
Қайқыдан ән ілдірген тұмарлы қыз!