09.08.2022
106
Жыр жаздым бүгін ақ таңда
Жыр жаздым бүгін ақ таңда
Оянып дүние жатқанда.
Ақ қанат құсы арманның
Кеудемнен қанат қаққанда.
Жыр жаздым тағы аспанда
Алтын күн нұрын шашқанда.
Көңілдің көркем түндігін
Сезім кеп серпіп ашқанда.
Жыр жаздым тағы шықтарға
Қызғалдақ басын бұққанда.
Найзағай ойнап төбемде
Бұлттар кеп қабақ шытқанда.
Жырладым тағы қалқыған
Күн азайғанда қалпынан.
Маужырай басып мақпал түн
Сығалағанда артынан.
Сағымнан сырбаз сыр аңдып,
Құмартты жиек мұнартып.
Желіккен құйын сені де
Отырам өріп жыр-ән ғып.
Жырладым тағы сырласып
Түнменен тылсым мұңдасып.
Жырлаймын тынбай,өйткені
Тіршілік, саған мен ғашық!