СЕУЛДЕ ТУҒАН ӨЛЕҢ немесе ТУҒАН ЕЛДІ АҢСАУ
Көкке өрлеген шыны тау айбаттана,
Шын сөзім бұл, Сеул сен, әйбат қала.
Сұлулыққа сендегі көз арбайтын
Мөлдір аспан, жасыл бел, айғақ дала.
Пейілің бар қонақжай біздегідей,
Ұқсайды ма-ау әдептің іздері кей?
Қазақ қонақ, алайда дастарханнан
Шұбат, қазы неліктен іздедің, ей!
Тазалығың тағы рас сүйсіндірді,
Көңіліме көрікті күй сіңдірді.
Өз елімнің татымас минутына
Әсері мол әдемі бұл күн, мейлі.
Көше шықсам - көнбеген тілің өгей,
Мен сүлдермін – дәл қазір үгілердей.
Сығыр жандар шұбырған айналамда
Қараторы қарайды түріме елей.
Қолпаштайсың елпектеп басыңды иіп,
Көтер енді, зәулімге асыр биік.
Өз елімді сағынып оңашада
Жылаймын мен ірке алмай жасым тиып.
Қызықпаймын сендегі ғаламатқа,
Қызғанышпен кеткім жоқ табалап та.
Өз қызығым жетеді таңдануға
Болды, жетер! Сеулді аралатпа!
Туған жерім бар менің - өлең төрім,
Батыр халық бағзыдан – ерен тегім.
Елім барда тәуелсіз еңсем асқақ
Салқар шаттық әр күні кенелгенім.
Жаңғырыға түлеген далам дүбір,
Кейін қалды еткен шақ санамды тұл...
Қоспақ болып үлесін қарыштауға
Түрегеле толысып таранды қыр.
Самғаймын деп салып тұр арманға аяқ,
Таңғалмаңыз, тұрсақ біз Айдан қарап.
Ашылады зауыттар бір мезгілде
Гүл қауызын сан-сапат жарғандай-ақ.
Сен – Сеулсің, Астана – киелі ордам,
Әлі талай ғасырдан тиеді олжам.
Ұнатамын мен сені - ғашық емен
Өз Отанын әркімнің сүйері заң!
Сағыныштың сезімі тұсатпайды,ә!
Қазақ қызы жат елде ұсақтай ма?
Қазақстан, күт мені! Хош бол, Сеул,
Кетемін мен, ерттеулі ат - ұшақ қайда?!