09.08.2022
  126


Автор: Гүлнар НАУЫРША

ҰРАН ДАЛА, ҚЫРАН ДАЛА, ТҰРАНЫМ!

Пайғамбар да сенен шыққан о,Тұран,
Ғұлама дасенен шыққан о, Тұран.
(Жер жаһанды тербеп жатыр о, бұл ән),
Неге үнсіз жылдар бойы жаттың сен,
Міне, бүгін бүршігіңді аттың сен.
Ол бүршікте туелсіздік таңы бар,
Ол бүршікте нәубет жылдың қаны бар,
Сол нәубеттен қалған Тұран халқының,
Тым шағындау саны бар.
Саным аз деп шағынбайын тәңірім,
Кетер ме естен бірақ көрген жәбірім.
Сан ғасырлар отарлыққа бас иген,
Ғұмыр кештім еңсе түсіп жаси мен.
Бөтен жұртқа кетті суша несием,
Еске түссе амалсыздан күрсінем.
Күрсінем де көк туыма қараймын,
Көк туымда шұғыласы арайдың,
Сол арайда тағдыры тұр талайдың.
Талай-талай зұлмат өтті басымнан,
Жауым шығып сеніп жүрген досымнан.
«Қазақ халқы ұлтшыл» деп те нұқыды-ау,
Көрсоқырлар кеуделері тасыған.
Ол- қатігез желтоқсанның ызғары,
Сол ызғардан жүрек суып сыздады.
Бейбіт күнде, бейбіт шеру үстінде,
Жәбірленді қазақтың ұл-қыздары.
Сол қыршындар елі үшін қамықты,
Қазағынан алу үшін қамытты.
Жас ғұмырын аямастан бейкүнә,
Балғын тәнін көк аязға қарытты.
Егеменді, Тәуелсіздік, Еркіндік,
Иә, көк ту желбіретіп, желпіндік.
«Осы еркіндік қан төкпей-ақ келді!»,-деп,
Кейбіреулер жүр есерсоқ елпілдек.
«Қолдады бұ құдайым, бізді, -дейді,
Қалың жұрт қайғырса да төзді»,-дейді.
Төзеді. Төзу-ерлік, қайсар қылық,
Еліме берген сондай байсалдылық.
Көзі қанды төбеттер мұны елемей,
Сұмпайылар су бетінде кілегей.
Сұңқар емес, кілең шымшық,шүрегей.
Байсалдыны мәңгүртке балағасын,
Баһардүрлер иесі-далаға сын,
Баба дәстүр киесі- балаға сын,
Ақылгөйі, абызы-данаға сын.
Данаға сын болғасын –дараларым,
Семсер ойлар сілкілеп саналарын,
(Жүректегі жаза алмай жараларын),
Жөнге салып жатыр-ау, тағаларын,
Уақыт көші берер тек бағаларын.
....Құла дүзде сағым- тау обаларым,
Құлын ұрпақ білемін ұға аларын.
Құлан дала иесі бола аларын,
Білмесең, ей, балапан, сұра бәрін!
***********
Ұран дала, қыран дала, Тұраным,
Өсиетім, қасиетім-Құраным.
Мойнымдағы үзілмейтін тұмарым,
Өзің жайлы мына менің жыр-әнім,
Саған аз ғой, арналса да мың-әнім!





Пікір жазу