09.08.2022
  185


Автор: Айнахан Есетова

Оғылмеңді арудың монологы

Жаман жердің бастырмаған шаң сызын,
Ғайбат сөзден естіртпеген жалғыз үн.
Түсірмеген күн көзінен басқаны,
Ишан әкем қиды қалай жан қызын?
Қызыл шарқат нұр жүзімді қымтаған,
Ей, Сұлтаным бұйырыпты бір саған.
Арзу болар ару қыз да, жастық та,
Қарт болса да хас асыл боп тұрса адам.
Қырық бұрым, қолаң шашым төгілген,
Ей, Сұлтаным саған сыйға берілген.
Тағзым етер Пірімнің сен екенін,
Жүрегімнің әмірімен сезінгем.
Қылдай белім қызыл бешпент қынаған,
Ей, Сұлтаным саған ғана қия алам.
Алты Алашты бағындырған Бахадүр,
Құдіретіңе басымды идім Ұлы Адам!
Жарым десең періштеңдей жебейін,
Күңім десең пендең болып көнейін.
Әруақты ерге жар бола алсам лайық,
Ол да менің хан қызындай мерейім!
Ей, Сұлтаным, сырбаз келбет Нұр –Зады,
Тал бойымда тарыдай мін тұрмады.
Қабағыңнан қаймығады, қаралай
Арда өскен күллі қазақ қыздары.
Көк сауырлап кебіс киіс киген күмістеп,
Көк жорғаға жона салған пүліштеп.
Манар көзі мөлдіреген моншақтай,
Түркпен қызы жарың болды биіктеп.
Арда Арыстың отауына түстім деп,
Керегесін қайта құрап тіктім деп.
Мәрт түркпеннің гөзел қызы- меншігің
Құшағыңды пана тұтар, тұтқын боп.
Алтын ділдә әкелді әкем шашуға,
Қам жасармын мұң-қайғыңды басуға.
Перзент сүйер жолын берсін Хауаның,
Пәрәудигер Пірім Бибі Бәтима.
Мархамменен өзек жалғар Медетім,
Күн тұтылса Қызыр Ілияс көретін.
Арлан мінез арыстарға Баба боп,
Дәурен туар ұрпақтарың өретін!
Ниетімді Жаббар Ием жебесін!





Пікір жазу