09.08.2022
103

Жаз ұзату
Ғұмырдың заңы солай жазыла ма,
Алаңсыз балалықты сағына ма?
Жүрегі от, жүзі алау Шілде қызды,
Амалсыз ұзатады Тамыз аға.
Қыз ғұмыр-қалың елес, көлең-көлең,
Ел көшіп кеткен жұрттың орыны дер ем.
Алқасын асыл қасты жоғалтқандай.
Көңілі жаз қызының әлем-жәлем.
Тең өскен тетелесін кім қияды,
Қоштасып кете барар күн туады.
Сүмбіле салқын қабақ соны ұқтырып,
Қолыңа сұп-суық қып су құяды.
Жылқыдай жөңкіледі бұлт айдаған,
Күз жеңге кейіс қабақ сұрқайланған.
Жаз қызы жаутаң-жаутаң қарағанмен,
Танытпай жылы шырай сырт айналған.
Таразы таң тұлғасын тоңдырғандай,
Мөлдір шық-сағыныш жас, жәудір қандай.
Жоғалтқан жаздай ыстық ниеттерін,
Күншілдік көңілімді қалдырғандай.