Тағдыр
Тана көз моншақ тағдырым,
Таға алмай үзіп таусыппын .
Таңдарда тауға қона алмай,
Тұмандай түнде қалқыппын.
Талшыбық үміт,талша жан.
Талықсып талқы тамсаған.
Талпынып талап аңсаған.
Тар өткел тас жол,тайғанақ ,
Тарау да тарау тарқаған .
Тарамыс –тұзақ тастүйін,
Тартысты тауан тәңір –ай.
Талшыбық менің жастығым,
Таба алмай кеткен тобаң –ай.
Тәкаппар, тарпаң ,тектілік,
Тамырың сенің тереңде.
Төркіндеп келсең төрт түлік
Төскейден айдап берем бе?
Тура жол тартып төріме ,
Тұлымдым тағы келсейші.
Тұлдырсыз жұтаң көңілге,
Тынысын тауып берсейші.
Тана көз моншақ үзілген,
Таңғы шықтардан тізейін ,
Тіксінген тірлік тінінен ,
Торғындап көйлек тігейін ,
Төгілтіп жалын тұлпардың,
Тұрманын сайлай мінейін .
Тұғырын таңдап сұңқардың.
Томаға тағып жүрейін.
Тосқауыл күдік тор қайғы,
Тоқмейілсуді тойтарып
Тобарсып кеткен аңқамды
Тоғытам селді қайтарып
Тоз-тоз боп кеткен тал қайың,
Тоғай боп өссін жайқалып.
Тентіреп кеткен қалқамды,
Түздерден күттім тым ұзақ .
Тұнығым тағы шайқалды,
Текке өтті күндер зымырап.
Телмірдім терең күрсініп.
Тұнжырап тұрды терезе.
Тиянақ таппай тиегі,
Терме жыр қалды пернеде.
Теңіздей сезім киелі,
Толғатты тағы тербеле,
Тұла бой талғап исініп,
Теңдессіз әуен келе ме.
Тұсауын кескен тіршілік,
Тіксінді жылап , о неге?..