ҚАРАШЫҚ
Желбіреп көңілдегі кезік сезім,
Алыстан арып-ашып жетсем өзім,
Тұрасың кеуде керіп бәрін барлап
Құнанбайдай барлаған өткір көзің.
Қарай-қарай қараудан талмай тұрған,
Ойларын жүргіншінің жалғап арман,
Елестеп кеткендей ме санамда бір
Баяғы сақшы шалдан жалғыз қалған.
Қондырмай түбегіме қара шыбын,
Күретіп келе жатқан дара шыңым,
Өткізіп өң меніңнен тесіледі
Ұлы жол – дара тұрған Қарашығым.
Осылай оқшау тұрған дара шыңың ,
Тіктеген жүргіншіге қарашығын.
Аталған құм ішінде қара төрткүл
Қож-қож тастан сомдаған Қарашығым.
Жанарын тігіп құмартып кімдер сұқтанған,
Соларды күтіп жолын тосып шықты алдан.
Көк бөрі тектес ештеңеден сескенбей
Қара шоқы жол бойында нықталған...
Қақсаған анау маңайға келсе жан жолап,
Өктем күштер де қалдырған екен сан жолақ,
Бостандық отау оңайлықпен тігілмей
Етекте жатыр қан жолақ...
Қып-қызыл қан боп аққан екен қан жоса
Көресің анық жолай өтсең маңдаса,
Орын тепкен –кейде сансыз моладан
Байғыздар қақсар нанбаса?!
Әлемді барлап маңайды қарап жататын
Қарашық болса тереңге ойлар бататын,
Көгілдір көкпен ұштасып жатса жанардан
Таң нұры боп ататын...
Киелі мекен – күзеті тектес өзіңнің,
Қарашығың – қарашығы тектес көзімнің,
Сезімді қозғап назары ауса ойларға
Қарашығы – сөзімнің менің...