09.08.2022
  130


Автор: Бесінбай Бегеніш

Жақсылығын асырам деп күйбеңдеп...

Жақсылығын асырам деп күйбеңдеп,
Тіл тигізбей жататынбыз сүйреңдеп,
Қате басса ауылдастың біреуі
Намыс қозып қызу қанды күйген көп...
Баратынбыз қиындыққа тартынбай,
Қызық ортақ – қарсы аламыз жарқылдай,
Ал біреуіміз – барлығының мүддесі
Ауыл болсаң – қауым болдың шартынбай.
Ауыл ортақ – мүдде ортақ көздеген,
Кем түспесек деп тілейміз өзгеден.
Бір туғандай бауырыңнан кем емес.
Жетіп жатыр «ауылдаспыз» сөз деген.
Барлығында Ауыл Ана тапқандай,
Омыраудан нәрін еміп жатқандай.
Түгел келіп бір қазаннан ас ішіп
Бір ошаққа бақыт отын жаққандай.
Араласып кеткен бәрі туысқан,
Бір-бірінің жәйін біліп ұғысқан,
Ауыл деген бір кісідей дем алып
Бір ауамен кеуде керіп тынысқан.
Ауыл барсаң еркін жүрші қыдырып,
Қорқатындай кездеспеген «Әй!» қылық.
Еңбекке де ертеліден қимылдап,
Ауыл деген жұмылған бір жұдырық,
Жатқандай ма мақтануға тіл келмей,
Күле қарап жымияды білгендей?
Ауылдағы адамдардың бәріне
Шалдарымның тері исі сіңгендей...





Пікір жазу