Рухына бас идім
«Аруақтарға бас игіш»- дейтіндер де елде көп,
Бір соғуға басына бата алмай тіпті шөлдеп ек.
Заманым оңға оралып, мінәжат етіп қайтуға,
Аңсарым ауып келемін, қолтығымнан жел демеп!
Ләззат алсын сенен бір досым ба, мейлі қасым да,
Қастықты ойламас сендей бір тұрған асылға.
Ынсап, Әділет, Мейірім – пендеңнің Ұлы Ұжданы
Үйренсіп келіп өзіңнен келгендер түнеп басыңда!
Қорған төбе, ғимараттар ал өзінше үндесін,
Қай ғасырдан оралдым, таңертең келсем күн бесін.
Кәзіргіден мен жер астының сырлары
Тек өзінде, Шырағданың сөнбесін!
Мендегі жүкті бөлісіп, алып қашты сайларың,
Жеткендей болса соларға тұңғиық болса ойларым.
Бой көтеріп әр жерден шоқыларың шақырған
Ақ ордадай тізіліп, өткізер бейне тойларың.
Сабырлы кербез бұлағың, сыбдырлаған қамыстар,
Қарсы алады алдыңнан бұрын көрген таныстар.
Арқарың шыңнан қарайды, барғандарға жатсынбай,
Жақындайды өзіңе жоқ болса көңіл алыстар!
Мейірімді шуақ төгіп тұр келсем саған көгімде,
Алып қашты кірбіңді, Үстірттің құба дөңіне.
Топырағың торқа боп, тіріні жебеп жатырсың,
Жабырқау тартып келіп ем, тояттап қалды көңіл де.
Қасиет пен әсемдігін жинақтаған даламсың,
Салыстырып қап өзін, шеберлерін ғаламның.
Бізден кейін ұрпақтар да ғибрат алсын сүйсініп,
Сақта пендем! Жер бетінен жоймауыңа алаңмын!
Оғыланды таудың басына он сапар тілеп мен келдім,
Туған жер мынау Піріңді келмейді жанға теңгергім!
Саяхат жасап келдім бе? Сонау бір өткен заманға,
Скифтер де, сарматтар ма? Қаншасын ойға өңгердім.
Аңсары ауып тағы да, келгендер болса басыңа,
Мамықтай жұмсақ сезінер табанына тиген тасы да,
Аласарған көңіл де бей-жай тынады,
Жетсем-ау деген осында?!
Аңыз етіп айтып жүр антқа қойған шартыңды,
Мойындаттық кезінде түрікмен, қалпақ, сартыңды.
Сан шақырым алысқа ілезде жетіп барасың,
Өзгертіп алып қалпыңды?!
Қожаназар ұрпағын қойныңа алып қысқаның,
Таң қалдырды талайды, аққу-қаз көкке ұшқаның.
Мойындады қаншасы, рухыңа жете алмай,
Айшылық жолың қас-қағым!
Маңғыстаудан оқыған Бухарадағы мектепте,
Жолыңды қиып мергендер атпақ болған ептеп те.
Күні бұрын сезініп, бұрылып оқтан ұшыпсың,
Ренжітіп оларды айтпапсың бірақ «тек» деп те!
Имансыздар келмесін деп, орналастың қиынға,
Пенде түгіл, шайтан жел соға алмайды құйын да.
Аруақты сыйламасаң өз мәніне түсініп,
Шақпақ тасын оқша атуы қиын ба?
Таза болса сезімің онда тіпті жасқанба?
Көрсетеді кейде бір мың асып бір тасқанға,
Қалай? Қайтіп? Неге? деп те сұрама,
Оқ жасайды тастан да!
Зәмзәм бұлақ мейірін қанып іше біл!
Өз арыңның тазалығын осы жерде піше біл!
Адалдыққа қиянатты жасағаның көп болса,
Әлектенбе қою үшін неше гүл?!
Қызықтауға бәз біреулер ойланбасын тек келіп,
Қиын емес, қасиетпен кетер Ата кектеніп.
Дүние қоңыз, қомағайлық, жемқорлар да,
Қалады әлі қақпа есігінде кептеліп?!
Ұлан ғайыр әлемде, көп емес аз ғой киелім,
Соның бірі өзіңде туған жер сені сүйемін.
-Лә илаһи илла Алла –шын ниетпен өзіңе
Басымды енді иемін!