08.08.2022
  153


Автор: Бесінбай Бегеніш

ЕЛ ИЕСІ, ЖЕР КИЕСІ – ПІР БЕКЕТ

Түбектегі киелім!
Бисмиллаһи – р – рахмани – р – рахим!
Толғау,толғау, толғайын,
Атадан қалған сөз дайын,
Ас беру дәстүр жалғасты,
Пір Бекет , жар бол! Қолдайын!
Дін , біліммен санасқан,
Жоқ еді бабам адасқан.
Қанша мақтау айтсақ та,
Бір Аллаға жарасқан.
Жер киесі- Сен едің,
Ел иесі- Сен едің.
Дұшпанды маңға жолатпай,
Киелі мекен-тиегім,
Мекендеп шеткі жиегін.
Қорғадың жердің сүйемін,
Сыртымдағы – Айбарлым,
Маңдайдағы – Айдарлым.
Туысқа салса сүйегім,
Қуат бер, қозға сезімді
Арнадым Сізге сөзімді
Қожа Ахмет, Пір Бекет,
Ақын деп білдік өзіңді.
Етеміз сабыр шүкірлік
Түсінсек ойлап пікірлік
Жетіп жатыр кейінге
Жасаған талай зікірлік
Біздерге қиын пішімдік
Аршыдық бүгін ұшын тек
Ой-електің тұнбасы
Ғалым деп Сізді түсіндік
Әлемін аспан болжадың
Астролог деген бір жағың
Мұсылмандық – иманың
«Темірқазық» адаспас
Түзедің соған жол жағын
Жетіп жатыр зердеге
Демейсіз қалай? Ол неге?
Қасиет тұтқан ғимарат
Түсінікті-ау пендеге!
Қанша күшпен жасалған
Болмағаны, һәм осалдан
Мойындаттың талайды
Ұстазың тартқан асаңмен.
Жоқ еттің күмән
-күдігін,
Сілкінтіп сана, білігін,
Ауруларды жазады,
Бұлақтағы сүлігің.
Арқарың таудан қараса
Тұрғандай шыңмен жараса.
Мәулет күнге тап болып,
Қуанып жүрміз балаша.
Кешіргей жатса өтелмей,
Мерейін елдің көтергей.
Жауһардай таза пәктікке,
Жетелесе бөтенбе-ей?!
«Мәдинада
-Мұхаммед,
Түркістанда– Қожа Ахмет» ,
Қабыл еткей ұлы асты
Маңғыстаулық– Пір Бекет!
Өзіңе барсам сезім бал,
Ләззат алсын көзің сал,
Тәуелсіз тізгін қолымда
Бас иген Сізге кезім бар.
Ұстап ап қолға делбені ,
Жатырмыз ашып көмбені.
Риза болғай рухың,
Самала шырақ сөнбе енді!
Мекендеп Үстірт кемерін,
Көрсетіп еңбек өнерін,
Сұпылық, ғалым қоса ұстап,
Білімге жүзген кеме едің.
Зарыққанда жебедің,
Кедей
-кепшік демедің.
Есінде көптің қалыпты,
«Кім айтса бұрын» дегенің.
Медет болдың әлсізге,
Жалбарынды әлсіз де.
Төгейін десең нұрыңды,
Жетіп жатыр дәл сізде.
Таба алмаған іс мінін,
Айбарысың күштінің.
Кейінгіге қалдырдың,
Ғимарат, мешіт мүскінін!
Бұзылар пенде асқанда,
Тосқан да болдың асқанға,
Тәу етіп жатса қайтесің,
Түсінер кейбір сасқанда.
Сасқанға да саясың,
Қашқанды да аядың.
Ұшып жатса шың-құздан,
Жауырыныңды жаясың.
Қазақтың дархан даласын,
Сілкінттің сезім санасын,
Қошандай ұлың кездессе
Алақан тосып аласың.
Ұстазы болдың ұрпақтың,
Шипасын нұсқап сырқаттың,
Жағымсыз болса, кінәлі,
Жібермейсің сипап тым!
Ұраным болған айбарлым,
Дарыған рух жайларым.
Ғылымды түгел меңгеріп,
Інжуін тердің қайнардың.
Атаның жолын қуған бар,
Жан-жақтан келді қуғандар
Қабыл болғай ниетің,
Жолыңа Ата құрбандар.
Ідіріс атты пайғамбар,
Суфизм білім жайғандар.
Сол тамырдан нәр алған,
Атамыз екен ойлаңдар?!
Дүниеде өтті ай маңдай,
Сол бағыттан таймаңдар!
Руми, Хафиз,Джами,
Баязит, Саади,Яссауи.
Пір атаның бастауы,
Ислам дінін жайғандар.
Асында бүгін атаның,
Алашқа жайып атағын.
Қаумалап келген жамиғат,
Жырымды шашып жатамын.
Іңкәр еткен өзіңе,
Түбектегі киелім,
Айтылмай жүрген сырымның
Сен ағыттың тиегін.
Тәмәмдап сөздің түйінін,
Басымды мен де иемін!





Пікір жазу