08.08.2022
105
Аурухана дәптерінен
Қайран елік!
Кеудесінен шыбын жаны шығарда
Мөлдір көзге жас толтырып жылайды екен олар да –
Бүкіл тірлік дүниені бір көргенге тұрар ма,
Не жетеді, не жетеді жарқыраған жанарға?!
Күлсін көкте,
Тұрсын көкте алтын шапақ Күн мынау,
Өмір сыйлап жер бетінде жүрген барша адамға.
О, тіршілік,
Қадіріңді енді ғана білдім-ау,
Сол үшін де мың рахмет, мың рахмет жанарға!
Бір сәт көрген жарық сәуле –
Байтақ жарық дүнием,
Тыпырлаған тірлігімнің құны ма ең?!
«Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой»,
Бұ дүниеде ұмыта алман,
Ұмыта алман мұны мен!
Емін-еркін шарықтаса, қалықтаса көкте құс,
Арқасы ол қанат емес, жарқыраған жанардың.
Сыйып тұрған мынау нұрлы жарық дүние теп-тегіс
Жанарларға қызығумен қараймын...
25.04.1981 жыл.