08.08.2022
  121


Автор: Балта Қосбармақ

Арақ

Інгенін үмітімнің бошалатқан
Алдымнан әлі талай тосар ақ таң.
Мен бірақ сеніп өтем бір нәрсеге:
Ажалым не Бақытым – осы арақтан!
Осы арақ құлататын құздан мені,
Осы ғой көңілімнің мұздар жері.
Сонда да арақ артық кей кездері
Қойнымдағы қылықты қыздан гөрі.
Қыз не керек – жылылық сыйламаса,
Жырыңды жалын атқан тыңдамаса?!
Тірлікте мағына жоқ –
Жиғаныңды
Қайтарып беру үшін жинамасаң.
Білем мен –
Тұнығыма салып ойран,
Осы арақ айыратын абыройдан.
Сонда да арақ ішем кей кездері,
Арылып қалың мұңнан, қалың ойдан.
Інгенін үмітімнің бошалатқан
Алдымнан әлі талай тосар ақ таң.
Мен бірақ сеніп өтем бір нәрсеге:
Бақыт болмас,
Ал ажал – осы арақтан!
02.04.1983 жыл.





Пікір жазу