08.08.2022
  88


Автор: Балта Қосбармақ

Атақоныспен қоштасу

Қош бол, атақонысым, туған мекен!
Мені сенен біреулер қылды-ау бөтен.
Дүние-ай, қасіреттің ең үлкені –
Туған жер топырағына сыймауда екен!


Қош, туған жер!
Қош, сорлы қайран елім,
Қалып барад қайтпаған жауда кегім.
Жау аяғы басады-ау енді бүгін,
Жау аяғы жерімді басты-ау бүгін,
Кеше өзіне сан ойран салған едім!..
Қайтіп жөнге келер ме бір ауған қом?!
Қолдан кетті қарсылық қылар дәрмен.
Бұл фәниде арманым болмас еді-ау –
Арпалысумен өтсем тек жуандармен!
Тауқыметін тағдырдың көтеруге
Серт етіп ем.
Алысып өтемін де.
О, дариға-ай,
Өзіңнен кетіп барам,
Қандай тағдыр тұр күтіп шет өңірде?!
Жеңе алмадым алысып, жұлысқанмен,
Құр бос қаңғу болар ма бұл іс те әуре?!
Сүйремей-ақ жат жерге сүйегімді,
Қалдырғаным төсіңде дұрыс па әлде?!
Өзің үшін, ел үшін болдым борша,
Мүңкір-Нәңкір сотына бардым қанша!
Өлуді де ойладым ат жалында –
Омырауыңда жауға асыр салдырғанша.
Қашып бара жатқам жоқ өлімнен мен,
(Мың мылтыққа тосылар менің кеудем).
Махамбетті ен Жайыққа сыйғызбаған
Мені де ертті бір үміт, жеңілгенмен.
Кешір, шетке барады ұлың кетіп,
Әлі-ақ қайта оралам,
Түңілме, күт!
Бұхара, Хиуада жатпан,
Қайтам
Байтақ қазақ даласын дүбірлетіп.
Бұрынғы өткен хас батыр аталардай
Қалғаным жоқ өлуге бата да алмай.
Ойладым өз төсіңде қалуды да,
Жастығымды ап жығылып ата жаудан.
О, туған жер!
Төсіңде (жырым қалса)
Бақыт қонған ұлы той дуылдаса,
Біздерді де есіңе ап, ырым жаса.
Қапияда абайсыз шейіт кетіп,


Бір уыс топырағың бұйырмаса!..





Пікір жазу