08.08.2022
95
Десек те қанша: «Ой жеткен жерге жетер бой»...
Десек те қанша: «Ой жеткен жерге жетер бой»,
Бұл адам байғұс қиялдап қана өтердей.
Шындық дегенің – шындықты сүйгіш халқымның
Қиял-ғажайып ертегілері екен ғой...
Қиялдың көгі шектеусіз қанша болғанмен,
Қалықтай бермей, бірауық жерге қонған жөн.
Ауызбен жеткен, аңыз боп жеткен Ақиқат
Болашақтарға жетеді қалың томдармен.
Жүргесін Жердің асты емес, үстін мекендеп,
Борыш та көп-ау, қарыз да көп-ау өтелмек...
Мен кәміл сенем –
Он ғасырдан соң ұрпағым
Мақтаныш етер
«Бабалар біздің армандай білген екен!» деп.