08.08.2022
  144


Автор: Балта Қосбармақ

Анаммен әңгіме

Айта алмай әңгімесін, күйбеңдеді,
Толғантты беймаза бір күйлер мені.
- Түбі бір тесік моншақ табарсың-ау,
Шырағым, қатарыңмен үйлен, - деді.
- Әзірге күн көреміз біз жандәрмен,


Көшкен жоқ басымызда тұрған дәурен.
Әкеңе шәй қайнатып беріп жүрмін,
Бес қонақ келген күні қиналғанмен.
Шамдары өзге үйлердің неге жарық?
Жүрсеңші өзгелерден өнеге алып.
Той жасап, төңіректі жинайтұғын
Осы үйге бір шүйкебас керек анық.
Көп болды, жолдасымыз күйбең біздің,
Шықпады тойдың әні үйден біздің.
Қуандыр шал-кемпірді,
Келін әкел,
Қайғысын жырлап болсаң сүйген қыздың...
Ұлына қиын сұрақ тосады Ана,
Қинады.
Қиналды өзі осы арада.
- Әлде сен қыз қарамас жігітсің бе?!
Әлде бұл келін түспес босаға ма?!
- Ой, Мәке!
Не бар, - дедім, - таусылғандай,
Балаңа осыншама қамшы ұрғандай?!
Ертең-ақ әкеледі.
Менен басқа
Ұлдарың өсіп жатыр тау-шыңдардай...
Деп едім,
Әңгімемді кенет үзді:
- Бойдақ боп тойламайсың сен отызды!
Басыңа үйіңді тік, отыңды жақ,
«Көгерсін келін жұмсап» деме бізді!
Кез емес арба сынып, ат өлетін,
Күніңді айт, адамыңды айт әкелетін.
Тек кезек жалғастырар – сенің еншің,
Сен емес сөндіретін әкең отын!
Айтты да, жауап күтіп, күйбеңдеді,
Тебірентті беймаза сол күйлер мені.
- Түбі бір тесік моншақ табарсың-ау,
Шырағым, кезегіңмен үйлен! - деді...





Пікір жазу