08.08.2022
97
Ажал себе, ысқырына оқ ұшқан...
Ажал себе, ысқырына оқ ұшқан
О, Адамдар!
Не көрдіңдер соғыстан?!
«Жеңілмеймін! Жеңем!» дейсің өзеуреп,
Ойлашы өзің, сөйтіп жеткен жеңіс – қан...
Неге, адамзат, жаусын дейсің тентек оқ,
Көк шалғынды жатсын дейсің өртеп от?!
Ажал алған бауырларың аздай-ақ,
Неге құрбан тұрсын дейсің ел төлеп?!
Неге саған сойқан соғыс – сел керек?!
Неге өт дейсің бір-біріңді желкелеп?!
Арпалыспен барғың әлде келе ме
Қара жердің құшағына ертерек?!
Неге?!. Неге?!.
Боздағынан айрылып, ел жылап,
Жатсын дейсің неге жасы сел құрап?!
Батсын дейсің неге соған Жер құлап?!
...Бұған сені дұрыс болмас кінәлау,
Жауаптысың мына өмірге сен бірақ!
Әлмисақтан бері қарай
Тыныш өмір жер бетінде ұзартпай,
Қарақшылар қанды оқтарын жүз атты-ай!
Енді оларды,
Ей, адамзат,
Тұзақтай біл, тұзақтай!