08.08.2022
  242


Автор: Балта Қосбармақ

Менің байтақ Сам құмым!..

Менің байтақ Сам құмым!
Сенде тудым,
Бесігімсің,
Төсіңде тербетілдім.
Мен үшін сен шексізсің ұланғайыр,
О, кішкене бөлігі Жер бетінің!
Шуағынан күллі ел жылынатын,
Перзенттерің көп әлі туылатын.
Сондықтан да өзіңе жыр арнаса,
Таңданба сен, Балта атты шығып ақын.
О, кішкене бөлігі Жер бетінің!
О, кішкене бөлігі Дүниенің!
Өз қойныңнан іңгәлап шығып едім.
«Қайтара алсам, дариға-ай, қарызымды»
Деп ойланып-толғанам күніне мың.
Өмір бойы осы үшін жүгіремін,
Мен де өзің секілді кішкентаймын,
Кішкентаймын...
Мақсатым ірі менің.
О, кішкене бөлігі Жер бетінің!
Ұланыңды сынауға сен бекінгін.
Биігіңе шығармын,
Шықпай тұрып,


Бұл өмірде алмаспын мен де тыным!
Бола қоймас,
Болмайды менде тыным!





Пікір жазу