«Боламын халыққа асқан сыйлы» демен...
«Боламын халыққа асқан сыйлы» демен,
Суырылып жүзден озған жүйрік емен.
Ақын боп өрен жырлар жазбасам да,
Жасымнан тыңдадым жыр, сүйдім өлең.
Өзімді «жақсымын» деп, «жайсаңмын» деп,
Өтірік мақтап, елге жар салғам жоқ.
Мен кіммін?
Кімдігімді ел сөзбен емес,
Ісіммен шын сырымды жайсам білмек.
Шын сырын жырламаққа жүрегімнің
О, өлең!
Есігіңнен күле кірдім.
Бірақ бір ескертерім:
Байтақ әлем,
Емеспін ерекше ұлы бұл өмірдің.
О, өмір!
Сенің бірақ езің де емен,
Танытам кімдігімді кезінде мен.
Жырменен өсіп-өндім,
Сондықтан да
Қуаныш, сүйінішім өзіңде, өлең!
Ерекше, болмасам да алып тұлға,
Өлеңнің өр қақпасы,
Жабық тұрма.
Аулаңа бағбан болып жыр-гүл ексем,
Қажеті жоқ өзге бақ, даңқтың да!
Өмірдің өзінен ап жыр арқауын,
Ақын боп жыр жазуға құмартамын.
Өмірде мен көрінер ең биік шың –
Өрмелеп, поэзияға шығар тауым!