Мемлекеттік емтихандар қалды артта...
Мемлекеттік емтихандар қалды артта,
Жолдар шықты бастап бәрі жан-жаққа.
Өмір атты ұлы көшке ілесіп,
Әрбір тайлақ өз бетінше жол тартқан.
Шақтар-ау бұл, шақтар-ау бұл шалқыған,
Егіз арман гүлдеген шақ жартыдан.
Сәттеріңді бағалашы осынау,
Кетсе өкініш – орны толмас артынан...
Кездер ғой бұл шарықтаған шаттық-ән –
Мөлдір аспан, көкжиекте жоқ тұман;
Алабұртқан көңілдерде жоқ күмән...
«Бейкүнә бұл балғын балалықтардың
Кәусарлығын кір шалмаса» деп тұрам.
Дүниеге келгеніңде сен Анаң
«Мөлдір бол!» деп жөргегіңе ораған.
Аналардың арманына бол адал!
Күйкі тірлік жан сарайын тонаған,
Мөлдірлігін жоғалтып жүр көп адам...
Емшектегі бала ғана жылаған,
Бақыт таппас – тартып алмай, сұраған.
Неғыламын: «Жөргем ілер – жүрген» деп,
Бесенеден белгілі ғой, сірәдан –
Ағынсыз су шықпайтыны жырадан.
Бұл өмірде талай мықты құлаған,
Бұл өмірде Арманымен ірі адам.
Тыпырлаған тірлігімен тірі адам.
Арманшыл бол, тынымсыз бол – сұранам,
Армандардың биігінде жүр әман...