08.08.2022
  232


Автор: Өмірзақ Озғанбай

МАҢҒЫСТАУ ЖӘНЕ ТӨЛЕГЕН

 


Өткен ғасырдың 60-шы, 70-ші жылдары Маңғыстау даласы үшін айрықша түлеудің, жасампаздықтың кезеңі болды. Сұрғылт тартып созылған тыныш дала төсі бір сәтте жаңғыра көтеріліп, табысты еңбектің, ән мен күйдің, шаттықтың шуағына бөлене жөнелді. Бұл көріністі белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, заңғар жазушы, жерлесіміз Әбіш Кекілбайұлы «Ұйқыдағы арудың оянуы» деп әсерлі және нақты бейнелеп берген болатын.


Еліміздің ырыс-несібесін арттырған мұнай бұрқағы атқылап, бүкіл елдің назары ауған Маңғыстаудың бір күнінен бір күні асып түсіп, ен даладан ертеңге деген ерен сенімнің ырғағы сезілетін. Ақындық қуаты мен шабыты қатар буырқанған Төлегеннің поэзия пырағының қанатында самғаған шағы айрықша сезімнің, көл-көсір қуаныштың құшағындағы Маңғыстаудың осы жаңаша жаңғырған тұсына сай келді. Маңғыстауға ақындық өнер жат емес. Нұрым, Қашаған, Абыл, Ақтан, Аралбай, Сәттіғұл, Түмендерге талбесік болған түбек Төлегенге құшағын кең ашты. «Аруана бауыр дүниеге»  әрдайым  ынтық,  бауырмал  күйінен  танбайтын,


«сағыныштың көшесімен көп жүретін» Төлеген киелі даланың құшағына еркін енді. Бірін-бірі жатсынбаған, жатырқамаған дала мен ақын осылай қауышты...


Төлеген Айбергеновтің Маңғыстау өлкесіне құмарлығын Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев ағамыз жас кезінен пайда болғандығын айтады. Бала қиялды қанаттандырған жыршылық дәстүр, халық ақындарының жырларын жатқа оқитын.


«Жазушылар одағының фойесіндегі шеттеу орындыққа жайғасып алып ол маған Қашағаннан жыр соғатын»,- дейді замандасы Әбіш Кекілбаев.


Маңғыстау аймағы – өңірлер арасында Төлеген Айбергеновтің қаламына көбірек ілінген тақырыптардың бірі. 1965 жылы көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовпен бірге Атырау, Маңғыстау өңірін аралап, бір ай бойы ел арасында аунап-қунап, жұмысшылармен, ел азаматтарымен жүздесті. Қазақ өнерінің қос қыраны қияндағы алыс ауылдардың шағын клубтарында әсері еш ұмытылмайтын әдемі кештерге ұйытқы болды. Шәмшінің табан астында тудырған әуенін зерек көңілмен іліп алған Төлеген ақ параққа маржан өлеңін төгілдіріп, сол күні ауыл сахнасында орындап берген кездерін сол сәттің көнекөз куәгерлері күні бүгінге дейін сүйсініспен айтады.


 


Бұл екеуінің Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ие болып, ел аралап, еңбекшілермен, халықпен кездесуге шыққан сапары екен. Осы жолы Атырауда болып, қазақтың ән сандығын «Ақ ерке – ақ Жайықтай» сүбелі туындымен толықтырған қос талант Маңғыстауда «Жаңарған Маңғыстауды» жарыққа әкелді. Алматыға елді риза етіп, өздерінің де жыр-қоржындарын майлап, көңілдері өсіп оралған болатын.


Маңғыстау халқы арасында Төлегенге деген ерекше құрмет, ыстық ілтифат қалыптасқан. Көршілес қарақалпақ жерінде туып- өскен қазақ баласының ата жұрт деп алқынып келіп, Алматыға табанын тіреп, Маңғыстауға маңдайын тигізуі, қазақ даласының үстінде талмай қанат қағып, бозторғайдай тынбай жырлауы – ел- жұртты шын риза еткен еді. Ал Төлегеннің ақындық қарымды қуаты, келісті шеберлігі, кең тынысты екпіні өз алдына бір әлем. Халық фольклорына қанық, шығыс поэзиясының шынарларына сусаған, Абай, Ілияс сынды өз елінің жыр-дарияларынан нәр алған Төлеген өз қолтаңбасымен бірден ерекшеленді. Ұйқас қуып ұсақталған жоқ, арзан сөзге алданған жоқ. Зеңгір көкке еркін құлаш ұрған қиялының биігінен жыр-нөсерін саулатты. Төлеген ақынның шексіз талантының аясында Маңғыстау келбеті шеберлікпен бедерленді. «Маңғыстау саздары» деген циклды өлеңдер топтамасы дүниеге келді. Мұнайлы өлкенің түлеген шағын сол қалпында бейнелейтін өлеңдердің әрбір жолын сөзбен салынған сурет десек, қателеспеспіз. Ақын Темірхан Медетбек «Төлеген Айбергенов әр жол, әр шумағынан тер иісі мен тіршілік тынысы аңқып тұрған


«Құмдағы мұнаралар» атты өлең кітабын алып келді. Біз осы кітап арқылы поэзиядағы бүгінгі Маңғыстауды ашқандай болдық» деп жазады. Расында, Төлеген шығармаларындағы Маңғыстау болмысының бейнеленуі – өткенге ғана емес, келер ұрпаққа түбек тарихын, ондағы еңбек тынысын танытар шежіре деуге болады.


«Көшелерінде бояулар шіркін мол қандай, Құдай да болсаң қарай алмайсың толғанбай. Жан-жағы толқын


Терезесінен теңізге


Секіріп кетсе болғандай!» деп «Шевченко-мұнай ордасы» өлеңінде ақын таңдана жырлаған қала Ақтау – бүгінде тәуелсіз еліміздегі ең жас және көрікті қалалардың бірі. Төлеген жырларындағы Маңғыстау – еңбек көрігін қыздырған өлке. Жетібай құрылысшыларына арнаған «Төстегі жаңғырықтар» өлеңі,


 


«Шевченко – мұнай ордасы», «Күйлер», «Жаңарған Маңғыстау»,


«Мұнаралар» өлеңдерінің барлығы да тынымсыз еңбекті арқау еткен. Ақынды ақыннан артық таныр, ақыннан артық бағалар кім бар? Сондықтан бұл жерде тағы да Темірхан ақынның сөзіне жүгінбекпіз. «Төлеген Айбергеновтің өлеңдерінің тағы бір маңдай тіреп сөйлейтін тұсы – оның «Маңғыстау саздары» дер ек. Әрине, өндірісті өлкені өлеңге көшіру оңай шаруа емес. Қалай көшірерсің? Қара темірден тебіреністі сезім табу кімнің қолынан келе қояр дейсің? Біраз уақыт мұнай барлау экспедициясында жұмысшы боп істеген мен оны жақсы түсінем. Үстінен мұнай сорғалаған арбиған- арбиған алып мұнараларды, жерге тұмсығын сұғып жіберіп қан сорып жатқан алып масалардай мұнай сорып жатқан качалкаларды, апанды үңгірлердей ұзыннан-ұзақ созылған құбырларды өлеңге көшіру, оны оқырманның игілігіне айналдырам деу – үлкен тәуекелге бел буумен бірдей. Осы тәуекелге Төлеген ақын оны тәуекел деп ойламай-ақ, аңқылдаған ақ жарқын қалпында жайраң қағып кіріп барды.


Кезім менің!


Жатырсың жырақты ашып,


Қызыл гүлді барады қыр ап қашып. Жиырмасыншы ғасыр жүр Маңғыстауда


Мұнаралар басынан шырақ тасып! – Маңқиған мұнараларға емес, Тәңір жаратқандай ғажап көрініске есің кете таңғалып қарайсың да қаласың. Төлегеннің бір кереметі – кез-келген нәрсені әрекетке кіргізіп, қозғалысқа түсіріп қоятыны. Бетонмен құйылып, мызғымастай етіп бекітіліп тасталған мұнараларыңыздың өзін аспанның астымен күн көтерткізіп қоятын ақын қиялының қанатына еріксіз сүйсінесің, тәнті боласың» дейді Темірхан ақын Төлеген ақын туралы тебіреніп. Төлегеннің ақындық қуатына, оның шығармашалығындағы Маңғыстау бейнесіне берілген шынайы баға


– осы! Төлеген Маңғыстауды беріле сүйді, сондықтан оның Маңғыстау туралы жырлары да отты қалпын жоғалтпақ емес. Өзі құлай ұнатқан даланы өзгелердің де шексіз сүюін көкседі, Маңғыстауды өзгелерге өлеңмен танытты, Маңғыстау туралы бар ынты-шынтымен құлай өлең жазған бірден-бір ақын Төлеген болар, кім білген?!


Төлеген Айбергенов мұраларына мұқият болу, оның баспа бетін көрмеген туындыларын жинақтау қажеттілігіне бір мысал келтірейін.  Кезіндегі  «Құмдағы  мұнаралар»  жыр  жинағына


 


кірмеген «Қимастық» өлеңі Төкең бақилық болғаннан кейін 36 жылдан соң 2003 жылы «Маңғыстау» газетінде жарияланған. Ал газет қиындысы Ақтау қаласында тұратын ақын ініміз Қалбай Әбдірамановтың жеке мұрағатынан шыққан.


Қаламы жүйрік журналист Құтмағанбет Қонысбай «Достық үні», «Нұрлы жол» газеттерінде де Төлеген Айбергеновтің жұртшылық көзінен таса қалған кейбір шығармаларының біраз жалдардан кейін жарияланғанын айтады.


Бұл жайлар Төлеген Айбергеновтің замандастары қолында түрлі жағдайлармен жарық көрмеген жырларын іздестіру, саралау, зерттеу қажеттілігін алға ұсынады.


Қасиетті далаға өздеріндей табынып, жырдан ескерткіш тұрғызған Төлеген ақынды маңғыстаулықтар ұмытқан емес. Жуырда мұнайлы Жаңаөзендегі Теңге кентінде Төлеген Айбергенов атына көше және көп халықтың жиналуымен ас берілуі осының нақты дәлелі. Мұнайлы ауданы, Ақтау қаласы мектептерінде Төлеген Айбергенов өлеңдерінен байқаулар өткізілді. Маңғыстаудың талантты ақыны Светқали Нұржан


Сыңсыған сағыныштың пернелерін, Тап басқан күйші-ғұмыр, зергер елім. Қайтадан тәңірі мені жаратса егер


Тағдырын Төлегеннің бер дер едім!-дейді. Қамал алар 30 жасында бақиға аттанған Төлегеннің тағдыры Светқалидай жас дарынды несімен ынтықтырды, несімен баурады? Ол өмірден де, тірліктен де жоғары тұрған Төлеген ақындығының құдіреті болатын...


Мына әңгіме есіме түсіп отыр. КСРО-ның халық ағарту наркомы болған А.В.Луначарский бір жиында былай деген екен. Егер кездейсоқ өрт болып кітапханалардағы А.С.Пушкиннің шығармалары өртеніп кетсе, мен оларды қайтадан өмірге әкелу жауапкершілігін мойныма алар едім, - депті. Яғни, бұл оның шығармаларын толық жатқа біледі деген сөз. Сол айтпақшы, Төлеген Айбергеновте өз шығармаларын толық жатқа білетін болса, замандас інілері де оның құнарлы өлеңдерін жиын-тойдың сәнін келтіріп, өз ойларына тиянақ ретінде сілтеме жасап, келтіріп отыратын.


Төлеген Айбергенов творчествосын өзінің ғылыми жұмысына арқау еткен жерлесіміз Рахмет Аяпбергенов «Алдаспан ақын» атты кітабын  жазған  болатын,  оның  шығармаларын  толық  дерлік


 


жадында сақтаған. Ақтаулық Сали Абдуллаев, Али Қойбағаров сияқты азаматтар ақынның жырларын жатқа оқып, тыңдаушыларын тәнті етеді.


Жасында жарқ етіп көзден ғайып болған Төлегеннің артында құс жолындай созылып өлеңдері қалды. Мәңгі жоғалмайтын, өзгені де адастармай алыс болашаққа бастап баратын жол.


Қазақ поэзиясындағы тұғыры биік тұлғалардың бірі, қазақ даласындағы аузымен құс тістеген айтулы шайырлардың заңды жалғасы Төлеген Айбергеновтің туылғанына 75 жыл толып отыр.


«Сен менің мәңгілікке өлмес атым, Атымды ап алыс жылға жалғасатын» деп әкелік мейіріммен жақұт жырларын арнаған перзенттері, қызы Салтанат әке рухы алдында қызмет етуден танған емес. «Айбергенов әлемі» журналын, Төлегеннің әндері жазылған ән жинағын жарыққа шығарып рухани істің басы-қасында жүрген Салтанат осы «Бір тойым бар» атты еске алу мерейтойлық шарамен сауапты қызметтің тізгінін қатар ұстапты. Демек, Төлегеннің перзентке артқан сенімі, олардан күткен үміті ақталды, арманы орындалды деп түйеміз. Жасын жыры мен саналы перзенттері, туған халқы Төлегеннің ғұмырын мәңгілікке биік күйінде, өр қалпында жалғайтыны анық. Ендеше, біз Төлеген тірі деп білеміз!


 





Пікір жазу