ТЕЛҚОҢЫР
Бағзыдан бері баба жұрты табан тіреп, ат байлаған туған жер, атакүлдігін жамандайтын жан жоқ. Ол заңды да, өйткені ит байласа тұрғысыз қу медиенге ел тұрар ма еді, жұрт қызығар ма еді?! Жалындаған жігіттер қыршынынан қиылып қорғап, жер үшін қыз қолды болар ма еді! Иә, әркім үшін өзінің туған жері барынша қымбат, одан асқан жұмақ, одан асқан жомарт мекен жоқ жер бетінде! Ал Маңғыстау өңірін атажұртым санайтындардың артығырақ қуанып, көбірек мерейленетін жөні бар, өйткені Маңғыстау тарихында ұрпағын ұялтатын бірде-бір келеңсіздік, кемдік жоқ. Өзінің сұр даласындай ішіне бүккен сырлы жұмбағы да, қатпарлы тауларындай шытырман тарихы да, адуынды теңізі сынды алапат мінезі де, табаны тигенді тарта жөнелетін тылсымдай қасиет-құпиясы да, жабыққанды жадыратар мейірімі де, жауыққанды жылатар тегеуріні де, күнелтісі күйзелгенді күйлендірер киесі де бар керемет дала. Енді осы табиғи ерекшелікке оны мекен еткен тұрғындардың болмыс-бітімі барынша үйлесіп түскенде не болды дейсіз ғой: Маңғыстаудың тұтас тұлғасы сомдалып шыға келеді! Осылайша өзіндік бедері қалыптасқан өңірдің ауыз толтырып айтарлық қолтаңбасының бірі
–мәнерлі өнерінде жатыр. Маңғыстаудың шежірелі тарихына ой бойлатқанда алдымен жолығарыңыз - әр дәуірдегі ел мен жер үшін толастамаған қиян-кескі ұрыстардағы қайтпас қайсарлық, арқырай аққан өзенді арнасынан кері ағызып, менменсіген талайды тәубәсіне түсірген әруақты аталар, кешегі қара жердің қойнынан ырыс ақтарған шақтар және қандай жағдайда да тіні үзіліп көрмеген әдемі өнер. Маңғыстаудың ұлан-ғайыр мәртебесін жинақтаңқырап айтқанда, осындай табанды төрт тірекке, сауырлы төрт салаға сүйенеміз.
Халық арасында «Адайдың жеті қайқысы» деп айшықталып,
«Маңғыстаудың бес жүйрігі» деп бедерленген өнерпаздар – думанды ортадан жырақ жатқан түбекке табиғаттың өзі дайындап берген сүбелі сыйы. Ал бастауын Сыпыра жыраудан алатын жыраулар поэзиясы - Маңғыстау ақындарының айтқыштық қабілет- қарымын, дүниетанымдық өрісін барынша дәлелдей танытқан, қазақтың кең арналы өнер дариясына батыстың қиыр түбінен барып қосылған екпінді өнер ағысы болды. «Толқыннан толқын туады,
толқынды толқын қуады» дегендей, әуезді әншілік, дәулескер күйшілік, адуынды жыршылық, қайыру бермеген шешен тілді ақындық біртіндеп өрістеп, жаңа есімдерді қалыптастырды. Аға буыннан тағылым алып, тәлім көрген жастар әз өнерді одан әрі арналандыра, еңселендіре, дауылдай дуылдата, нөсердей төгілте жалғастырып әкетті. Маңғыстауда Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Сәттіғұл, Сүгір, Ұзақбайлар тізгінін ұстаған жыраулық көштің көрнекті өкілдерінің бірі, олар өмір сүрген дәуір мен бүгінгі сөз өнерінің, поэзия мұнарасының арасындағы алтын көпір – Есенғали Бөкенбаев.
Жадырасын қарт пен Бибіш шешейдің Талшын, Үзіл, Ұлбөпе атты қыздарының арасындағы жалғыз ұлы Есенғалидың тағдыры ұлтымыздың басынан өткен ауыр жылдармен тұспа-тұс келді. «Бар қиындықты өзім көрейін, жалғызым аман болсын» деп тілеп, қашанда жел жағына пана болсам деген әке 1932 жылы Есенғали 11 жасқа келгенде өмірден өтті. Көп ұзамай осы әулеттің жүгін арқалаған азамат - әкесінің ағасы Отарбай да о дүниеге аттанды. Нағыз қысылтаяң қиын шақта бұғанасы қатып үлгермеген Есенғали тағдыр тауқыметімен бетпе-бет қалды – талапты жігітті сынағандай ма, сүріндіргісі келгендей ме, әлде ширата түсейін деді ме, әйтеуір қоян тобықтай тұрақсыз уақыт оны шегі жоқ бейнеттердің толқынына тұншықтыра берді, бұл қайсарлықпен құлаштай алға ұмтыла түсті...
1921 жылы Жетібай маңындағы Айрантақыр өңірінде дүние есігін ашқан Есенғали алғаш Қызық мектебінен сауат ашып, ғаріп таныды. Ел-жұрт оң мен солын бағамдай алмай, табанынан тозған алмағайып заманда ағайынмен бірге ауа көшкен Жадырасын отбасы да түрікмен жеріне барып қоныстанды. Бала Есенғалиға Красноводскідегі қазақ интернатында білім алудың сәті түседі. Кейіннен анасына отбасы ауыртпалығын көтерісіп, нәпақа табу мақсатында жастай жұмысқа жегілген оның маңдайына жазылған тағы бір аласапыран жақындап қалған еді – амалы таусылған анасы мен бауырларының көз жасын төгілте тұрып тілеген ақ тілегін арқалап жиырма бір жасар жігіт өзіндей көп боздақпен бірге қан майданға аттанды. Соғыс басталысымен Красноводскінің
«Жұмысшы» газетінде отандастарын жігерлендіруге, әйел-ана, бала-шағаны уайымнан тыс болуға үгіттеген өлеңдерін жариялап үлгерген талантты жігітке қаламын қаруға айырбастауға тура келеді. Оқ пен оттың арасында аласұрып, жанын шүберекке түйіп
жүріп, өте қиын және барынша маңызды тапсырмаларды орындайды. Азамат атына, ұлт атына кір келтірмейді. Суық жертөлелерде қаруын асына отырып, қауырсын қаламымен жас жүрегінің жалынын, жауға деген ыза-кегін жырмен өрнектеп,
«Алға, жауға қарсы!», «Дабыл», «Жеңіс туы», «Майдан ақиқаты» газеттеріне ұсынады. «Жоямыз жауды!», «Армиядан елге хат»,
«Ұлы жорық», «Алға, достар, Берлинге!», «Шығыс Пруссияға жүрерде» сынды өршіл мінезбен, алдағы күнге деген зор сеніммен, ерлік рухпен суарылған өлеңдердің өмір мен өлім арасында жанұшырған талай ерлердің намысын жанып, үмітін ұштағаны анық. 1942 жылы көктемде 26-шы мотоатқыштар бригадасы сапында Солтүстік Батыс бағыттағы Калинин майданында соғысқа кіріскен Есенғали Кенигсберг, Великие Луки, Смоленск, Старгорд, Гданск жерлерінде болып, Белоруссия, Германия, Польша сынды Еуропаның бірқатар елдерін басып өтеді. «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» дегендей майданда үш рет жараланған қазақтың қайсар ұлы әскери госпитальдарда емделген соң ұрысқа қайта араласып кете беріпті. Тірі оралуы белгісіз күрделі жауынгерлік тапсырмаларды абыройлы орындап, ортасына аман-сау оралатын, сөйтіп кеңес әскерлерінің жау тылын талқандауына айтулы үлес қосқан жауынгер Есенғали Бөкенбаев екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен, Жоғарғы Бас Қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталады.
Соғысқа 1942 жылдан бастап соңына дейін қатысып, жеңісті Берлинге таяу маңнан қарсы алған, соғыстан соңғы өмірін бейбіт еңбекке, халықшаруашылығын өркендетуге арнаған Есақаң бойына туа бітті табиғат сыйлаған әз өнерін ұмытқан жоқ, ұмытпақ түгілі одан жырақтап, бойын бір сәт те болса аулақ ұстаған мезгілі болған жоқ. Өмірі өлеңмен бірге өріліп, бірге қайнады. Жас болды, жігіт болды, жауынгер болды, аға болды, ардагер атанды, ақсақал болды
- өлеңі жасынан қасынан бір елі қалмаған жан жолдасы, жан сырласы болды.
Есақаңның шығармалары өмір сатыларына қарай түрлі кезеңнің тынысын танытып, сырын шертеді.
Соғыс жылдарында жігерлі өлеңдер жазған ақын, одан кейін соғыста ерлік көрсеткен ерлерге, туған жерге, ел ардақтыларына өлең арнап, олардың азаматтық тұлғасын өлеңмен сомдайды, өз өмірін қаламымен жайып салып, еңбексүйгіштік, адалдық, адамдық қасиеттерді, ислам дінін ұстанатын мүміндердің міндеттері,
Хақтың алдындағы адалдық, о дүниенің сынағы үшін қазірден бастап дайындалу, яғни ар жолынан аттамау мәселелері жан-жақты сөз болып, оқырманға әсем тілмен, әсерлі оймен жеткізіледі.
Жоғарыда айтылған өзі ерекше қастер тұтқан Сәттіғұл, Қашаған, Нұрым, Мұрын, өзге де маңғыстаулық шайырларды, түрікменнің Мақтымғұлы мен қазақтың Жамбыл, Абайын, Науай, Рудаки, Омар Хаям шығармалары мен Әріп Тәңірбергенов, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев туындыларын шендестіре оқып, олардағы өзіндік түр мен үлгіні тану және оны өз өлең жолдарында түрленте қолдану арқылы өлеңнің ауыз әдебиеттік үлгісін жазбаша дамытуға зор еңбек сіңірді.
Қазақта қос ананы тел емген төлді немесе екі үйге ортақ баланы «телқоңыр» деп еркелете атайтын үрдіс бар. Қазақтың сүлейлерін жастана оқыған Есенғали бауырлас елдер арасындағы телқоңырдай түрікмен мен қарақалпақ ақындарын да жатсынған жоқ. Бірақ, ақынның туған жері – Маңғыстауға деген махаббатына ештеңе шек қоя алмады:
Өрлетіп алып-ұшып жігерімді, Барады шаттық кернеп жүрегімді. Өзіңнен түлеп ұшқан перзентіңмін
Табамын туған жерден тірегімді,-деп ағынан жарыла, арнасынан ақтарыла толғады. 1949 жылы Маңғыстауына келгенде
«Ауылдың үдей көшкен жер» деп тебірене сырын айтып, сағынышын жеткізді, «Туған елге сәлем!» деп алыстан аңқылдай үн қатты.
Өмірден көрген-білгені, түйгені көп ақын өлеңін тәрбие құралы ретінде пайдаланып, замандастарына, жастарға, келіндерге, келешек ұрпаққа ақыл-өсиет айтып, өнеге көрсетуді басты мұраты етті. Жақсы мен жаманды айыра білетін аға ақын жастарға, жалпы оқырмандарына
Жаманды «жақсысың» деп мақтау болмас, Жазықсыз жақсыларды даттау болмас.
Сұм-сұрқия, әзәзіл залымдарды Өлсе де «күнәсіз» деп ақтау болмас.
...Зердесізге үйретсең, ақыл қонбас, Қарға қонған боқтыққа қыран қонбас. Түбінде бір бәлеге жолықтырар
Жаманға сырыңды айтып, болсаң жолдас,-деп, немесе Тәлімсіз, тәрбиесіз, сезімсіз,
Желөкпе, ұшып-қонған қызың жаман. Кержалқау, тиянақсыз, төзімсіз, Жатыпішер, жанаяр ұлың жаман.
Кек тұтып, болмашыны ілік қылып, Күні өткен кіжінумен жұбай жаман. Күндейтін, ымырасыз бүлік қылып
Өзара сыйласпаған сыбай жаман,-деп өзі санамалап көрсеткен әлсіздіктерден аулақ болуға шақырып, сақтандыра жол сілтейді.
Өлеңдерінен өз өмірі, өмірден алған сабағының сырлары жұпардай аңқып тұратын Есақаңның төрттаған формасында жазылған бірқатар өлеңдері
«Елің үшін еңбек ет, Ел сыйласын десеңіз.
Жер сыбанып, терің төк,
Жер сыйласын десеңіз»,-деп мәтелге,
«Жақсы жары барлардың – жаны жайлы, Жаман жары барлардың – басы қайғы» немесе
«Еңбексіз семірген елеусіз болады,
Қатықсыз ас кенеусіз болады», дегендей тәрбиелік нақылдарға айналып кетсе, термелері мен толғаулары жыршы-орындаушылар шабыттана жырлайтын Маңғыстау мақамындағы жыр-дарияның бағалы және ажырамас бөлшегіне айналды.
Соғыс жылдарын айтпағанда, Есенғали Бөкенбаевтың өлеңдері өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері баспасөз беттерінде тұрақты жариялана бастаған. Ол майданнан аман-сау оралып, бейбіт еңбекке араласқан азаматтың нағыз дер шағы еді. 1977 жылы
«Шұғыла» жыр жинағына топтама өлеңдері енсе, өзі туралы дерек- мәліметтер «Қазақ совет энциклопедиясына» және «Маңғыстау» энциклопедиясына енді.
Есенғали Жадырасынұлы Бөкенбаевтың шығармалары туралы айтқанда кім-кімде соқпай кете алмайтын, тасада қалуы еш мүмкін емес шырайлы шығармасы бар. Ол – «Тоғыз қайық» дастаны. Тіпті, Есақаң туралы сөз қозғала қалса жұрттың бірден «Тоғыз қайықты» тілге тиек ететіні бар. Бұл –ең шоқтықты шығармасымен халық есінде өз есімі емес, шығармасының атауы сақталатын шебер авторларға тән құбылыс, яғни шығарма авторға, автор шығармаға айналып кетеді. Сондықтан мұны оқырманның авторға деген құрметі десек те болар.
«Тоғыз қайық» - 1948 жылдың күзінде соғыстан соңғы ашқұрсақ жылдары елдің нәпақасын айыру мақсатында Каспийдің тереңінен балық аулап жүріп теңіз дауылына тап болып опат болған 63 азаматқа соғылған жыр-күмбез. Елді есеңгіретіп, ет жақын туысты егілтіп кеткен қасіретке азамат ақын Есенғали өлеңмен қайғырып, азалы отбасыларға өлеңмен көңіл айтып, жұбатады. Халық қашанда өнерпазын, ақынын ардақ тұтып, оны жас та болса бас көріп, аузынан шыққан сөзге ұйып, тоқтай білген ғой, сол жылдары небары 27 жастағы Есенғалидың аталмыш дастаны әрі жоқтаудың, әрі жұбатудың жүгін арқалап, әрі ескерткіштей қастерленді, әрі сабырдай салмақтандырды. Расында, дастан - елімен қашанда жан-жүрегі, қайғы-мұңы бір Есенғалидың халықты жұбата тұрып іштей егіліп, қабырғасы сөгіле езілгендігінің айғағы, лықсыған өлең жолдары боп көкіректен буырқана, ширатыла шыққан жан арпалысының, ішкі өксіктің үні. Қазақта «қасіреттен ғана қасиетті жыр туады» деген тәмсіл бар,
«Тоғыз қайық» Есенғали Бөкенбаевтың ақындық қарымын, тілінің шұрайы мен өлеңдерінің көркемдік қуатын дәлелдеп берді. Дастанды оқығанда дүлей дауылдың суреті, азаматтардың алғашқы кездегі үрейге бой алдырмаған, үмітін бірден үзе салмаған сабырлы шағы, қорғану, тірі қалу амалдарына жұмыла кірісуі – барлығы шынайы, әсерлі бейнеленеді.
Кәрі Каспий долданып, Сұрапыл сүргін үрілді. Көк толқындар жонданып, Құбыладан бұлт шықты.
Қабағын түйіп торланып. Теңіздің беті түнерді, Тұманданып сомданып.
Судың беті көпірді Тұңғиық терең орланып. Көбігі көкке шарпыды Қарт бурадай қомданып.
... Ала сүрең басталып, Теңіздің бетін сапырды. Бұйраланған көк толқын, Жармаланып жапырды.
Ішін тартпай ышқынып, Барған сайын күш қылып, Туғызды заман ақырды.
Осы жолдардан сол бір арпалыстың аянышты, қорқынышты сәтін көз алдыңа айна-қатесіз елестете алу мүмкіндігіне ие боласың. Сөзбен салынған жанды сурет...
Кейіннен атажұртына біржола оралып, түтінін туған жерде түтеткен Есенғали шайыр өле-өлгенінше өлеңге сақтықпен қарап, әрбір сөзді орнымен жұмсауға, сүрінбеуге тырысты. Өлеңді өмірінің мәні мен сәні деп білген ол Аллаға өлеңмен мінәжат етті, өзгелерді де ақ жолдан адаспауға үгіттеді.
Өзі қатты қадірлеп, пір тұтқан Сәттіғұл ағасы
«Әуелден де үмітті ем, Соңымнан ақын туар деп. Бір құдірет құдадан.
Батамды бердім өзіңе Болған соң сөзің сүйкімді,
Астана елге ұнаған» деп сүйсіне бата берген Есенғали ақын кейін өзі де ағалардың жолымен
«Сұғанақ қолдан сақтағай, Қайырсыз жолдан сақтағай, Ата жолын өзінің Ұмытқаннан сақтағай!
Дүниенің құлы боп, Құныққаннан сақтағай! Абыройдан айрылып Былыққаннан сақтағай!
...Көз алартқан дұшпанның, Ойлағаны болмағай!
Жеткіншектер жетісіп,
Жапырақтары солмағай!» деп ел амандығы, ұлт мерейі, ұрпақ бірлігі үшін тілек тілеп, батасын бағыттады. Сәтекеңнің батасының қуаты болар, арқалы ақын боп танылып, елі сыйлаған, кіші ағалап, ұрпақ аталаған ақсақалдық біиігінде, ойы жаңылмаған, қаламы сүрінбеген қалпында 2001 жылы 80 жасында өмірден өтті.
1991 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасынан Дәрібай Нұрсұлтановтың, Есберген Іңірбайұлының құрастыруымен Есенғали Бөкенбаевтың жыр, толғаулары «Тоғыз қайық» атауымен, он жылдан соң «Информ-А» баспасынан Қабиболла Сыдиықовпен
Асылбек Айдаровтың алғысөзімен «Мен – Есенғали шайырың» жинағы жарық көрді. Демек, Есенғали шайырдың ұрпаққа ұлағат берер шығармалары елімен тәуелсіздікпен бірге қауышты, енді ғасырлар асқарына мәңгі бірге аттай бермек. Мен Есенғали ақынды өзім алғаш көрген өткен ғасырдың 60 жылдарындағы кейпінде ойымда сақтадым. Ақ жарқын, асыл азамат ешкімді жатсынбайтын, жайылған ақ дастархан төрінде жыр оқып тұрарды. «Мен мұңал деген арыспын,
азуым алтын қарыспын»,
я да, өзге ұлт өкілдері келсе
« я из муналских племен,
зубы крепче кремен» деп төгерді. Есенғали ақын халқының қошамет-құрметінен, ыстық ықыласынан кенде болмаған жан. Оның 70 жылдық, 75 жылдық, 80 жылдың тойлары түрікмен жерінде, Маңғыстау аумағында кеңінен аталып өтті.
Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі Жалғас Бисалыұлы бастаған ел азаматтары осындай игілікті шаруалардың басында жүрді.
2011 жыл – қазақ халқы үшін құтты, орасан маңызға қадірлі жыл болды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық қасиетті мерекесімен орайлас Есақаң қартымыздың 90 жылдық мерейлі жасы келіп жетті.
«Жақсының өзі өлсе де сөзі өлмейді» деген рас екен, Есенғали Жадырасынұлы Бөкенбавты қалың елі, ұрпақтары мен оқырмандары сағынышпен еске алып, рухына Құран бағыштады. Өмірдің барлық қалтарысын, кең жазирасын бірге өткізген жанжары, алтын қосағы. Есенғали ақынның 90 жылдық тойы өткеннен соң бақилық сапарға аттанып, Бердібек әулиедегі өз 8 үйіріне қосылды.
Өмір дауылында күйремей, керісінше қарыса жүріп межелі биігіне табан тіреген кемедей асқар ағаның рухына мен осы бір шағын мақаламды арнауды жөн көрдім.