08.08.2022
  207


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Маңғыстау жерінің тұтастығы және Нәзір Төреқұлов

 


Маңғыстау жері өткен ғасырларда өзінің географиялық орналасу қолайлылығы мен жерасты байлығының молдығымен талайлы тарихтың алаңына айналды. Бағзы тарихында «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер» делінетін Маңғыстау қашанда жатжұрттықтардың көкейін тескен көзқұртына айналып келді.


Алдымен патша өкіметінің айтқанға көнбеген, айдауға жүрмеген тентектерді елден жырақтап, оқшау қалдыру арқылы азаптайтын меңіреу нүктесі ретінде таңдалған Маңғыстауға кейіннен қорғаныс мақсатында бекіністер салынып, жерасты қазба байлығын зерттеу үшін экспедициялар жіберілді. Патша өкіметінің шектен шыққан оспадарлығы мен өктемдігі киелі Маңғыстауды атажұрты санайтын жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды. Қажетті жерінде жер-су атауларын таныстырып, картаға түсіруіне жалдамалы түрде қызмет еткен қазақтар патшалық өкіметтің саяси ниет-пейіліне қарсы оқтын-оқтын бас көтеріп, дала ұлдарының тарпаң мінезін танытып қойып жүрді. Бұл баскөтерулер 19 ғасырда Маңғыстаудағы әйгілі Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы бастаған көтеріліске ұласқаны баршаға мәлім. Патша өкіметінің қарулы отрядын талқан қылып, оңайлықпен берілмеген дала батырларының ерлігі патша өкіметін басқаша қимылдап, өзгеше шешім шығаруға мәжбүр етті. Бұған дейінгі тарихында әр аймаққа телінген Маңғыстау патша өкіметін біраз алаңдаушылыққа салған 1870 жылғы Иса-Досан көтерілісінен соң Орынбор облысынан бөлініп алынып, Дағыстандағы әскери үкіметке, патша ағзамның туысы Романовтың қарауына берілді. Кейінірек Закавказьяға, одан орталығы Ашхабад қаласы болып саналатын Закаспий облысына телінді. Маңғыстаудың талайлы тарихындағы ауыр жылдардың бірі осы болды. Сыртқы күштердің әсерімен туған ел – қалың қазақ ортасынан ажырап, жатқа бағынды. Арнасынан ауытқыған адасқақ ғұмыр жарты ғасырға, яғни елу жылға тарта уақытқа созылды. Киелі де қазыналы Маңғыстаудың қазақ картасынан бөлініп алынып, өзге елдерге қосылуы талай елім деген ердің жан жарасына айналғаны сөзсіз.


Қазақ тарихынан белгілі халқымыздың арасынан бас көтерген жалынды, білімді, намысты, көзі ашық арыстай азаматтарын баудай түсіріп отап жатырған алмағайып заманда Маңғыстауды арашалап қалудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Бірақ, халқымыздың арлы


 


азаматтары өз тағдырлары қыл үстінде тұрса да «баспақ түгіл бас қайғы» деп бұқпантайлаған жоқ, ақтық демі қалғанша әділет үшін, ел-жер бүтіндігі үшін айқасып өтті. Өз елін, жерін сүйген халықшылдығы,  отаншылдығы  үшін  кінәлі  атанып,  жазықсыз


«Халық жауы» деген желеумен қынадай қырылған аға буынның жанкештілігі мен қайраткерлігін, күрескерлігі мен туған елге деген шексіз сүйіспеншілігін қазақ тарихы, қазақ ұрпақтары мәңгі қастер тұтып, құрметпен атайтын болады. Тәуелсіздік алған елімізде бүгінде Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанбек Қожанов, Халел және Жаһанша Досмұхаммедовтер, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Мұхаметжан Тынышпаев, Нәзір Төреқұлов секілді жүздеген азаматтардың есімдері зор ықыласпен аталады. Тәуелсіздік заманының жаңа буыны халық үшін шейіт кеткен бабалардың рухын мәңгі биік ұстайтыны анық. Бұл аталған арыстардың қай-қайсысы да ұлт үшін ұмытылмастай ұстынды істерімен танылды десек, солардың бірі – Нәзір Төреқұлов. Күллі қазақ үшін киелі Түркістан топырағында туылған Нәзір өзінің білімділігімен, біліктілігімен небары 45 жасына дейін-ақ көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым дәрежесіне дейін көтерілді.


Тарихтың ақтаңдақ беттерін аударып отырсақ, Нәзір 26 жасында редактор, 27 жасында ревком төрағасы, комиссар, 30 жасында бүкіл Кеңес Одағы бойынша орталық баспа төрағасы, Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жауапты хатшысы, Түркістан Атқару Комитетінің төрағасы болып қысқа өмірін ірі қадамдармен аттап өтеді. Осы қарқынмен келіп, 36 жасында КСРО-ның күрделі, жұмбағын ішіне бүккен Сауд Арабиясы Корольдігіндегі төтенше елші және өкілетті министр болады. Ислам дінін берік тұтынуымен Кеңес Одағына мүлдем қарама-қарсы ұстанымдағы Сауд Арабиясы Корольдігінде елші болудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Мүлде екі сенім, екі көзқарас, саяси және қоғамдық-әлеуметтік тұрғыда екі бағыттағы елдердің арасына дәнекер болуға саяси сұңғылалық, бесаспап білімділік, сырбаз іскерлік қажет болатын. Қазақтың алымды азаматы осы қиындықтарды еңсеріп, тіпті өзін шебер елші ретінде мойындатты. Өзіне жүктелген міндеттерді сарабдалдықпен жүзеге асырып, Кеңес Одағының беделін өсірді, екі елдің арасында жақсы


 


қарым-қатынастың алтын көпіріне айналды. Жер жаһанға аты мәшһүр айбынды Кеңес Одағының атынан елші болудың міндеті де қат-қабат. Нәзір Кеңес Одағының сауда-экономикалық, саяси мүдделерін табанды қорғап, екі елдің ымыралы қатынасы үшін қажетті ақпараттарды шұғыл ыңғайластыра орындау арқылы түрлі кездесу, келіссөздерді жетік жүзеге асырып отырды. Англияның Араб Федерациясын құру мақсатында Недж қаласында шекара жағалай бекіністер салып, осы төңіректе сауда жасау құқын иеленуге тырысқан Британ үкіметінің өктемдігіне Н.Төреқұловтың ханзада Фейсалмен Сауд Арабиясы мен Кеңес Одағы арасында бензин, керосин, ағаш, ұн, мата, қант, күкірт тәрізді тауарлар алмасу секілді маңызды құжатқа қол қоюы тежеу болды. Іскерлігімен, адалдығы, білімділігі Нәзірді Сауд Арабиясы Королдігінің беделді тұлғаларының алдында абыройға бөледі. Король Әбдел Әзиз Әл-Сауд бастаған Арабияның ірі саяси қайраткерлері, ықпалды байлары мен ғалымдары, сондай-ақ Кеңес Одағының іс басындағылар Нәзір Төреқұловтың дипломатиялық іскерлігін жоғары бағалады. Сегіз жыл мәмілегер, білікті елші болған Нәзір өзімен әріптес елшілерден өре мен өнеге жағынан биік тұрып, екі жыл дуайен болды.


Сауд Арабиясында елші болуы Нәзірдің талантын жан-жақты аша түсті, қажылыққа да барды, тіл үйренді, халық алдындағы азаматтық тұлғасы да еңселене, сомдала түсті. Мұның сыртында елде жүргенде атқарған жаңа түрік әліпбиін енгізуге атсалысуы,


«Еркін дала» атты жасырын ұйым құруы, Құрбан айт күндерін мерекелік демалыс күндері деп жариялауы, Владимир Ильич Лениннің қабылдауында болып, автономиялы елдердің ана тілдеріне мемлекеттік тіл мәртебесін беру туралы ұсыныс көтеруі, ғылым саласында «Жат сөздер», «Ұлт мәселесі және мектеп»,


«Қазақ-қырғыз үшін жаңа әліпби» еңбектерінде, көптеген мақалаларында емле, әліпби, терминология жүйесін ғылыми негізде талдауы, әдеби шығармаларға пікір білдіруі, ғылыми нақты дерек-дәйектермен суарылған ислам діні, Түркістан тарихы, жәдитшілдік туралы мақалаларының жарық көруі, Орталық Баспа басқармасының төрағасы болған жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қандастары Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевты, қандас әрі рухани ағасы Әлихан Бөкейхановты қамқорлап, көмек қолын созды. Біріне үмітті іні, біріне арқалы аға, замандас   ретінде   танылды.   Әңгімелі   болып   үлгерген


 


Ә.Бөкейхановты баспаға қызметке алды, М.Жұмабаевты «Ақ жол» газетіне жұмысқа орналастырды, кейіннен Мәскеудегі Жоғары әдебиет және өнер институтына түсуіне көмектесті. Олардың шығармаларының алғаш «Темірқазық» баспасында, кейін жинақ боп шығуына қолдау көрсетті. Ол – коммунист, батыс пен шығыстың мәдениетін бойына сіңірген көрнекті қайраткер, бірақ қайда жүрсе де діні мен діліне берік мұсылман болды. Бұл жағдай оны өмірінде біраз тығырыққа тіреді. Ислам дінінің болашағы үшін алаңдап, қазақ халқының иманнан қол үзіп қалуынан қорықты. Шамасының келгенінше дінге қорған болуға тырысты. Бұл жолы ол тағы да маңызды декретке қол қойып, мұсылмандарға ыңғайлы болуы үшін демалысты жексенбіден жұмаға ауыстырды, Құрбан айт күндерін мереке деп жариялады. «Дәруіш» деген атпен баспа беттерінде ислам дінін жақтап жазған мақалалары жарық көрді.


«Ислам мен коммунизм пәлсапасын әмбеге ұғындырмақта бір ғана өлшем болса керек. Ол – имандылық, имандылық һәм имандылық! Мәскеуде тақуа боп күн кешірмектің жолын таппай өзім де қапалымын. Ахуалым әуелгідей емес, мұның себебін терең қиялға шомып дөп тапқандаймын. Сол сәтте бір келеңсіз көрініс көзіме іліне кеткені. Ол немене десеңіз? Ол – иманнан жұрдай бола бастағанымыз» деп күйіне қапаланады ол. Мұндай ірі іс, кесек сөздер Нәзірдің биік болмысын қалыптастырумен бірге, Кеңес Одағы билігінің үрейін, қызғанышын туғызды. Нәзірдің мұсылман елінде зор құрметке бөленуі, қажылыққа баруы, қазақ тағдыры сынға түскен сәттерде ұлтын сүйген жүрекпен батыл үн қатуы кеңесшілдердің көзқарасымен ішінара кереғар шарпысып қалып жатқан тұстар болды. Осы көзқарас, осы көреалмаушылық 1937 жылы Нәзірдей біртуар азаматтың түбіне жетті, яғни осы жылы қараша айының 3-де ұлы азаматқа кесілген жаза – ату жазасы жүзеге асырылды. Сауд Арабиясынан «ең әділетті, адал адамды атқаны үшін бұл мемлекетпен қатынасты үземіз» деген хат келген. Сөйтіп, 39 жыл бойы екі ел арасында дипломатиялық байланыс үзілген. Нәзірге ерекше құрмет-ықыластың дәлеліндей Сауд Арабиясында оның атына алаң, көше берілді.


Нәзірге қанды жазаны жүзеге асырған жер әр халықтың бас көтерер ерлерін баудай отап, қынадай қырған қаралы жер сол кезеңнің өзінде тұрғындар арасында «Бутовский полигон» деп аталған. Мұның себебі - түнде құпия әкелінген тұтқындарды таң атқанға  дейін  атқан  мылтық  даусы  үзілмейтіндігіне  қатысты.


 


Түрмеде тұтқындарды қинап-азаптаудың жантүршігерлік 52 тәсілі қолданылған. Осынша азаптардан соң әбден қалжыраған, соңында өмірін оқ қиған арыстардың жансыз денесін орманды алқаптағы Коммунарка зиратына жерлеген. Жерлеген деген сөзде келіңкіремейді. Әйтеуір бетін жасырған. Бұл зиратта 11 мемлекеттен әкелінген 60 ұлттың өкілі жатыр десек, мұнда біздің Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов сынды бауырларымыз бар. Мәскеуге арнайы шақыртылып атылып, Коммунарка зиратына жерленген монғолиялық 35 министр мен олардың орынбасарларына Моңғолия ескерткіш қойып, үлкен сауапты іс жасады. Бұл өз билігі өзіндегі, тәуелсіз Қазақстан азаматтарына үлгі боларлық іс. Бірақ, бұл тұрғыда біздің жағдай- мүмкіндігіміз жеткенмен, құнтымыздың жетпей жатырғандығын жасыруға болмайды.


Нәзірдің қазақ мемлекеті, қазақ халқы үшін жасаған сан алуан ғибратты істерінің ішінде Маңғыстау облысы, осы киелі түбектің тұрғындары қашанда құрметпен еске алып жүретін ерлікке тең үлкен ісі бар. Ол жоғарыда айтылғандай елу жылдай арнасынан адасып, әркімге бір телінген Маңғыстауды біржолата қазақ картасына қосып, қазақ шекарасына енгізуге ықпал етуі.


1920 жылы 16 қазанда Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитеті Кеңесі төрағасы болып тұрған кезінде Нәзір Төреқұлов №341 декретке қол қояды. Маңғышлақ уезін және Красноводск уезінің №№4-5 Адай болыстарын этнографиялық құрамына және шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасына беру туралы Нәзір қол қойған бұл құжат сыртқы күштердің әсерімен атажұрттан, ағайыннан бөлініп, басқалардың қарамағында жүрген Маңғыстауды, ондағы халықты қазақ еліне, қазақ жеріне қосқан ең сәтті, бақытты, жұлдызды және Маңғыстау тағдырын шешкен тарихи маңызды құжат болды. Талай ел атажұртпен қауышты, талай ердің көкірегіндегі шер-шемені жадыраған қуанышқа ұласты. Сол кезеңде Нәзір Төреқұлов, Жалау Мыңбаев бастаған ел жанашырлары өз бастарын қатерге тіге отырып, аталмыш құжатқа қол қойып, іске асырмағанда Маңғыстау мәңгі жат елдің меншігінде кетер ме еді, кім білген?! Одан беріде жерінің асты табиғи қазынаға, үсті мәдени мұра мен табиғаттың тамаша туындыларына толы Маңғыстау даласының басына қара бұлт бірнеше рет үйірілді. Оны Қазақстаннан бөліп алып, Түрікмен ССР-


 


ына қосу туралы бастамалар болмай қалған жоқ. Бірақ, киелі жер төсіндегі әруақты бабалардың, ел үшін оққа ұшқан Нәзірдей ағалардың рухы, тәуелсіздік таңында желкілдей өскен бүгінгі және болашақ буынның бақыты болар, Маңғыстау атажұрттан ажыраған жоқ, қалың қазақ Маңғыстаудай киелі өлкеден көз жазып, қол үзіп қалған жоқ. Бүгінде мұнайы мол Маңғыстау алдына зор мақсаттар қойып, әлем жұртына өзін танытқан тәуелсіз Қазақстанның іргелі өңірлерінің бірі. Индустриялық-инновациялық дамудың алып алаңына, алыстан аңсап келген ағайынның құтты қонысына айналды. Әуе жолы, темір жол, су жолы және құбырлар жолы үстінен шартарапқа тараған тоғыз жолдың торабы ретінде ел экономикасының күретамырына айналып тұр. Шаңырағы шаттыққа толып, төрінен берекесі тарқамаған тұтастықтың бастауында ақ найзаның ұшымен, білектің күшімен Маңғыстауды мәңгі жерсінген бабаларымыздың қайраты, кешегі қабылан жүректі ағаларымыздың ерлігі, ел тізгінін қолына алған бүгінгі буынның білім-білігі тұр. Тәуелсіз де кең байтақ Қазақстанның оңтүстік-батыс бетінде орналасқан, жер көлемі жағынан республикада 7-орын алатын Маңғыстаудың болашағы мемлекетімізбен бірге дамып, бірге жетіле беретіндігіне сөз жоқ. Қазақта ел мен жер тағдыры талқыға түскен сәтте сурылып алға шығып, қайраттана қарсы тұрған, жалындай күрескен азаматтар жоқ емес. Олар қазақ тарихындағы мәңгі өшпейтін, әр жылдардағы ұрпақ аса құрметпен еске алып, мерейлене атар тұлғалар. Халқымыздың тағы бір айтулы ұлы Смағұл Сәдуақасов Семей облысы мен Қазақстанның солтүстік облыстарының тағдыры жіпке ілініп тұрған сәтте «14 хатын» ұйымдастырып, мәселенің өткір қойылуы нәтижесінде ел тұтастығын сақтап қалған болса, беріректе оңтүстік өңірден Өзбекстанға жер беру әңгімесі көтерілгенде Жұмабек Тәшенов өршелене қарсы тұрған еді.


Маңғыстау өлкесі тұрғындарының қай кездегі буыны да Нәзір секілді қазақтың ұлтарақтай жерін қызғыштай қорып, жұртының жел жағына ық бола алған атпал азаматтарын шексіз ризашылықпен, асқан алғыспен еске алатын болады. Нәзір туралы сөз қозғағанда, оның замандасы, жалындаған жастығын ел бірлігі мен бүтіндігіне, қазақтың жоғын жоқтап, жоғалтқанын түгендеуге арнаған жерлесіміз Жалау Мыңбаев еске түседі. Бұл мәселе Жалау Мыңбаев КазАКСР ОАК төрағасы болған кезде жалғасты, Жалаудың өзі бас болып шекараны анықтауға жұмылып, әбден


 


шегіне жетіп тұрған мәселе болатын. Нәзірдің жақсы ісін жайсаң Жалау кеп жалғастырды. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы болған жылдары оның Қазақстан мен Өзбекстан, Қазақстан мен Түрікменстан шекарасын бөліп-белгілеуде атына мініп, шекара бөлінісінде өзі жүргені, шұрайлы, көрікті жерлерді қазақ еншісіне қарай ығыстырып, алып бергені сол кезеңдегі қазақ азаматтарының асқан отансүйгіштігін, ұлтжандылығын айғақтай түседі. Біз, яғни жазықсыз жапа шеккен ағалардың арманы болған азат күннің ұрпақтары, есіл ерлерді лайықтап бағалауға тиіспіз. Ақтау қаласынан Жалау Мыңбаевқа ескерткіш тұрғызылуын азамат рухының халқымен қайта қауышуы десек, бүгін Нәзір Төреқұлов рухымен жамырай табыстық деуге болады. Бүгінде осы бабалардың ерен еңбегі орынды бағаланып, тәуелсіздік жағдайында шекарасын бекемдеп алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ерекше.


Қазақ халқын айдай әлемге паш етіп, әлемдік тұрғыда іскер елші атанған, Маңғыстау тарихында алтын әріппен жазуға тұрарлық ерен еңбегі бар Нәзір Төреқұловтың 120 жылдық мерейтойына маңғыстаулықтар ықыласпен атсалысып отыр.Оның бір дәлелі бүгінгі ғылыми-теориялық конференция десек, облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, елші, қажы, репрессия құрбаны Нәзір Төреқұловқа арнап арнайы стенділер жасақталды, тәуелсіздік алған елімізде алғаш ашылған аудан – Мұнайлыда көше атын беру, облысымыздың аудан, қалаларындағы оқу орындарында, мәдениет мекемелерінде мәдени-танымдық шаралар өткізулермен жалғасын таппақ. Кезінде Тайыр Мансұровтың, Темірбек Қожакеевтің, Бейбіт Қойшыбаевтың, Жолтай Әлмашұлының, Нұрмұхан Оразбектің т.б. бастамашылдығымен қолға алынып, іргетасы қаланған нәзіртану ғылымы бізді біраз жаңалықтарға қанықтырды. Бүгінде Алаш қайраткерлері, өткен ғасыр басындағы Нәзір Төреқұлов сияқты қазақ зиялылары туралы қайта-қайта айтудағы мақсатымыз – олардың күрес мысалында елдік, ұлттық, мемлекетшілдік ұстанымды қоғамға жеткізу, ең алдымен жастардың тарихи санасын қалыптастрыу, соған сәйкес тәрбие жұмыстарын жүргізу. Сауд Арабиясында «Нәзір Төреқұлов – Совет Одағының Сауд Арабиясы Әмірлігіндегі 1-ші Өкілетті Елшісі» атты кітаптың жарық көруін қазақ ұлын шетелдік саяси сахна мойындағаны деп білеміз.  Өзгелер ұлықтаған арысты өзіміз қалай құрметтесек те


 


артық емес. Демек, ұрпаққа Нәзірді таныту, оны лайықты ұлықтау ісі кең көлемде өз жалғасын таба беретініне сенемін.





Пікір жазу