Сарымерген би
Сарымерген Қосжанұлы 1877 жылы Сенек маңында дүниеге келген. Маңғыстау ойын қыстап, көктем шыға Шопан ата, Тышқан құм, Сеңгір құм, Бекет ата, Оғыланды, Уәлі- Қатша арқылы Жем бойына дейін барып, кейбір жылдары Елек, Қобда өзендері бойын жайлап, салқын түсе қыстауына қайтады екен.
Ауыл көшті Елекке,
Көже ашыттым шелекке,- деп айтылатын өлең шумақтары сол заманда туса керек.
Қазақта «жер дауы, жесір дауы» қашан да жалғасын тауып отырған. Қыс Маңғыстауды қыстаған, жаз Арқаны жайлаған елдің 1000-1500 шақырымдық көшу бағытында дау-дамай жиі болғанымен, олардың басым көпшілігі мырза Досымұлы Құдас, жанғабыл Көбешұлы Нұрберген, қараменде Қосжанұлы Сарымерген сияқты ел ағаларының алдында шешіліп, ел бірлігі сақталып қалатын. Ағайындардың барлығы бірдей тек көшпелі ғұмыр кешпей, отырықшылыққа ден қойғандары да болыпты. Отырықшы туыстардың атына «жаман» сөзі қосақталып, жаманадай (Сүйіндік) атанса керек. Отырықшылықтың арқасы болар, жаманадай ағайындар елдің айлап қала шығып, Бесқаладан, Арқадан тасыған астығын үй іргесі Жусанды, Шүкірәлі сияқты орпаларға егін егіп, өнім алып, жақыннан жинаған.
Қазақтың жүз биінің бірі- айтқан сөзі мірдің оғындай, сөз мергені атанған Сарымерген атамыз болған екен. Сол кезде жаманадай ағайындар қожа, медет руларының ауылдарымен көрші отырғандықтан, Сарымерген атамыз екі әйелі – Көрпеш пен Ақбибіні медет руынан алып, өз қыздарын қоныстас отырған қожаларға берген. Төсекте басы біріккен, төскейде малы араласқан екі ел сыйластықта болуға тырысқан екен.
Милициясы, полициясы, түрмесі жоқ елдің де өз тентегі , телісі бар, құн дауы, жесір дауы, жер дауы және бар. Дала демократиясының осындай жағдайда барып жүгінері - билер.
Бірде қатар отырған екі ауыл арасында кездейсоқ кісі өлімі болады. Оқтаулы мылтықтың шүріппесі жазының ағашына тиіп, атылған оқтан көрші ауылдың бір адамы қайтыс болып, қатар отырған екі ауыл арасында дау туындайды. Қаралы әйел: «Біздің ауыл қатын болды, Сүйіндік батыр болды» деп жылауын тоқтатпаса керек. Содан екі ел анттасатын болады. Дәл осы тұста
Сүйіндік ауылының үш биі де жол жүріп кетсе керек. Құдас Арқаға, Нұрберген Бозашыға, Сарымерген Шағадамға кеткен екен. Сапардан оралған Сарымерген осы анттасу рәсімінің үстінен түседі. Ел тыныштығының бұзылғанын сезген ол қамшының сабына ақ орамал байлап алып, шауып жеткен бетінде сөз бастап кетеді.
- Бұл не деген дүрбелең, бұл не айқай? Екі ауыл ертеден-ақ аралас-құралас қатар көшіп, қатар қоныстас болды емес пе? Адам өлсе қойысқан, малы өлсе сойысқан, арын бірге арласып, жоғын бірге жоқтасқан ауыл емес пе едік? Су ішсек құдығымыз бір, мал жайылса өрісіміз бір ел емес пе едік? Мен ауылда жоқта теңдігіңді алып қалмақ болдыңдар ма? Тоқтат, мынау ақымақ істеріңді. Оясызды тезге келтіріп, оялыны жалпақ елге танытатын – ақыл.
Ақылдының ажары жарқыраған көлге тең, Ақылсыздың ажары бұлт пенен буға тең, Ақылсызға айтқан сөз құмға сіңген суға тең, Ақылдыға айтқан сөз Алаш ұстар туға тең,
- деп қолындағы ақ туын жоғары көтерген екен.
-Шыққан күннің шырқын бұлт бұзады,
Жақсы адамның сұрқын кек бұзады,- дейді тағы да. Айбынды ақыл, жүйелі сөздің арқасында қан төгілмей, ел амандығы, жұрт тыныштығы сақталып қалған екен. Екі ел арасы тынышталып, бітімге келеді.
Есімдері қатар аталатын бұл ел ағалары қазақтың атақты 100 биінің бірінен саналатын Мәтжан бимен замандас. Қатар жүріп, иықтаса ел қамын ойлаған жандар. Замандас, қатар адамдардың әзіл- шыны аралас зілсіз қалжыңдары да қатар жүреді ғой. Мәтекең Сарымерген туралы жаман адайдың сарысынан сескенем, ол отырған жерде сөз бастау қиын десе, Нұрбергенді «нән ауыз»–
«үлкен ауыз» деп атап, ырысы артық, қиыннан қиыстырар сөзі артық ,-деп есептесе керек. Әрі би, әрі болыс атанған Құдас бидің өзі үлкен жиында қатар отырған да сөзді Сарымергеннің бастауын қалайды екен.
Ел арасында сөз қадірін білмес, әңгімелері жоғалған түйе, төбелескен баланың жағдайы төңірегінен аса алмайтын ағайындарға Сарымерген: «Тыңдалмаған әңгіме, аңға салған құсымның, аңды көрмей далаға лағып ұшқаны, одан не қайыр. Лебізі жақсының сөзі, жатқан ауруға ем болар, жақсы ділмәр сөйлесе естіген жанға шәрбат суындай дем болар. Жай жорытқанда аттың бәрі ат, жүйрігі шапқанда сыналар» деген екен.
Сарымерген атамыз оқу білімнің қадірін білген, ерте түсінген адам.Сондықтан да болар «Біздің халқымыз оқу - білімнен кенжелеу қалып, тауға шыға алмай жүр. Бізден басқа білімнің дәмін ерте татқандар биікке бізден бұрын шықты. Білім іздегенге табылады, қиындығы мен салмағының ауырлығы қорғасындай. Оқыған білімді жандарға қай жерде де орын табылады» - деген екен.
Сарымерген атамыз « байырғы қонысым» деп көзі тірісінде Шопан ата қауымынан өзіне арнап қима там салдырған. «Замана соққан жел, адамның басы алланың добы» демекші, өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың соңы, отызыншы жалдардың басындағы зауал-бай, құлактарды тәркілеу, ұжымдастыру халыққа ауыр тиді. Осы тұста Сарымерген атамыз қуғынға ұшырады. 1930 жылы елге келіп, тумаластарына: «Мен кетпесем, сіздерге тыныштық болмас» деп түрікмен бетіне қоныс аудармақшы болады. Төңірекшіңнің ойындағы Көшпайбұлақ, Бірқарын суынан түнделетіп өтіп, суыт жүрген көш кіндік қаны тамған атамекеннен қашықтай береді. Оларды шығарып салған қимас туыс, жекжаттар да Шағала сордың маңына дейін бірге барады. «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» екендігін дәлелдеп, көңілдері босап, көздеріне жас алған туыстар тобы елге қайтып, көзден таса болады. Көш соңында жалғыз қалған Сарыекең ғана қол орамалын көзіне жиі-жиі апара береді. Артында туған ел қалды, алды беймәлім дүние, ашық теңіз айдынында қалған ескексіз қайықтай ақжал замана толқындары қай жағаға шығарып тастары белгісіз алмағайып уақыт еді ғой ол кез. Ығыса- ығыса түрікмен жеріндегі Қазанжық деп аталатын елді мекенге табан тіреп, қоныстанады. Танымайтын ел, өзінің сыйлы ортасынан жырақтап кеткен азаматқа онша жайлы бола қоймайды. 1933 жылдың жаз айында елу алты жасында науқастанып, жаппа жолым үйде қайтыс болады. Ақша құймадағы Қарағайлы молаға жерленеді. Әйелінің жағдайы да беймәлім, ауруханада қайтыс болған оны ақ жуып, арулап көметіндей жағдай да болмайды. Басы көтерілмегендіктен қабірінің қай жерде екені белгісіз?...
_Өзі өмір сүрген дәуірдің өмір шындығы Сарымерген атамыздың назарынан тыс қалмаған. Мысалы:
Көпшілік жиынды бұзғанды халық тентек, Жағымсыз сөзі бар адамның аузы көнтек.
Нардан туған жамбоздың бұйдасын ірікпес елпек,
Арғымақ аттың салқы төс еңкек, - деген екен айтулы би өзінің бір сөзінде.
Отызыншы жылдардың басында педагогикалық техникумда оқып жүрген Мұздыбай Ниязов ағамыз науқастанып жатқан Сарымерген атамызға барып, үш-төрт күн дидарласқан екен. Кетерінде Мұздыбай аға:
- Алла қуат берсін, маған мен арқылы кейінгі балаларыңыз бен немерелеріңізге не айтасыз?6 –дейді. Сонда Сарымерген атамыз:
- Алдыңда ағаң, артыңңан інің қаумалап тұрса, жігіттің бұл да бір қорғаныс –қамалы. Төртеу түгел болса, төрден орын алғаны, алтау ала болса, дұшпанға қол -аяғы байланғаны. Туысың жаман болса, «жаман» деп құтыла алмассың, себебі бірге тудың. Халық оның жамандығын көрсе, сенің атыңды атап, соның «жаманы» дейді. Сондықтан, жаманыңды кеудесінен итеріп кері қума, бірлікті сақта, - деген екен.
Сарымергенге бір құрдасы: « Сенің атыңа мерген сөзін жалғапты. Өскенде батыр,құралайды көзге атқан мерген болсын деді ме, әлде басқа бір жайды меңзеді ме? – деп әзілдейді.
- Әкем Қосжан өмірден ертелеу кетті. Атымды неге бұлай қойғанын сұрай алмадым. Арғы ата – бабаларымыз сөз ұстаған жандар еді.Айтылған сөздің өз орнын, жүйесін табуын қалайтын бабалардың әулетіненмін. Атам қазақта «сөз мерген», «көз мерген»,
«қол мерген» сияқты қалыптасқан сөз тіркестері бар. Аталарыма салса да, өзіме салса да осы үшеуінен «сөз мергені» дегенді қалар едім. Өйткені «сөз құдірет, айтылған сөз - атылған оқ! Оның көздеген нысанаға дөп тигеніне не жетсін! Менің атым да осы мәселеге байланысты қойылған шығар!? Басты әңгіме сол, ауыздан шыққан сөзді жеріне жеткізе алсам, әке аманатын ақтағаным. Екі жақтың ортасындағы тіл талай сөзді тудыра алады. Әңгіме соның өз орнын тауып, нысанаға дөп тиюінде,- деген екен адайдың сөз мергені атанған Сарымерген би.
Сарыекең елдің бірлігін, іргенің бүтіндігін армандап үнемі:
«Жолдас, досыңа, қоңсы - көршіңе істеген жақсылығың ағын - судың арнасындай, шын сөзіңнің пайдасы алыс жолдың сарасындай» деп отырады екен. Сарымерген атамыздың төмендегі сөзі де өмір шындығына, дүние пәлсафасына, насихат үрдісіне арналған.
Жарасты жақсы сөзден келтірсеңіз,
Пенденің басындағы ашар бұлтын. Бұрынғы өткен Ескендір де тастапты Жинаған алтын, күміс, дүние - мүлкін. Дүниеде көрсек те қанша қызық,
Болады көрген түстей ойын күлкің, -дейді ойшыл би өз сөзінде. Енді, Сарымерген атамыздың бүгінгі үрім –бұтақтары жайлы бірер сөз. Сарымерген атамыздың 56 жасында науқастанып, қайтыс болғанын бұған дейін айтып өттік. Қадірменді би көз жұмған соң, Шопан ата басындағы қима там да құр бос қалмады, өз ұрпақтарына бұйырды. Елу төрт жылдай түркімен жерінде жүріп, өзінің туған жеріне қайта оралған Сарымергеннің ұлы Әли ағамыз басқа да тумаластарымен бірге осында жерленген.
.
Өткен ғасырдың 40 -шы жылдарындағы алапат соғысқа қатысып келген Төребай Түркпенбайұлы жар таңдағанда текті ауылдың қызы еді деп, Сарымергеннен туған Жайлы апамызға тоқтаған. Қойыны құтты апамыз бен жездеміз алты ұл, үш қыз тәрбиелеп азамат етіп топқа қосты.
Төребай жездеміз ардақты азамат, Маңғыстау түбегіне алғашқылардың бірі болып келіп, өлкенің экономикалық, әлеуметтік әлеуетіне өз үлесін қосты, білім беру саласының ардагері атанды.
Елеген бастаған жиендер жаңа заманның алдыңғы легінен лайықты орнын тапқан елге белгілі азаматтар. Жансұлу әке жолын қуып, үлкен мектеп ұжымын басқарып отырған басшы. Нағима жұлдызы оңынан туған кәсіпкер. Зеріп апамыз бен Фельдшер жездемізден тараған Лесбай, Тыныштық бастаған жиендеріміз біздің мақтанышымыз. Қасым апамыздан дүреген Мұңал бастаған жиендер де жапырағын жайып келеді. Майсара мен Әубәкірдің орны ерекше бөлек, асылдың тұяғы. Қос қарындасымыз Дүйсекең мен Сәрсенгүл де біздің өрісіміз.
Жиендері нағашы жұртты айтқанда, «жемістің тәттілігі ағашынан, жігіттің жақсылығы нағашыдан» деп, - тағы да Сарымерген атасын құрметпен еске алады.
Қасиетті Сарыекең көңілі толған жастарға: «Тұлпардың тұқымы танылады тұлыбынан, ат болатын жылқы байқалар құлынынан» деген екен. Осы әңгімені мен қалтқысыз, өз мағынасында еліміздің болашағы - жастарға арнап отырмын.