Ақиық азамат
Адамзат тарихына көз жіберсек, сонау ежелгі ықылым заманнан күні бүгінге дейін өз тіршілігі мен бостандығы үшін арпалысқан адамдар мен адамдар арасындағы тартыс, соғыстарға санаса сан жеткісіз. Күшті жеңеді, әлсіз алдырады. Табиғат заңдылығы.
Дүниеде әлемді уысында ұстаған қаншама алып империялардың билік құрып қаншама ұлт жер бетінен мүлде жойылып кетті. Бұл да шындық ақиқат фактілер.
Бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің де ғасырлар сынына төтеп беріп небір жаугершілік заманда да ұлттық тұтастығын сақтап, сақтап қана қоймай дербес мемлекеттігін қалпына келтіруінің өзі халқымыздың біртуар перзенттерінің ақылгөй билері мен ел қорғаған ерлеріміздің жақсы мен жайсаңдарымыздың ұлттық бірлікті қамтамасыз ету жолындағы ғасырлар бойғы күрестерінің нәтижелері екені даусыз.
Бүгінгі әңгімеміз – сол жайсаңдарымыздың бірі, кешегі алмағайып заманда халқына қорған да, орман бола білген, ел еркіндігі жолында құрбан болған жұмбақ та, заңғар тұлға Тобанияз Әлниязұлы хақында.
Өз перзентін өз халқына жау етіп көрсеткен, кешегі аламантасыр заман талабы, Тобанияз туралы ақиқат деректерді халыққа жеткізуге мүмкіндік бермейді. Журналсит Ә.Спановтың сөзімен айтсақ «Осы өңірге, қала берді бүкіл қазақ халқына бір кісідей еңбек сіңірген Тобекеңді бүгінде біреу білсе, біреу білмейді, білгендеріміздің өзінің айтары жапылама деректерден аса алмай жүр, ал білмегенге сын жоқ. Өйткені Тобанияз атын атауға күні кешеге дейін құлық танытпағаны былай тұрсын, тіпті тиым салып келді емес пе?»
Иә, бүгінде ел билігі өз халқымызға қайта оралған сәтте жергілікті баспасөздер Тобекең туралы ғалымдардың зерттеулерін, шежіреші қариялардың естеліктерін, басқа да ел ішіндегі ауыз екі деректерді көптеп шығара бастады. Архивтен Тобекеңе қатысты құнды деректер тауып, «Тобанияз» атты көлемді зерттеу жазған өлке танушы журналист Ә.Спанов түрмеде түсірілген фотосуреттері және соның негізінде бет бейнесі (портреті) салынған кітабын көпшілік қауымға ұсынды. Мұның өзі Тобекең тұлғасына лайықты бағасын беруде едәуір септігін тигізуде.
Сонымен Тобанияз кім еді?
Оның арғы ата тегі Адай – Келімберді – Бұзаушы – Айтумыс (Жеменей) – Шылым – Өрдек – Кенже болып келеді. Осы рудан шыққан, атақты Қонай батырдың тікелей ұрпағы. Кейбір деректерде оны Маңғыстау ауданының Аусары жерінде 1875 жылы дүниеге келген деп көрсетті. Алайда осы деректе дәлсіздік бар сияқты, өйткені ауыл арасындағы көне көз қариялар Тобаниязды өз ата-бабаларының негізгі қонысы, Бозашы түбегінің қазіргі Ақшымырау шаруашылығының территориясында туған, Аусарыға 1910 жұт жылынан соң көшіп барған дейді.
Сонымен, жас кезінен-ақ батыл да, өткір Тобанияз ел ішінде ертерек көріне бастаған. Жасынан мұсылманша сауаты бар ол күштінің әлсізге, малдының кедей-кепшікке зорлық етуіне, әділетсіздік атаулыға қарсы болып, ел ішінде өте беделді, абыройлы болса керек. Оның үстіне сөзге шешендігі тағы бар Тобекеңді халқы би атандырған.
Тобанияз өмір сүрген кезең Қазақстанның соның ішінде Маңғыстаудың да Ресей империясының қол астына толықтай кіріп, отарлық езгінің күшейе бастаған кезіне тұспа-тұс келеді. Сондықтан да ежелден еркіндік сүйген халқымыздың бостандыққа ұмтылысынан Тобекеңді бөлек қарай алмаймыз. Өзінен бұрынғы өткен ата-бабаларының сырт басқыншыларға қарсы жүргізген күрестері, өз бабасы Қонай батырдың ел аузындағы ерліктері, Ресей отаршыларына қарсы Маңғыстаудағы ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарындағы қарулы көтерілістер, жас Тобанияздың қалыптасуына көп әсер еткені даусыз.
Әсіресе, Маңғыстаудағы Иса мен Досан батыр бастаған көтеріліс басып – жаншылғаннан кейінгі елге салынған соғыс шығындары мен ауыр алым-салықтар, халықтың қиын тұрмысы, отарлық қысымшылық, Тобанияз да өз атасы Қонай батыр секілді ел мүддесі үшін алдыңғы саптан табылуға мәжбүр етті.
Қашан да қиыншылық заманда ел ерге қарайды емес пе? Бірінші дүниежүзілік соғыстан ауыр салмағы қазақ даласына, Маңғыстауға да келіп жетті. Мал-мүлікке салынған ауыр салыққа қоса, «жығылғанға жұдырық» дегендей, 1916-шы жылғы қазақтың
18 бен 31 жас аралығындағы жастарын «қорғаныс бекіністерін, әскери шептерді жасауға қара жұмысқа алу туралы» патша жарлығы бүкіл Қазақстанда, сондай-ақ, Маңғыстауда да халық наразылығын туғызды. Бұл кезде Тобанияз Шылымның болысы еді.
Тобанияз бастаған азаматтар Маңғыстауда патша жарлығына қарсы шығып, елден жігіт жібермеу туралы үгіт, насихат жұмыстарын жүргізеді. Алайда, Маңғыстаудағы патша жарлығына қарсы- қозғалыс Торғай мен Жетісудағыдай жаппай қарулы сипат алған жоқ, сол себепті Тобанияз бастаған бірнеше азамат тұтқынға алынады.
Осы тұста айта кететін бір жайт Әлихан Бекейхан, Ахмет Байтұрсынов сияқты бір топ қазақ зиялылары патшаға жігіт беру, бос қырғынға ұшырамау туралы пікірде болғанын білеміз. Бұл жердегі айтпағымыз Тобаниязды қазақ зиялыларына қосып, мақтау немесе даттау емес, мақсатымыз – тарихи фактыны бұрмаламау.
Бұл кезде ішкі Ресейдегі дауыл, ХХ-шы ғасырдың басты оқиғалары, төңкерістер де жақындап қалып еді.
1917 жылы ақпандағы патшаны тақтан құлатқан төңкерістің ықпалымен Тобанияз абақтыдан босанып елге оралады. Іле-шала болған Қазан төңкерісін сол кездегі еркіндік аңсаған қазақ зиялылары сияқты Тобанияз да жылы қабылдайды.
1918 жылы 23 тамызда Түпқараған түбегіне келіп түскен Әліби Жангелдинның отряды Маңғыстаудағы кеңес өкіметін нығайту үшін, түбек халқын соңына ерте алғандай тұлға іздеді. Мұндай азамат, әрине, Тобанияз еді.
Кеңес өкіметінің басшысы Лениннен төтенше өкілеттігі бар Ә.Жангелдин осы сапарында Маңғыстаудың Бозашы түбегіндегі Қаратөбе жерінде бүкіл Адай елінің съезін ашып, сонда Маңғыстау уездік революциялық комитетін құрып, оның төрағасы етіп Тобанияз Әлниязұлын тағайындады. Бұл 1918 жыл еді. Бүкіл елді азамат соғысының жалыны шарпып тұрған кез. Осы қысылтаяң кездегі Тобекеңнің, Жангелдин отрядына үлкен көмек көрсетіп, олардың шашылмай, тоналмай межелі жерге жетуіне, бірден-бір ықпал еткен адам екені бізге тарихи құжаттардан таныс.
Сөйтіп, бұрыннан да ел арасында үлкенді-кішілі билікке араласып жүрген Тобанияз, Маңғыстаудағы халық тағдырын өз қолына алады. Сол кездегі жаз жайлауы сонау Қарақұм, Ойыл, Теке, Ақтөбе, Орынборға шейін болса, күзегі мен қыстауы, Маңғыстаудың Бозашы, Түпқараған түбектеріне, түрікпеннің Жаңғақ ойы, Шағадамға дейін жайылған қалың Адай елінің бірден- бір ресми, ері халық таныған басшысы болды.
Осы тұстағы Маңғыстаудағы күрделі саяси құрылысқа да тоқтала кеткен жөн болар. Фортта қызыл флот ревкомы құрылса,
Закаспий облысы да өз ревкомын құрды. Және осы уезд орталығы Фортта Совдеп пен Мұскең де (Мұсылмандар кеңесі) өз ықпалдарын нығайтуға тырысты. Алайда, Маңғыстаудағы халық таныған бірден бір билік иесі Адай уезінің революциялық комитетінің төрағасы Тобанияз Әлниязұлы болды.
1918-1920 жылдарғы азамат соғысы кезеңдерінде де, Алаш Орда қайраткерлерінің тәуелсіз автономия жолындағы күресі кезеңдерінде де Тобекеңнің ақылмен әрекет етіп, елді бейтараптау ұстап, орынсыз шығынға ұрынбауға тырысқанын байқаймыз.
Өзі кеңес үкіметіне қызмет етсе де Алаш Орда қайраткерлерімен тұрақты байланыс орнатып қазақ автономиясы үшін де бірқатар шаруалар тындырған. Атақты жазушы Хамза Есенжановтың «Ақ жайығында» Тобанияз былайша суреттеледі:
«Таңертең қалаға 60 жігітпен Адай руының басшысы, өзі бай, өзі би Тобанияздан басқа бұл қалаға, көптеген байлар мен билер, хазіреттер, оқымыстылар, чиновниктер мен әкімдер келген. Мәжілісті Жанша Досмұханбетұлы өзі басқарып, өзі сөйледі... Ал, Тобанияз ше, егер Тобанияз ауызын ашса бесіктегі бала жылағанын қояды. Бұл руда одан қадірлі адам жоқ.
-«Хатшы, жазыңыз, -деді Тобанияз, менен 100 жігіт Ойыл қадет мектебіне жіберіледі, олардың барлық шығыны менің есебімнен. Оқу бітіргеннен кейін оларды атпен, ер-тұрманмен жабдықтаймын. Оқу бітіргеннен соң жүздіктің әр біреуіне 20 жігіттен қосып Адай полкын құруға көмектесемін... Менің көмегіме сенуіңізге болады»,-деді Жаншаға».
Атақты жазушының бұл жазғандары, Тобекеңнің барлық болмыс-бітімін ашып тұр. Түсінік берудің қажеті де жоқ.
Осы арада мына бір жайытты айтып өткеніміз жөн. Ә.Спанов пен А.Бүркітов ақсақал Оралда шығып тұрған газет «Жайық правдасына» сілтеме жасап Адайлардың (Тобанияз жасағының) 300 кісілік Алаш Орда әскерін жойып жібергенін айтады. Бүгінде Алаш қайраткерлерін ақтап жатсақ та, сол кезеңдерде олардың большевиктерге қарсы күресте ақ гвардияшылармен одақтас болғаны бізге мәлім. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кері, ауыр алым-салық, тоналу тағы да сорлы бұқараның мойнына түседі. Халқын осы қыспақтан құтқару үшін Тобекең тағы да атқа қонған. Біз бұл фактіден де Тобекеңді саясаттан тыс, халқының ортасынан, сарбаздарының алдынан көреміз.
«Қара орыстың арасынан, сары орысты көрсең апа деп бас саларсың» деген сөз қалдырған, қатігездігіне, қаныпезерлігіне айтса сөз жептейін қазақтар ұрпағының өкілі, Орал қазақ әскерінің атаманы генерал Толстовтың армиясын тоз-тоз қылған да осы Тобекең мен оның қыран жігіттері. Генерал Толстовтың туған елге аман жетер күн болса, алдымен Әлниязов деген қырғыздың басын алар едім»,-деп және кейін Францияда жазған мемуарында «Ең соңғы Адайдың сүйегін музейден көрсем армансыз, бақытты жан болар едім»,-деп жазуы Адай жігіттерінің қандай дәрежеде қарсылас болғанын дәлелдейді. Олардың басында, әрине, Тобекең тұр.
1918 жылдан 1922 жылға дейінгі аралықта Тобанияз Маңғыстау уезінің (1920 жылға дейін Закаспий облысының Маңғыстау уезі, 1920 жылдан 1927 жылға дейін Қазақ АССР-нің Адай уезі) революциялық комитетінің төрағасы қызметінде, ел қамын жеген азамат ретінде кедей шаруаларды салықтардан босатып, ағарту жұмыстарының жандануына ықпал етті.
«Адай ревкомы Тобанияз Әлниязов бір жылы малдың арық, қоңсыз болуына байланысты, қуаңшылықты қатерге ала келе түбек тұрғындарын ет салығынан босата тұруды, тым болмаса оны жеңілдетуді ұсынып орталыққа хат жолдайды. (Ө.Озғанбаев. Маңғыстау. 20 тамыз, 1993 ж.) Мұндай хаттар Тобекеңнің жалғыз бұл жағдай емес барлық қайраткерлік кезеңдеріне тән.
Тобекеңнің және бір ерекшелігі заманындағы ұшқыр ойлы, сауатты да зиялы азаматтарды өз жанына топтастыра білуінде еді. Жоғарыда айтылып өткен хат Нұрсұлтан Оңғалбаев пен Толқымбек Алмановтар қолымен жазылып, орысша мәтіні даярланған.
Тобекеңнен бұрын Маңғыстауда ұзын саны 19-20 мұсылман мектебі, бір орысша мектеп болса, бұл кісі ел билеген кезде, дәлірек айтсақ, 1920 жылдары қысқа мерзімде мұғалімдер даярлап, әр жерлерде мектептер аштырады. Адай уездік деңгейінде өткен кеңестердің бірінен көрсетілген есепте былай жазылған «из них 10 киргизских, 4 русских школ с количеством детей учащихся около 1100 человек». (Ө.Озғанбаев. Маңғыстау. 20 тамыз 1993 ж.) Бұл 1923 жылғы 3-ші сәуірдегі мәлімет.
Тобекеңнің 1922 жылы ревком төрағалығынан босағанын ескерсек осы мектептерді құрушысы оның өзі болғаны түсінікті.
Қандай ел болмасын білімсіз, ғылымсыз жарқын болашағын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан, Тобанияз басшылық
қызметінде болған кезінде халықты ағартуға ерекше мән беріп, әсіресе, балаларға көптеген қамқорлықтар жасаған. Маңғыстау уезінің революциялық комитетінің төрағасы болысымен, бір жылдың көлемінде Маңғыстауда көптеп мектептер аша бастаған. Алғашқы мектептер Ақмышта, Жыңғылды мен Тигенде, Қызылқоға ауданының Ақшілік, Сағыздың Қопа, Буракөл деген жерлерінде ашылған. Осы мезгілдерде Фортта балалар үйі және интернат ашылып, қызмет істей бастады. Интернатта шалғай жатқан елді мекендер балалары жатып оқыса, балалар үйінде жетім балалар тәрбиеленеді.
Маңғыстаудың алғашқы толқын интеллигенциясының, көрнекті қайраткерлері: Орынбай Бәлдеков, Естере Оразақов, Өтежан Алшынбаев, Есбол Өмірбаев, Нәдір Нұрғалиев, Ысқақ Шәкіратов сияқты көптеген азаматтар Тобекеңнің игі ықпалы арқасында тұңғыш ашылған мектептердің алғашқы қарлығаштары еді.
Тобанияз 1922 жылы Қаз ОАҚ-нің ІІІ съезінде Маңғыстау қазақтарының шаруашылығы үшін өзені бар жерлерден жер бөлдіру, елді отырықшыландыру, мектеп, ағарту жүйелерін дамыту үшін қаржы көмектерін көрсету талаптарын қойған. Үкімет мүшелеріне – халықты араламайсыздар, халықпен байланыстарыңыз жоқ деп сынаған. Сол үшін де ол осы съезде ҚазОАҚ-нің мүшелігіне өтпей қалған сияқты.
«Тобанияз Әлниязұлы ел тізгінін ұстаған кездегі ұстанған ең басты саясаты көрші елдермен бейбіт ынтымақшыл қарым-қатынас орнату болды. Және ол бұл саясатын елсізге топса жасап, әлдінің алдына түсіп емес, барлық елмен олардың мүддесін құрметтей отырып, терезесі терең дәрежеде жүргізеді. Соның нәтижесінде уезд орталығында сол уақыттағы көршілерінің ішіндегі экономикалық жағынан ең тәуперлісі Персия (Иранның) сауда факториясы болды. Факторияның сансыз дүкендері қыр елінің сұранысына ие тауарларды сатып тұрды...
...Ревком төрағасының мәмлегерлігі арқасында Дағыстан, Әзербайжан, Астраханьмен арадағы айырбас саудасы да бір сыдырғы жолға қойылды.
«Тобекеңнің дипломатиялық-мәмлегерлік қызметінің шыңы Хорезм республикасымен арадағы бейбіт қарым-қатынасты жолға қоюы»-деп Ә.Спанов осы саладағы қайраткерлерін әділ бағалайды. (Ә.Спанов. Тобанияз. 44 бет. 1995 ж. Ақтау).
Тобекеңнің қайраткерлігінің жаңа қырын дипломат ретінде ашқан, осы 1921 жылғы Бесқалаға барған сапары.
Хиуа хандығы мен Адайлар арасындағы ежелден келе жатқан барымта-тартыс күшейіп, шекаралас отырған ауылдарды түрікпен жасақтары жиі шауып кетіп отырған соң, Тобанияз бұл мәселені орталықтың алдына қойған. Алайда, Қазақстан үкіметінің талабы жағдайға ықпал ете алмайды, әрі, үкімет басшылары өздерін бейтараптау ұстап бұл іске жете маңыз бермейді. Тобанияз бұл мәселені ревком мүшелерінің сұрауымен өз қолына алды. Бұл кезде Тобанияздың жақсы қаруланған мықты әскери күш құруға мүмкіндігі бар еді. (Қару-жарақтың көбі Толстов армиясын талқандағанда қолға түсірілген, әрі бұрын Тобанияздың Түркістан майданының қолбасшысымен тікелей байланысы болған).
Алайда, Тобанияз ел билерімен, ақсақалдарымен кеңесе келе Хорезмге жаулықпен емес, елдікпен бітім сұрап бару қажет деп тапты. Кейбір ресим орындардың 3000 адамдық әкермен келіп Хорезмді шапты деп көрсетуі шындыққа сәйкес келмейді. Расында білікті өлке зерттеушісі Ә.Спанов архив құжаттарына сүйене отырып Тобанияз 180 адамдық жасақпен (оның ішінде әнші, күйші
– өнер адамдары, билер және әйелдер де бар) барғанын дәлелдейді. Сонда түрікпен және қарақалпақ халықтарының беделді адамдарымен, жергілікті үкімет мүшелерімен келіссөз жүргізіп, жағдайды талқылайды. Шекара, сауда-саттық, көші-қон, ел арасындағы қақтығыс мәселелерін ағайынгершілікпен, бейбіт шешу туралы келісімге келеді. Осылайша жауласқан көршілер арасындағы ұзақ жылғы жанжал тыйылып, екі ел арасында бейбіт заман орнайды.
30-шы жылдардағы аштықтан босқан Адайлардың көбі Түрікменстанға барып жан сауғалағанда, екі ел арасындағы негізін Тобекең қалаған татулықтың маңызы зор болды.
Қазіргі ашылып жатқан архив материалдары Тобекеңнің қазіргі Маңғыстау аумағының территориясының осы деңгейде қалыптасуына тікелей атсалысқан қайраткер екенін дәлелдейді.
Бүгінгі Маңғыстау облысы, кезінде Закаспий облысының құрамында Түрікменстанға қарап келсе, 1920 жылы Тобекеңнің Орынборда Адай уезін Қазақстан құрамына қосу туралы мәселе көтеруі нәтижесінде, қазір егеменді Республикамыздың бай өндірістік өлкесі болып отыр. Бұл да Тобекеңнің еңбегінің жемісі екенін ұмытпағынымыз абзал.
1922 жылы, сол кездегі бірден-бір дара билік иесі және ел таныған көсем ретінде, халқы «қарадан шыққан хан» атаған Тобанияз қудаланып, қызметінен алынады және «ұлт араздығына жол берген, дінді, ескілікті дәріптейді» деген сияқты айыптармен кінәланып, тұтқындалады. Алайда оның халық ішіндегі беделінің зор екенінен сескеніп, абақтыдан амалсыз босатады.
1925 жылы қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына Ф.Голощекин келеді. Қазақ топырағына келген 30-шы жылдарғы қасірет тікелей осы фамилиямен сабақтас. «Ұлы Қазан төңкерісі қазақ даласына келмеген, жанай өтіп кетіпті, сондықтан мұнда да
«Кіші Қазан төңкерісі» өтуі тиіс» - деп есептейді ол. Осы «Кіші Қазан төңкерісі» миллиондаған отандастарымыздың өмірін мерзімінен ерте қиып кетті. Қазақстандағы әдейі ұйымдастырылған жаппай ұжымдастыру мен байларды тәркілеу науқандары қазақ елінің тарихындағы ең бір қасіретті 1932-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық қырғынына бірден-бір себепші зауал болды. Әрине, бұл қырғын біздің өлкеміз Маңғыстауды да айналып өткен жоқ. Тобанияз кезінде бұл науқандарға да қарсылық білдірді.
«Ұжымдастыру елдің тұрмыс-салтына қарай біртіндеп, асықпай жүргізілгені дұрыс. Қазақта орыстардағыдай көп бай жоқ, сондықтан оларға салық саясатын қолданған жөн. Әйтпесе ел бүлінеді. Тізгінді қолдан бір шығарып алған соң бұл тарпаң ел қайыртпайды, жұртын сипап қаласыздар» дейді Тобекең. (Ә.Спанов. Маңғыстау. 21 қаңтар. 1995 ж.) Мұның қаншалықты дұрыс пікір екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Әрине, тарихтан білеміз, голощекиншілер бұл пікірді елемек орнына, науқанды қайта одан бетер өршіте жүргізді.
«Әзірге бізде Адай округінде Адай князі Әлниязов бар, мұндай мыңдап мал айдап, халықты қанап отырған округтің ең ықпалы күшті қожалық етушісі, бұларсыз атқару комитеті түк істей алмайды және бұқараны кедейліктің шырмауынан босату туралы сөз болуы да мүмкін емес» -дейді Голощекин 1927 жылғы Қызылордада өткен IV Бүкілқазақтық партия конференциясында. (Т.Омарбеков. Ақиқат. 1995 ж. № 6). Бұл сздер Голощекиннің қызыл қырғыны алдындағы кіріспесі іспетті.
ОГПУ-дің құпия архив істерінде Әлниязов құрды және басқарды деген әртүрлі ұйымдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бұлар «Адайды құтқару тобы», «Әлниязовтың контрреволюциялық ұйымы» және тағы басқалары бар... Қазақстандағы ПП ОГПУ
төрағасының орынбасары жендет Алшанский Голощекинге жазған хатында... Әлниязов Тобанияз басқаратын контрреволюциялық ұйымдарды әшкерлегенін хабарлайды.
Тобаниязға және оның «контрреволюциялық ұйымына»:
«1922 жылы Форт-Александровскіде кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтеріліс дайындаған, Адай даласында жергілікті ұлтшылдықты қоздырып орыстарды қуғындаған, кеңес үкіметінің нұсқауын елемей оларды шариғат заңдарымен ауыстырған, Түрікменстан мен Ауғаныстанға халықтың жаппай көшуін ұйымдастырған, Құрмаш Қосжанов бандысын қолдаған» - деген сияқты толып жатқан айыптар таққан. Алайда, ОГПУ дәлелсіз, негізсіз айыптайды.
«Дегенмен жергілікті халыққа сыйлы да құрметті, әрі өзінің де едәуір ауқатты шаруашылығы бар Тобанияз секілді көзі қарақты, кекірігі ояу ірі тұлғалардың дәстүрлі шаруашылықты қорғап, күшпен ұжымдастыруға наразы болғаны, Адай даласын басқаруға бөтен, орыс ұлты өкілдерінің жіберілуіне қырын қарағаны, зорлық, зомбылық пен аштық апаты төніп келе жатқан Адайлардың жан бағып Түрікменстанға жаппай көше бастауларын ұйымдастыруы заңды, табиғи еді деп ойлаймыз». (Т.Омарбеков. Ақиқат. №6, 1995 ж.). Осы пікірлердің иесі тарихшы, ғалым Талас Омарбеков сол кездегі жағдайды дәл, әділ бағалаған.
1929 жылы желтоқсанда Тобанияз ұсталып Ақтөбе түрмесіне жөнелтіледі. 1930 жылы ОГПУ-дың үштігі Тобанияз бастаған 69 азаматтарды соттайды. Тобаниязбен бірге 20 адам мал-мүлкі тәркіленіп атылады. Қалғандары әр түрлі мерзімге түрмеге айдалады. Бұлардың көбі Гурьев округтік паритя конференциясына 1928-1929 жылдары Форт Александровскіден сайланған коммунистер еді.
Халқымыздың ең көзі ашық зиялы деген 22 мың азаматтары атылып, 44 мыңы түрмелерге қамалған, 1937-1938 жылдардағы саяси террордың басы Тобекеңдер кеткен осы 1929-шы жылдан басталып еді.
Барлық адам құқы, оның бостандығы мен өмірі деген адами қасиеттер аяққа тапталып, әкесі үшін балалары жауап бермейді деген адамзатқа ортақ принциптер өрескел бұзылған дәуірде, Тобанияз ұрпақтары да қудалауға түсті.
Тобанияздың Дидар атты баласы жасынан қайтыс болды, ал Бердіхан мен Зәкіржан деген балалары әкесі үшін қудалауға түсті. Бердіхан азап түрмелерінде көп зардап шегіп, аман оралған, кейін
соғыста айып батальонында қаза тапса керек. Ал нағашыларын паналап Түрікменстанға қоныс аударған Зәкіржан сол жақта өмір сүріп, 1974 жылы 52 жасында өмірден өткен. Оның балалары бұл күндері Маңғыстауда әр салаларда еңбек етіп жүр.
Тобанияз өмірін зерттеп халыққа жеткізуде белгілі өлке танушы журналист Әбілқайыр Спановтың орасан еңбегін үлкен ризашылық сезіммен айтып кеткеніміз жөн. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің темір, тас қабырғаларының астында бітеу жатқан құжаттар, осы азаматтың бірнеше жылдарға созылған қажырлы еңбегімен, төккен терінің нәтижесінде сөйледі.
Тобаниязды бүкіл ел іздеді, ерлер ізденді. Бүгінде Тобекеңнің болмыс-бітімін тұстас қалыптастырып халыққа жеткізе алсақ ол елінің, жұртының еңбегі. Осы бағытта тарих ғылымының докторы, белгілі ғалым Талас Омарбеков, суретшілер Көшер Байғазиев, Бірғали Баекеев, ардагерлер Дүйсенбі Әріпов, Айтуар Бүркітов, Ізтұрған Сариев, Ысқақ Шәкіратов, Естерек Жаманбаев, Нәдір Нұрғалиев, Нұралы Қазақбаев, Лебен Сәдуақасов, Жұмабек Лұқпановтар және тағы да басқа көптеген азаматтар осы игілікті іске сүбелі үлес қосып келеді.
Иә, ел үшін өлген ер шейіт дейді. Тобанияздың мерейтойын өткізгелі жатырмыз, өткізерміз де. Әйтсе де бұл той Тобаниязға емес, бізге, оның артындағы ұрпағына, қалың еліне керек. Болашақ үшін, ұлттық бірлік үшін керек деп есептеймін.
Ерін ардақтаған ел азбас, Тобекең халқымен қайта табысты. Осы күнге дейін Тобанияз туған халқының назарынан қағыс қалып келсе ол біздің кінәміз емес, заман кінәсі, уақыт кінәсі деп ұғынайық, ағайын.
1995 жылдың қыркүйегі.