08.08.2022
  134


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Игілік басы – ізденісте

 


1944 жылы КСРО Үкіметі Орта Азия фольклоры туралы Ташкентте Бүкілодақтық конференция өткізді. Конференцияға он бес одақтас республикадан, Мәскеуден қатысқан атақты ғалымдар, жазушылар «Қырымның қырық батыры» эпосының дүниежүзілік маңызы бар деген қорытынды шығарды.


Әдетте, мұндай ұлы тұлғаларды қалыптастыруда көбінесе тарихи жағдайлар белгілі роль атқаратынын ғалымдар назарға алып отырады.


Ендеше, жырау атаны қалыптастырудағы кейбір тарихи мәліметтерге назар аударалық. Ғалым геолог М.Медоев алғашқы қауым адамдарының бір тұрағы Маңғыстау болғанын дәлелдесе, академик В.В. Бартольд IX ғасырда түбек аумағында оғыздар болғанын жазады. Мұнда ежелгі сақтар мен ноғайлар, түркмендер болған. Орта Азия мен Еуропаны байланыстыратын су және құрылық жолдарының бірқатары (Ұлы Жібек жолы) Атырау, Маңғыстау арқылы өткен. Хорезм мен Шығыс Еуропаны байланыстырған көне керуен жолдарының бір саласы Арал, Атырау арасындағы Үстірт үстімен, Жем, Жайық бойымен созылса, былайғы саласы Маңғыстау түбегі арқылы Еділ бойынан шыққан. VII-IX ғасырларда Каспий теңізінің деңгейі қазіргіден әлдеқайда төмен жатқан. Сол кезеңдерде Хазариядан Орта Азия шаһарларына баратын сауда керуендері Бозашы (Маңғыстау) мен Еділ сағасына дейін керуен тартып, қатынас жасаған. X-XII ғасырларда Еуропа – Орта Азия – Үндістан (Индия) бағыты бойынша сауда жолының бір тарауы Маңғыстау арқылы өткен. Маңғыстау түбегі, Каспийдің шығыс жағалауы ежелден Батыс беті Кавказбен қарым-қатынасын үзбеген.


Ғұндардың, араб-ирандардың, моңғол, түрік тектес тайпалардың, қалмақтардың жойқын жорықтары Маңғыстау өлкесін, Үстірт пен Атырау аймақтарын, Каспий мен Арал арасын орағытып өтпегені ақиқат. Бұл аталған өңірлерде көне тайпалар тоғысқан, жатжерлік шапқыншыларға қарсы күрестер, небір алапат соғыстар да халықтың жеңісімен аяқталған. Алтын Орданың ыдырауы, Ақтабан шұбырынды оқиғасы, Исатай-Махамбет, Сырым, Иса-Досан бұрқаныстары халқымыздың жадында мәңгі сақталған. Мысалы, 1870 жылы Маңғыстауда патша үкіметінің отарлаушылық  езгісіне  қарсы  шаруалар  көтерілісі  басталғанда


 


Мұрын он бірге толар-толмас жаста болатын. Ол көтеріліс 1873 жылы жеңіліс тауып, Маңғыстаудың бір қатар ауылдары көршілес Қарақалпақ,                         Өзбек,  Түркмен   аралас        елдерге   қоныс   аударады. Күйзеліске     ұшырап,     сол     аймақтарға      барғандардың     ішінде Мұрынның да үйі бар еді. Бұларды қайталап еске алу себебі мынау. Мұрын                жырау           Түрікменстанның      Байрамалы           жерінде                біраз уақыт болғанын, ол маңды аралағанын тілге тиек етеді. Байрамалы қаласы, Байрамалы  (Байрам-Али) ауданының орталығы. Ол Мары облысының орталығы Марыға тиіп тұр – 28 шақырым. Одан былай түрікмен елінің қазіргі астанасы Ашхабад қол созым жер. Демек, жырау түркмен елінің кіндік ортасын жатып-жастанып аралаған деуге келеді. «Көроғлыны» жақсы меңгерген деген пікір бұл ойды


қуаттаса керек.


Басқаша айтқанда, ұлы жырау қазақ қоғамының басынан өткен тарихи оқиғалардан әбден құлағдар боп өскен. Ал XIX ғасыр белесінде Маңғыстау өлкесі, Орта Азия, Қазақстан аумақтарын қамтыған қоғамдық өмірдің күнгейі мен беткейі жырау атаның жан-жүрегінен, ақыл-ойынан өткізіп, қорытынды жасап отырған. Міне, осындай дүниежүзілік тарихи орта Мұрын жыраудың да азамат, ақын, күрескер ретінде қалыптасу ортасы болған. Бірақ, жырау естіп білгендерін бір құлағына кіргізіп, екінші құлағынан шығарып салушы жай ғана көптің бірі емес. Ол бұларды ақыл елегінен өткізіп, ақылына ақыл қосуға ұмтылған. Сол арқылы Ұлы Абайдың «Болмасаң да ұқсап бағына» жүгініп, абыз аталарға ұқсап бағуға ұмтылған. Бұл ұмтылыс өз жемісін берді. Бүгінгі, егеменді еліміз ұрпағы осыған түсіністік танытуда.


 





Пікір жазу