08.08.2022
  163


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Маңғыстау Гомері

 


Гомер кім? Ежелгі Грецияның аты аңызға айналған ақыны. Оны «Иллиада» мен «Одиссея» сияқты эпикалық поэмалардың авторы деп жорамалдайды. Кеңес үкіметінің тұсында ұлттық өлең- жырымызды кейін сырғытып, орыс және шетелдік поэзияны асқақ көтеру дәстүрі болды. Келсін-келмесін еуропалықтардың туындыларын классика ретінде танып, соны дәріптеуге келгенде алдымызға жан салмадық. Сол кездегі көзқарас бойынша солай шығар, қазір қайта саралап, жаңа көзқараспен көз жіберсек, классика деп жүргендеріміздің көпшілігі ортанқол дүниелер. Тіпті қазақ болмысына мүлде келмейтін, қисыны алыстау шығармаларды мектептерде оқытып, балалардың басын қатырғанымыз ақиқат. Әйтпесе, қазақ поэзиясында соларды он орап алатын ғажап, жауһар туындылар аз болған жоқ. Рас, Гомер өз заманының озық ойлы адамы, әлемдік деңгейде аты шықты. Поэзияның тілін тұтас бір дәуірді жырлаған Гомермен салыстыру орын алды.


Мұрын Сеңгірбековті де көзінің тірісінде «Маңғыстаудың Гомері» атады. Қазақ халқының бағына біткен асылдары Қ.Сәтбаев, Н.Оңдасынов, Н.Сауранбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов және басқа зиялыларымыздың бастамашылдығы және қолдауымен ол осындай бағаға ие болды.


Бұл кезде Кеңестер Одағы өмір мен өлім арасында «байтал түгіл бас қайғының» кебін киюде болатын. Бақайшағына дейін қаруланған фашистік Германия миллиондаған әскерімен Кеңестер Одағының тұтас батыс шекарасына 1941 жылдың 22 маусымында, таңғы сағат төртте, ойда жоқта басып кіргені тарихтан аян. Осының салдарынан Балтық теңізі мен Қара теңіз арасында Германияның әскері қаптай жылжып, ұшақтары төбеден бомба, танкілері мен зеңбіректері қара жерде снарядтары мен гранаталарын қарша боратып, ауыл-қалалардың күл-талқанын шығара бастайды. Қапелімде ес жинау қайдан оңайға түссін?! Неміс фашистері жазықсыздан-жазықсыз бесіктегі баладан еңкейген қарттарға дейінгі миллиондаған бейкүнә жандардың қанын судай шашты. Бейқұт жатқан елді қырып жойғандарына елірген фашистер ентелей ұмтылып, қазіргі Белорусь, Украина сияқты елдерді түгелдей дерлік басып алады. Бұнымен де шектелмей, Кеңестер Одағының ілгерілі-кейінгі астаналары Ленинград пен Мәскеуге, Еділ бойына төніп келді. Егер, фашистік жау үшін зор стратегиялық


 


маңызы бар аталмыш міндеттерді олар өз пайдасына шешсе, онда Ұлы Отан соғысының тағдыры Ресей жерінде немістердің пайдасына ауар еді.


Бір шаңырақтың астында бір Отан деп өмір сүрген кеңес жұрты барын майданға жөнелтті. Солардың қатарында Қазақстанның да ұл-қыздары қолына қару алып, жасанған жауға қарсы шықты. Екі ұлы держава жарты Еуропаны басып алған, фашистік Германия мен он бес одақтас республиканың басын құраған Кеңестер Одағы арасындағы соғыстың шешуші айқастары аспан мен жердің арасын ойранға салды, мыңдарды майдан даласында мәңгілікке жай тапқызды.


Міне, осындай туған ел үшін алдым-бердімге толы, екіталай шақтың өзінде ұлтымыздың мақтаныштары Қ.Сәтбаев, Н.Сауранбаев төл әдебиетіміздің тағдырын ерекше бағалаудың қайталанбас үлгісін таныта білді. Енді, бұл айтылған ойды қуаттарлық бірер дерек ұсынып көрелік.


КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Президиумы председателінің орынбасары Қ.И.Сәтбаев пен КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының тіл, әдебиет және тарих институтының директоры Н.Г.Сауранбаев екеуі Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің Председателі Н.Оңдасынов жолдастың атына 1942 жылдың 12 қаңтарында «Мәлімдеме хат» жазып тапсырған. Хаттың тоқетері Мұрын жырау Сеңгірбековтың жырларын стенографияға түсіріп алуға тірелетін.


Ал елдің жағдайы болса, несін айтарсың, аса қиын шақта еді. Бірақ, соның өзінде де бұл үш бірдей асылымыз ұлтымыздың рухани өмірінің мәртебесін жоғары ұстаудың биігінен көрінді. Былайша айтқанда, ел болып қалу үшін ұлттық рухымызды әрқашан жоғары ұстауымыз қажет. Ұлттық рухымыздың бірегей қайнар көзі мәдени мұраларымыз болып саналады. Жасы сексеннен асқан Мұрын жыраудың ақыл-ойында мәдени мұрамызды алты алашқа, жалпы адамзатқа ұялмай ұсынарлықтай жыр әлемі сақталған. Қамшының сабындай қысқа ғұмырының көбін артқа салған, азы қалған Мұрын жыраудын атадан әкеге, одан балаға ұласып келе жатқан әдеби мұрасын жазып алып үлгеруге олар жандарын салады. Оқырман қауымның бұл айтылғандарға көзін жеткізе түсу үшін «Мәлімдеме хаттан» үзінділер келтірейік.


«1939 жылғы диалектологиялық экспедицияның есебі бойынша  КСРО  Ғылым  академиясының  Қазақ  филиалына


 


«Қырымның қырық батырын» айтатын көне-көз жыраудың есімі мағлұм болған еді. Бірақ, осы уақытқа дейін белгісіз себептермен филиал тарапынан бұл жырларды жазып алу мақсатында ешқандай шара қолданылған емес» деп басталады «Мәлімдеме хат».


Одан әрі былайша сыр шертеді.


«1941 жылдың ноябрінің басында Қазақстан Комунистік партиясы Орталық Комитетінің секретары Бузурбаев жолдастың мақұлдауымен КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Қазақстанды зерттейтін қоғаммен бірлесе отырып, қазақ әдебиетінің тәжірибелі жинақтаушысы А.Хангелдин жолдасты Маңғыстауға жіберген болатын. Ондағы мақсат – аталған фактінің ақиқаттығына көз жеткізіп, мүмкін болған жағдайда жергілікті жердің өзінде-ақ сол жырларды толықтай жазып алу шараларын ұйымдастыру еді.


Хангелдин жолдас Форт-Шевченко қаласында бір жарым ай болып, Алматыға оралғанда аталған жырау жайлы және оның жырлары хақында барынша толық мағлұматтар алып қайтты.



  1. Жырау Мұрын Сеңгірбеков қазір 81 жаста. Ол адай руынан шыққан. Бұл күнде ол Форт-Шевченко қаласының Киров көшесіндегі №76 үйдегі күйеу баласының қолында тұрады. Ара- тұра зергерлікпен айналысады.

  2. Өзінің және онымен замандас қариялардың сөзіне қарағанда, Мұрын Сеңгірбаев «Қырымның қырық батыры» туралы жырды жырлауды 18 жасында меңгерген майталман жыршы.


Ұзақ жылдар бойы ол осы жырды айта жүріп, бұрынғы Бұхара, Хиуа әмірлерінің қол астындағы Әмудария мен Сырдарияның аралығын қоныс еткен елдерді, Каспий мен Қара теңіз оңтүстік жағалауын мекендеген халықтарды аралап шығады. Өзін осы елдердің арасына танымал еткен ол есейе келе қазірге дейін жұрт ілтипатпен атайтын Мұрын жырау деген құрметті атаққа ие болады. Әйтсе де қартая келе Мұрын жырау бұрынғы даңқынан айрыла бастайды. Ол қазіргі соңғы буын өкілдерінің арасында тіптен белгісіз.


«Қырымның қырық батыры» жайлы жырдың дүниеге келуі турасында Мұрын жырау қария мынандай жайды мәлімдейді: бұл жырлардың бірінші шығарушысы – осыдан шамамен 500 жылдай бұрын өмір сүрген Сыпыра жырау. Сыпыра жырау өзінің бұл туындысын жаңа ұрпақ өкілі Абыл жырауға аманат еткен. Абыл жырау болса, өзінен кейінгі Нұрым жырауға, ал ол – төртінші


 


буынның өкілі Мұрын жырауға аманат етіп қалдырған. Одан аталған жырларды үйреніп қалған бесінші буыннан әзірге ешкім де жоқ.


Көзімен көргендердің (Хангелдин, Жақыпбаев жолдастардың) айтуынша «Қырымның қырық батыры» ерекше құнды, көлемді мәдени мұра. Бұл тұрғыда мына жайлар осыған дәлел бола алады:


«Қырымның қырық батыры» туралы жыр қырық тараудан тұрады, оның әрқайсысы жеке-жеке батырларға арналған. Сонымен бірге бір батыр екінші батырдың ұрпағы болып жырланады. Сондықтан қырық батыр жайлы жырлардың жиынтығы – тегі мен композициялық  құрылымы  жағынан  өзара  тығыз  байланысты.


«Қырымның қырық батыры» туралы жыр деп аталатын жырлар жиынтығы  өзінің  құрылысы  жағынан  қырғыздың  белгілі


«Манасын» еске түсіретін, бірақ көлемі бойынша одан екі есе үлкен, қалыпқа түскен тұтас бір мәдени дүние... Аталған мұра көлемі жағынан Шығыстың ұлы туындысы – «Мың бір түннің» өзін кейінге қалдырады.


Бұл жырлардың мазмұны, сюжеті мен композициясы ерекше назар аударуға лайық. Шетжерлік басқыншылардың шабуылынан елін қорғаған батырлар ерлігі әр жырда да жырланады. Батыр мұнда халқының қорғаны, жат жұрт езгісінен азат етуші қаһарманы ретінде көрсетіледі. Ержүректілік, әділдік, ақылдылық, туған халқына деген махаббат секілді қасиеттер оларға тән болып келеді...


...Жырда мына батырлар негізгі қаһармандар ретінде көрінеді:


І 1. Ала тайлы Аңшыбай батыр



  1. Оның ұлы Бабатүкті Шашты Әзіз бен Ер Көкше және Ер Қосай.

  2. Парпария батыр

  3. Оның ұлы Құттықия батыр


ІІ 5. Оның ұлы Едіге батыр



  1. Оның ұлы Нұрадын батыр

  2. Оның ұлы Муса батыр

  3. Оның ұлы Матай батыр

  4. Оның ұлы Орақ батыр

  5. Орақ батырдың ұлы Қарасай

  6. Оның ұлы Қази батыр

  7. Оның ұлы Қарадөң батыр

  8. Оның ұлы Жұбаныш батыр


 



  1. Оның ұлы Сүйініш батыр

  2. Оның ұлы Ертегіс батыр


ІІІ 16. Оның ұлы Ер Көгіс батыр



  1. Оның ұлы Тама батыр

  2. Оның ұлы Тана батыр

  3. Оның ұлы Нәрік батыр

  4. Оның ұлы Шора батыр

  5. Ақжонас батыр


ІV 22. Оның ұлы Кеңес батыр



  1. Оның ұлы Жанбай батыр

  2. Жаңбыршы батыр


V 25. Оның ұлы Телағыс батыр


26. Шынтас батыр



  1. Оның ұлы Төрехан батыр

  2. Қарғабойлы батыр

  3. Бозтуған батыр

  4. Оның ұлы Манаш батыр

  5. Оның ұлы Тұяқбай батыр

  6. Айса батыр

  7. Оның ұлы Ахмет батыр

  8. Алау батыр

  9. Тоған батыр

  10. Темір хан батыр

  11. Әділ батыр

  12. Сұлтан керім батыр

  13. Оның ұлы Шырман батыр

  14. Қобыланды батыр.


Бұл тізімнен біздің байқағанымыз, бұған дейін бізге белгілі қазақ батырлары жайлы жырлар осынау қырық батыр туралы шұрайлы топтаманың жеке бір үзінділері секілді әсер қалдырады.


Мұндай құндылығы ерекше мұрадан көз жазып қалу тіптен де кешірімсіз жай екендігі белгілі. Сондықтан жасы жеткен жырау әзірше тірі тұрған кезінде, мүмкіндігінше тездете отырып, бұл жырларды толық көлемде жазып алып, қазақ халқының, сондай-ақ, Кеңес Одағын мекендеген өзге халықтардың мәдени игілігіне айналдыру қажет.


Мұрын жырау жырларын әдеттегі әдіспен жазып алуға мүмкін еместігіне  Хангелдин  жолдастың  сапары  көз  жеткізіп  отыр.


 


Өйткені, ол бұлақша құйылып тұрған жырлардың бірде-бірін домбырасыз айта алмайтын кісі.


Мұрын жырау жырларын тек стенограммамен ғана хатқа түсіріп алуға болады, ал Форт-Шевченко қаласында ондай жағдайға мүмкіндік жоқ.


Жыраудың жасының әбден ұлғайғандығын, жырларының айрықша құндылығын ескере отырып, бұл шаруаны жедел түрде іске асыру қажет. Мұрын жыраудың (жолбасшысымен) Алматыға келуіне, жырларды жазып алу шараларын ұйымдастыруға деген қаржы 8-10 мың сом мөлшерінде белгіленіп отыр (жазып алу жұмысына кем дегенде 10 ай кетеді).


Сондықтан, айрықша құнды да сирек кездесетін қазына-өзінің бағалығы жағынан қырғыздың «Манасынан да» асып түсер дүниежүзілік маңызы бар халық эпосынан мәңгілікке айрылып қалу қауіпі төніп тұрғанда, тіптен, қазіргідей соғыс кезінің өзінде де бұл шаруаны жүзеге асыру қажет және ол мұны ақтайды деп есептейміз.


Сондықтан біз Сізден:



  1. КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының Мұрын жырауды Алматыға жедел шақыру жөніндегі пікірін қолдай отырып, Қазақ КСР Халық комиссарлары советінің атынан Маңғыстау аудандық советінің председателінің атына Мұрын жырауды сенімді кісі қосып (күйеу баласымен) Алматыға кідіртпей жеткізу жөнінде телеграмма бердіруді өтінеміз.

  2. «Қырымның қырық батыры» туралы жыр атанатын уникальды қазақ эпосын жаңғыртуды ұйымдастыру үшін Қазақ КСР Финанс комиссариатына КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалының есебіне 1942 жылға он мың сом қосымша қаржы бөлдіртуіңізді сұраймыз».


Хаттың соңына Қ.И.Сәтбаев пен Н.Т.Сауранбаев ағалар қолдарын қойып, мөрмен куәландырған.


«Мәлімдеме хатты» баспаға 1986 жылы түбегімізден шыққан белгілі ғалым Қ.Сыдиықов дайындаған. («Қырымның қырық батыры», Алматы 2005 жыл, 450-452 бет).





Пікір жазу