Мәңгілік ақын Қашаған
Қашаған - ауыздығы сөз бермей, ақынмын деген талайды тәубәсіне түсірген дүлей қабілет иесі. Жалпы Құдай тағала қасиетті қазақ даласының, оның ішінде киелі Маңғыстау өлкесінің құрсағынан әр заманда біртуар айрықша ұлдарды түлетіп отырған. Алты алашқа Пір атанған Бекет атаны, Қырымның қырық батырындай телегей жырды жадына сақтаған Мұрын жырауды, жарты әлемге танылған қанатты тұлпар – адай жылқысын, небір батырларды атаған кезде, көмейінен бет қаратпас ағыл-тегіл жыр тасқынын тудырған Қашаған Күржіманұлын да атауға тиіспіз.
Қашағанның туған жеріне қатысты бірнеше пікір бар. Бірінде («Маңғыстау энциклопедиясы», 2009 жыл) бейбіт кезде де, ел басына күн туған қиямет-қайым шақта да ауылы аралас-қойы қоралас түрікмен халқының жерінде өмірге келгендігі айтылса, екіншісінде «Маңғыстаудың, Адай уезінің Жаңғақ жерінде туылған, бұл жер кейін Түрікменстан құрамында қалған» делінеді. Қашан да, қайда да тектілігін жоғалтпаған, мәрттігін аласартпаған халқымыздың талантты ұлы 1841 жылы туылып, жетімдіктің тақсіретін тартудай-ақ тартқанын өлеңдері арқылы және көзін көрген ет-жақын ағайын, бауырлары тарапынан айтылған деректерден білеміз. Бір жағынан қысса, екінші жағынан үйіп-төгіп бере салатын кең Алла оны әкеден ерте айырып, мал-мүлікке кенде қылғанмен, қабілет-қарымға бай қылды. 15-16 жасында жалданып көпестің малын баққан жалшы бала кең далада, Құдайдың құдіретімен арқалы ақын болды. Одан әрі өмірінің өзегі, күнелтісінің арқауы өнер-өлең болды. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе өңірлерін, Хорезм аймағын аралап, ел арасындағы белгілі өнер майталмандарымен танысқан, олардан үйрене және өзін мойындата ержетті. Ақтан, Бала Ораз, Нұрым, Қалнияз, Құрманғазы, Аралбай, Қашқымбай, Мұрат, Ығылман, Қоспақ, Өмір секілді сол заманның сөз иелері Қашағанның қарымын бірден білді, қапысыз таныды. Аяқ алысына, сөз саптауына сүйсінді. Ұлы ақын ретінде жасы үлкені іні деп, жасы кішісі аға деп алдына шығарды. Барлық өлеңдері құйма құлақ, өлең сүйгіш азаматтардың айтуымен ауызша тарап, Қазан төңкерісі жылдарынан соң ғана қағаз бетіне түсе бастады. Ең алғаш баспа бетінде жарық көруі ақын қайтыс болған соң алты жылдан соң, яғни 1935 жылы «Әдебиет майданы» журналында жариялануы еді.
Тәуелсіздік таңы атысымен қазақтың ұланғайыр даласын бүркеген зілмауыр қабат сетінеп, кеудені керімсал күйге бөлер әдемі бір соны сәт туды. Айнала жаңаша түрге еніп, құлпыра бастады. Бағзыдан 362 әулие мекені деп әспеттелетін Маңғыстау өлкесі де жан-жақты серпіле түсті. Экономикалық қарыштауын, әлеуметтік әлеуетін айтпағанда, мәдени-рухани тұрғыда тарихқа кеткен есесін түгендеп, бойын тіктей бастады. Маңғаз далаға жамырай келіп, ұрпағымен жадырай табысқан көп жақсылықтың басы да, бірі де – Қашаған ақын рухының оралуы болатын. Оқырман жас-кәрісі қалмай Қашаған ақынның шығармаларына ден қойды, құныға оқыды, қызыға тыңдады.
Халық Қашаған ақынына Ақтау қаласының төрінен ескерткіш орнатты. Ұлы ақынға арнаған ескерткішті бір емес, жаңалап үш рет тұрғызуын – біріншіден, өз билігі өзіндегі, игі жақсыларын қалай ұлықтаса да өз еркі білетін азаттықтың жемісі деп білсек, екіншіден оны халықтың ақынға деген терең сүйіспеншілігі, оған қойылған ескерткіштің ақынның өз жырындай айрықша болуын армандауы деп қарауымыз қажет.
Расында, әркімнің бүгінгі табыс-жетістігі ертеңгі күні үшін өлшем бола алмайды. Ескі-тозып, жаңа-озып, жас-түлей берері- өмір заңы ғой. Біз көрген, бастан кешкен өмір тоқтаусыз алға озып, ертегіні шындыққа айналдыруда. Кешегі Қашекең ақын заманының көлігі, жылқы мен түйе болды. Ал қазір ше? Қара жерде ұшқан құсты шаң қаптыра желдей жүйткіген автокөліктер, көк аспанда ақ бауыр алып ұшақтар айшылық жолды шәйі орамал кепкенше делінетін шапшаңдықпен алуда, тереңімен қорқытатын теңіздерде қанатты балықтай кемелер еркін көсілуде. Осындай заманда Қашаған ақынға заманауи ескерткіш көтере алмасақ, елдігімізге сын келмей ме?
Сол кезеңде Маңғыстау өңірінде Қашаған ақынды ұлықтау, оның өміршең жырларын ұрпақ санасына сіңіру бағытындағы істер жалғасын тауып жатты. Тәуелсіздік алған соң еліміздегі алғашқы тойдың бірі болып, 1991 жылы Қашаған ақынның 150 жылдық тойы атап өтілді. Сол тойға арнайы келген заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «жарықтық Қашекеңді бұған дейін кей қазақ білген, ел қазақ енді біліп жатыр» деген еді. Тойға бауырлас түрікмен, өзбек, қарақалпақ, тәжік, басқа да елдер мен өлкелерден өкілдер келді.
Мектеп оқушылары арасында өлең әлеміне құштарлығы бар жас ақындардың айтыстары ұйымдастырылды. Бүгінгі ағайынды Нұрлан және Фархат Мұсаевтар осы айтыста тұсауы кесілген жастар болатын. Қашаған атындағы мектеп оқушылары айтысы өткізіліп жүрген кез еліміздің экономикалық қиындықтарға малтығып жүрген кезеңі болатын. Құдайға шүкір деуіміз керек, қазір жағдай біраз түзелді. Қазақстан атын әлем таныған тәуелсіз елге айналды. Осы жағдайда Қашаған атындағы мектеп оқушылар айтысын қайтадан қолға алып, жаңаша және ауқымды көлдемде өткізуге толық мүмкіндік бар. Бұл ақын рухы алдындағы парыз және ел арасындағы талай жас таланттардың томағасын сыпырар ізгі іс болар еді.
Қашағанның суырып салма және дүлей ақын екендігін, әділетсіздікке төзбейтін намысты, ездік пен әлсіздік танытқан жанды шен-шекпен, даңқ-дабырасына қарамай жырмен дүрелей алатын қайсар мінездің иесі екендігін, сондай-ақ ислам әлемінің тарихын, шариғат талаптарын жетік білген көкірегі ояу, сауатты жан болғандығын оның соңында қалған шығармалары танытып, мойындатып отыр. Өкініштісі, қолда бар мәліметтерге жүгінсек, күні бүгінге дейін Қашаған ақынның шығармалары әлі толық жинақталмай отыр. Оның баспа бетін көрмеген, ел аузында жүрген шығармаларын жинақтау – ұлтжанды, өткен тарихқа бей-жай қарай алмайтын перзенттің парызы. Бұл орайда Қонысбай атты халық ақыны көп іс тындырып жүр. Оның жеке мұрағатында Қашағанның ел аузында қалған біраз шығармалары сақталған. Бұл сияқты мысалдар аз емес. Осылардың басын қосып, құрастырып, кітап шығару керек-ақ. Халық арасында «Өмірім - өзгенікі, өлім ғана өзімдікі» деген сөз бар. Қашекеңнің көзі жоқ болса да сөзі кейінгі ұрпағымен бірге жасасып келеді. Демек, ақынның рухани өмірін зерттеу, шығармаларын түгендеу де халқының мойнындағы міндет. Қашағанның өзіндік ерекшелігі - XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың 30 жылдары аралығында Батыс Қазақстан аумағында айтыс өнерінде алдына жан салмауында жатыр. Оның жалпақ жұртқа жайылған атақ-даңқына іштей де, сырттай да бақталас кейбір әріптестері оны ойламаған жерден, тұтқиылдан басып қалып, оңтайлы тұста опық жегізуге, сөйтіп ел мақтаған Қашағанды сүріндіруге, сол арқылы өздерінің абыройын асыруға әрекеттенген. Оған ойда жоқта соқтыққан Сақып, Ізім, Ізбас ақындардың әрекетін осылай демеске амалымыз жоқ. Әйтпесе, мұсылмандық дәстүрге
сай өздігінен ешкімге қақтықпай-соқтықпай адамдықтың ақ жолымен жүретін, адамгершілік, ақиқат мұраттарын биік қоятын Қашаған аға дегенге асқар тау бола алатын, іні дегенге ізет көрсете алатын жан. Ал аяғынан шалып, орынсыз жерде жағасына жармасқанды түсіне де, кешіре де алмайды. Сөз-сойылын аяусыз сермеп, көпшіліктің алдында әбден шәт-шәлекейін шығарып, масқаралап, екінші қайтара бетіне қаратпайтындай етіп бір тынады. Ақтөбе облысының Темір ауданы аумағында өткен тойда Тама руының жүйрігі Ізім шайыр намаз оқып отырған Қашағанға соқтығады. Айтыстың бірнеше нұсқасы бар, бірақ бәріне ортақ нәрсе біреу – ол Ізім шайырдың Қашағанға тиісу үшін күллі Адай еліне орынсыз топырақ шашуы. Иісі қазаққа даңқы мәлім, Пір Бекет бастаған әруақты ерлер көп шыққан белді руға деген көреалмаушылық, реті келсе оны мұқату. Ізім ақынынң шумақтары
осы желіге құрылады.
Болады түс қайтқанда бесін намаз,
Қор болған Адайларға, есіл намаз, -деп әп дегеннен сөз ләмін осылай бастайды.
Біз мынау сахараның Адайындай, Қояндай шәшкі жеген көп жүрмейміз,
Шелектен айуанға ұқсап су ішпейміз, - дей келіп, Сен Адай сахарада жүрген надан елсің,
Сендерді сол себептен жек көреміз, -деп ширығады. Сабазым, танымадым, Адаймысың?
Бізбенен ұстасуға қалай күшің? -деп шаптығады.
Бастан-аяқ осылай құрылған жыр жолдары Қашаған түгілі, тыңдаушының намысына тиіп, зығырданын қайнатады. Ал Қашекең қайтты? Алладан хабары бар, иманы түгел Қашекең балағына жармасқан ақынсымақтардан өзінің өресінің де, кісілігі мен білімінің де зор екендігін дәлелдеп берді. Ізімнің бет-алды жоқ айтылған балағат сөздеріне еріп, аттандаған жоқ. Ізімді сабасына түсіре отырып, салмақты айтысты, сабырлы, салиқалы ой айтты.
Ашуға немесе сезімге беріліп асып-саспаған ол қара домбырасын қағып-қағып жіберіп, жыр нөсерін ақтарыпты:
Біреуді-біреу неге керек қаралаған, Әркімдер өз әліне қарамаған.
... Шайырмын мен де көп ел аралаған,
Алды-артын замананың шамалаған,- деп өзінің талай елді, небір ақынды көргендігін паш етеді де, әрі қарай мұсылман
шариғаттарынан сыр шертеді. Намаз оқымаймыз деп өзін-өзі ұстап берген Ізім ақынның аяғын шариғат заңдарымен шырмап тастайды. Бұл айтыстың толық нұсқасы 2011 жылы «Жазушы» баспасынан Жетібай Жылқышыұлының құрастыруымен «Қайыртпай кеткен Қашаған» кітабында жарық көрді. Алайда, Мұрат Өскінбайұлы, Жаңай Қожали, Сұлтан Балқаев, Шамығұл Ибрайымов айтқан нұсқалары да бар.
Арада қанша уақыт өтсе де Қашаған ақынның Ізім шайырмен айтысы ешқандай мән-мазмұнын жойған жоқ. Айтыстың бүкіл философиялық пафосы ұлы уақытпен үндес, ұлттық рухымызбен мәңгі бірге жасасып келеді. Түбек перзенті, заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбайдың:
«Әлі де болса, бар сыр, бар сиқырымен танылып бола қоймаған Маңғыстау жыр мектебінің арман иесіндей ата бәйтерегі
– Қашаған ақын Күржіманұлы. Қашаған жырын тыңдасаң, оқысаң әр ғасырда әрқилы аталғанмен ықылым заманнан жер үсті ғаламаттарының бәріне қатысып келе жатқан халқымыздың көп ғасырлық көне тарихының көк айдын мұхитына жүзгендей, сол көп ғасыр бойғы қордаланған рухани ырзығының бәрі төкпей-шашпай жиылып, қаймағы алынбай қуырылып,тыныш тұрған қасиетті қара қазанының қақпағын ашып, нәр татқандай. Халық парасатының көп замандардан бері тұяқ кешті болмай, тұнып тұрған кәусар көліне, күмп бергендей боласың. Мейірің әбден тасады. Өйткені, Қашағанның бойында тең халықтың табиғаттан туындайтын алыптық қасиеттердің бәрі бар деп түйіндеуіне қатты ризашылықтың белгісі ретінде еріксіз бас шайқап, арқаланып шыға келесің» дегені табиғат тудырған ұлы ақынға берілген зор баға. Ізім шайырдың жыр жолдары бұл айтылғанды жеріне жеткізе қуаттап тұр. Ізім шайыр тұтас бір елге топырақ шаша сөйлеуімен өзінің ақыл - парасатының, рухани мәдениетінің төмен жатқанын салғаннан-ақ аңғартып, оқырманның судай тасыған көңілін басып тастайды емес пе? Ал Қашекең жырларын оқығанда жыр дариясындағы қайықта тербелгендей рахат сезімге бөленесіз, жан дүниеңіз жасарғандай күй кешесіз. Бұл өзіңнің көкейіңдегіні тап басып айтып, айызыңды қандырған шабыт қасиеті десек, оның жырының мән-мағыналық тереңдігін зерттеу және оқырманға жіліктей шағып түсіндіру үшін ең айтулы деген тіл мамандарының біраз жыл ізеуріттей ізденуіне тура келеді. Дін-діңгек болғанда, халқымызды ислам дінінен, Хақ жолын сілтер -Құран Кәрімнен
алыстатушылықтың ұлттық рухани өмірімізде орны толмас қателікке итермелейтінін ел-жұрт тұрмыс-тіршілігіне негізделген мысалдар арқылы шебер жырлап, нанымды жеткізгеніне тәнті боласың.
Жүгірме, әңгіменің терісіне, Сөзді де айтқан дұрыс келісіне, Ағайын Тама, Табын бізге келіп,
Қыдырып жүрмеуші ме ед ел ішінде,- деп исі қазақты татулыққа, бірлікке шақырады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстаннның басты ұстанымы да осы – татулық, бірлік. Қашаған оны өткен ғасырда айтып жар салды. Бұл сөз ұлыларға тән ақыл-парасат, кез- келген емес, аз қазақты бірлікке, татулыққа шақыруды мақсат еткен кемеңгерлік иесі айта алатын ұлық сөз. Демек, бұл айтыс Қашекеңнің жәй ақын емес, ел бірлігін ойлаған азамат ақын екендігін танытты.
Қашаған ақынның өзге айтыстары да оның ақын, азамат ретіндегі шоқтығын биіктете түседі. Оның ата тегін орынсыз сынап-мінеуден аса алмайтын, әдеп сақтауды білмейтін күншіл ақындарды аяусыз ірейді. Мұндай ақындар өз елі ішінен де табылды. Соның бірі - Базар Жары Ізбас ақын. Сексенге келген кезінде «айтысам» деп аласуан болған Ізбастың қылығы Қашағанға ұнамайды. Бір жиында
Сен – есек те, мен – тұлпар, Адай түгіл Алшынға, Естілген дүбір-дүрсілім.
...Мен - ақ айдында аршындап жүзген ақ пароход, Басармын да кетермін,
Батарсың да кетерсің, Күні бұрын күбінбе!
Сен бір жабы, мен – тұлпар, Сен бір қарға, мен – сұңқар, Тоғыңды шайқап бүлінбе.
Мен –мұхит жатқан тереңмін, Шамшырақ жанған түбімде.
...Мен – жоғарыда жүзген кемемін,
Сен – өзектегі жыртық қайықсың -дей келіп: Менің түкірігім сөндірер
Сенің жаққан отыңды,-деп екпіндете тоқтайды. Қашаған ақынның ойқастаған жүрісі бөлек тұлпарлығын танытатын бір тұс –
осы. Мұны естіген Ізбастың қандай күйде болғанын қайдам, ал арада қанша жылдар өтсе де оқыған жанның дегбірі қашатыны анық.
Аға алдында кішілік жолын ұмытқан Сақыпқа: Мұнартып Еділ таспаса,
Кемерінен аспаса, Көбігін көкке шашпаса, Биіктен қарғын баспаса,
Су жүретін бе еді Жайыққа? Кеме жүрсе дарияда,
Жол тиетін бе еді қайыққа?» деп тойтарады. Бұл Сақыпқа
«мен тұрғанда әліңді де, жолыңды да біл» деген ақыл, тойтарыс. Әдепке шақыру. Үлкенді сыйлауға үгіттеу. Демек, Қашаған ақынды
– ұрпақ тәрбиелеуші ұстаз-ақын деуімізге толық дәлел бар. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен, ана тұрып қыз сөйлегеннен без» дегендей, жасы үлкенді сыйлау, жолдасу – бізге бабадан қалған жақсы әдет, жан жадыратар мінез десек, Қашаған оның жоқтаушысы және жолдан шыққанды қайырып әкеп тезге түсірер тегеурін иесі.
Ал домбыраны «қу ағашқа» теңеген Есқали сұпыға айтқаны - әдепсіз жанның қол-аяғын өлеңмен шырмап, ақылға суарылған кемел оймен шандып тастаған тамаша туынды. Алдын ала белгілі болған тақырыпқа арнайы дайындықпен, қолпаштау- қошаметтеумен ырғала-жырғала келген ақын емес, ойда жоқта тап болған тайталасқа мұндай тасқын-екпінмен, терең білімділікпен, кең мағыналы, шабытты толғаныстан туған дүлей сөздермен соққы бере айтысу –түртіп қалсаң өлең ақтарыла жөнелетіндей табиғи таланттың қолынан келер шеберлік. Айтыскерлік, сурып салмалық қыры осындай болған Қашекеңнің шығармашылығындағы шағын өлеңдері байлар мен мансапқорларды, жағымсыз қылық иелерін өткір тілмен сынауға құрылса, «Адай тегі», «Топан», «Атамекен» дастандары тарихи шежірені арқау етеді. Бұлар да ұрпақтың ата текті, ел басынан өткерген талайлы тарихты тануына үлесін қосып келеді. Ақындар тәмсіліне сүйенсек, «ақынның аяқ алысын өлеңінің алғашқы бір-екі жолы-ақ аңғартып тұрады». Қашаған ақынның шағын өлеңдері, толғаулары мен термелері, қысқа сөз қағыстырулары өзінің көркемдік құрылысы, айтар ойының салмақтылығы мен уыттылығы, тілінің құнарлылығы жағынан ұзақ-сонар айтыстары мен дастандарының шоқтығын одан әрі толықтыра, биіктете түседі. Содан болар Әбіш Кекілбайдың:
«Дария десе, дария екен ғой Қашекең! Нағыз жырдария, мұңдария, шердария, сырдария екен ғой. Оның ағыл-тегіл жойқын тасқынының қаншасы тұрымтай тұсына, балапан басына заманда құмға сіңіп жоғалды. Қаншасы құнтсыз елдің қоржыны мен сандығына қолжазба боп түсуге үлгере алмай, күннен-күнге көзі азайып бара жатқан құймақұлақ қариялармен бірге әлдеқашан дүние ауып, үйме топырақтың астына кетті. Қалғанына тәуба! Қашағандай жырдарияның дүниеде болғанына тәуба!» деуі.
Қазан төңкерісіне дейін Қашекең шығармаларының ауызша тарағандығын айттық. Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында сол ауданның танымал, жігерлі қызы, халықтың рухани мұрасына жанашыр көзқарасы үшін «Мәдениеттің Мәнеті» атанған қарындасымыз тұрады. Көненің сарынына құлағы түрік жүретін Мәнет Теңелбайқызы ел ішінен бірнеше өнерпаз жас таланттарды тауып, тұсауын кескендігінен хабардармыз. Мәнеттің айтуынша, оның әкесі жас кезінде ру жағынан Қосай ата баласы боп келетін ағасы Қашағанға біраз ерген екен. Бұл ерудің мәні бар, ал еретіндер де тегін адамдар емес. Қазіргідей дыбыс жазатын диктофон секілді құрал-сайман тұрмақ, қағаз-қаламы қат заманда олардың қызметін бір естігенді қағып алатын құйма құлақ жандар атқарған. Қайран қалатының сол, расында, заманына қарай табиғат өзі лайықтап жаратып, өзі үйлестіріп отыратын болуы керек, әлгі жігіттер Қашекеңнің аузынан шыққан жыр жолдарын, жол- жөнекей айтқан шумақтарды айнытпай қайталап, лезде жаттап алатын болған. Есте сақтау қабілеті нық, зерделі, зерек Теңелбай осы қызметті атқарған. Оның айтуынша, Қашекеңнің жасы егдерген соң жағы босаған. Ақын белгі берісімен жалаңдаған көмекші жігіттері иектің астынан салып, жағын қаусыра тартып әкеп, басынан асыра түйіп байлаған орамалын шешеді екен де, сөйлеп болған соң қайта байлап қояды екен. Әйтпесе, қаршадайынан ұзақ- сонар жыр айтып, шеті де, шегі де таусылмайтын қырсыздық, әділетсіздік атаулыны мінеп-сынаудан тынбаған ақынның жағы өз орынында тұрмай босап, салбыраңқырап кетіп, сөйлеуіне кері әсерін тигізетін болыпты. Әдетте ауызша тараған жыр орындаушылар тарапынан біраз өзгерістерге ұшырайды делінеді. Қашағанның бізге жеткен жырының екпіні тыңдағанын тамсандырып, тиіскенін тұралатып-ақ кетеді, сонда алғашқы түпнұсқасы қандай болғандығы Бір Аллаға аян.
Қ.Күржіманұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында көпшілікке белгісіз біраз туындылары тойды ұйымдастырушылар қолына тиді. Сол кездері олардың біразы баспа бетінде жарық көрді. Алайда, Әлім ауылының айтқышы Есентұрлымен, Таз Бала Оразбен, Балқы Базар және Жаскілең ақындармен айтысы,
«Шыңғысхан», «Әзірет Әлі» дастандары сынды оқырмандарға жетпей жатқандары да бар деп ойлаймыз. Осы айтылғанды қуаттарлық бір-жар деректерге орын беріп өтелік.
Қашекең туралы әңгіменің тағы бір ұшығын Тұрарбек Нұрмағанбетұлы келтіреді. Ол «Қашекеңді соңғы көруім 1927 жыл болса керек. Қоңыр күзде күзеуде отырғанымызда кеш түскенде келді. Онда есейіп, ержетіп қалған кезім. Адамдар жиналып:
-Қашеке, жыр айт,- деп қолқалағанда құс жастықты шынтақтап жатып айтқан мына сөзі есімде қалды:
Жатқанда жанға жайлы жантайғаным, Кесірі болады екен қартайғанның.
Өлеңді қартайған соң айта алмаймын,
Жаман екен сексен деген майталманың, -деп жеткізеді.
Шабытты шоғыр жас ақындар өлкеміздің өнер мұратын асқақта көтерушілер болып келеді. Осынау өскелең ұрпақ өкілдері ұлттық рухани мұрамыздың дегелек құстай қырағы сақшылары. Қашекең «Берекетке» деген өлеңінде:
«Отпан» таудың басында Дегелек деген бір құс бар, Аспанда жұріп ысқырса,
Мың орда жылан басылған» демеуші ме еді.
Ал Қашаған ақын оның ізбасарлары қашанда шынайы ұлттық өнеріміздің ту ұстаушылары бола білген, болады білуде. Ұлттық мәдени мұраларымыздың көсегесінің қайнары осында шоғырланған.
Қашекеңнің зайыбы Мұрын жыраудың туысы Алтынзер болғанда, одан Іңкәр деген қыз балалы болған. Сол Іңкәрға арнап Қашекең өлең шығарған.
Болғанда шешең Алтын, әкең - өзім Қалайша ұйқаспайды сенің сөзің? Маған десең, тілің жоқ, сақау-ақ бол Әйтеуір, тірі болшы, ботакөзім.
деп келетін жыр жолдары болған.
Жайылып жатқан қой шетінде әлдекім күйбеңдеп жүр, енді байқады Омар деген ағайыны терлеп-тепшіп, шақырайған күннің астында жалаңбас қой сауып отыр екен. Қашекең сол жерде былай депті:
Қой ішінде шұнақ қой, Бауыры аққан бұлақ қой, Қойшыларға сынақ қой, Қойды сауып отырған, Жазығы «қойшы» демесең, Кереқарыс маңдайы, Сұлулар сүйер шырақ қой Жайылып жүрген кер шолақ, Шабандығы болмаса,
Омар сынды ер мінер, Дара тұлпар пырақ қой...
Қашаған мұрасын жинап, ел кәдесіне таратуда елдің белгілі азаматы, «Ақтау қаласының Құрметті азаматы», марқұм Таңаш Меңдібаев жемісті еңбек етті. Әдебиетке құштар оның «Сырласың да, мұңдасың да заман» атты кітабы басылып шықты. Кітаптың бір тарауы Қашаған ақынға арналыпты. Мұнда Қашаған ақын жайлы бұрын-соңды жарық көре қоймаған дүниелердің болуы – кітап мазмұнын арттыра түседі. Т.Меңдібаев дерегіне сүйенсек, Қашекең серігімен бірге шағын ауылдың үстінен түседі. Олар ат басын тіреген отауда жалғыз бойжеткен отыр еді. Жолаушылар отауға бас сұғып, дауыстап сәлем береді.
- Бұл үйге қонуға болмайды,- дей салады бойжеткен.
Біраз өтініш-тілектерден соң бейтаныс бойжеткен:
- Тоқтаңыз,- дейді, -Қонақ болсаңыз қоятын екі шартым бар.
Бірі-сұрақ, бірі-жұмбақ.Осыны шешсеңіздер ғана қонуға рұқсат.
Бірін-бірі танымайтын Қашаған ақын мен бойжеткен қыз сөз сайысына түседі. Сұрақ-жауап өрбітеді, жұмбақ айтысады. Екі жақта бірін-бірі жеңе алмайды. Ал бойжеткен болса, ақын кісінің жәй адам емесін сөзіне қарай топшылап біледі. Қашаған ақын
«болар» деп тоқтайды. Ақынды сый-құрмет көрсетіп, ауылдың жақсыларын жинап, екі-үш күн қонақ қылады.
Қоштасарда бойжеткеннің көңілі Қашаған ақынға құлайды. Сонысын бойжеткен:
- Аға маған не айтасыз?- деп, ұқтырып қалады.
Сонда Қашекең:
- Он-ит, жиырма-қасқыр, отыз-арыстан, қырық-жолбарыс, елу- тұсау, алпыс-шідер, жетпіс-кісен, сексен-көсеу, тоқсан-торғай, жүз- жұмыртқа.,-деген жауап қатып жүре беріпті. Бойжеткен не айтарын білмей, дел-сал күйде болып тұрғанда, қасына келген жеңгесі былай депті:
- Сәулем, қапа болма, ақын өз өмірін айтты ғой. «Он жаста ат қуған бала едім, жиырмада қасқырдай жігіт болдым. Отызда арыстандай, қырықта жолбарыстай айбынды едім, елу келді-аяққа тұсау түсті. Енді алпысың шідер емей немене? Жетпісте кісендеулі болмаймыз ба? Сексен келгесін мен де бір, ошақ басындағы көсеуде бір. Тоқсанға келсең, торға түскен торғайсың. Жүзде бір, жарылған жұмыртқа да бір. Көңіліңді түсірген тағдырдан, уақыттан мықты емеспін» дегені. Өміріңе қиянат жасауға ақынның ары бармады. «Қош» дегені, деп жұбатыпты.
Бұл шығармашылығына қатысты болғанда, туылған жері сияқты дүдәмал айтылатын тұс – отбасына, қызы Іңкәрға қатысты. Қайырбай Өтепбергенов «жары Алтынзер де, қызы Іңкәр да өзінен бұрын қайтқан көрінеді» дейді «Маңғыстау» газетінің 1991жылғы 2 қазандағы санында. Ал 2011 жылы жарық көрген
«Қайыртпай кеткен Қашаған» кітабында ақын «бақилық сапарға Іңкәрдің қолынан аттанған» деген нұсқа айтылады. Бұл 1929 жыл болатын. Жерлестері жиналып, ақ жуып, арулап «Қырық кез» қауымына жерлейді. Біздіңше, осы нұсқа шындыққа жақындау келетін тәрізді. Оның үстіне жуырдағы «Маңғыстау» газетінің бір санында Қашекеңнің туысы, Маңғыстау мұнайын алғаш ашушылардың бірі, өнерпаз азамат Тұрсынғали Көшеновтің
«Қашағанның ұрпағы табылды» деген мақаласын оқып, Ақтөбе бетінде тұратын Іңкәрдің ұрпақтары табылғандығын оқып-біліп, қуанып қалдық. Ұрпағын ата рухымен, нағашы жұртымен, ал маңғыстаулықтарды қыз да болса Қашағаннан тікелей тараған ұрпақтармен табыстырған Тұрекең ағамызға ризамыз.
Қашаған - қанша айтсаң да тауыстырайтын телегей теңіз ақын. Оның ірілі-ұсақты шығармалары – қазақ әдебиетіне қосылған алтын арна. Қашаған рухы алдында шәкірті, халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлы көп тер төгіп, оның шығармаларын жинақтап, қағазға түсірген болса, беріде өлкетанушы, филология ғылымының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлы сүбелі үлес қосты. Ол Алматы қаласынан «Топан» атты жыр кітабын бастырып, «Алқаласа
әлеумет» деген кітапқа кейбір туындыларын енгізді. «Алтын кездік қын түбінде жатпас» дегендей, Қашаған Күржіманұлының есімі республика көлеміне тарап, Маңғыстауда мерейтойы, оның атындағы байқаулар өткізіле бастады. 1991 жылы тойланғна 150 жылдығы аясында «Қырықкез» қауымындағы басына күмбезді там салынды, ескерткіш тақта қойылды. Ақтау қаласында тұрғызылған ескерткіш те осы сәтті жұмыстың жалғасы. Ә.Кекілбаев Қашекеңді дария деп бекер атамағаны белгілі. Түбіне тұнғаны көп дариядай терең, айдыны шалқар жыраудың, айтары мол ақынның артында қалған мұраларын зерттеп, жинақтау – бүгінгі ұрпақ парызы. Анығын айтсақ, күні бүгінге дейін осы парызды орындай алмай келеміз. 2011 жылы «Жазушы» баспасынан 2000 таралыммен жарық көрген «Қайыртпай кеткен Қашаған» кітабы үлкен жұмыстың орнын көрсетіп ұшқан балапан дейміз.Алда қыранның қанат қағысындай алымды, бүркіттің бағындырған белесіндей биік істер тұр. Тек, ұрпағымыз баба атына адал, ата мұрасына құштар болсын. Жыр атасы Жамбыл:
Сүйінбай мен Қашаған, Қара өлеңді матаған.
Атын жаттап балалар,
Әлі күнге атаған, -деп жырға қоса, тағы бір қазақтың сыршыл ақыны Ілияс Жансүгіров:
Атырау – алыс бізге, жердің түбі Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі. Шашқанда күйден көбік Құрманғазы
Қашаған –жырдан төккен маржан-дүрді, -деп шабыттана жырлауы тегін емес. Бұл алыстағы ағайын тарапынан айтылған әділ де жүрек жарды жоғары баға. Қазақтың ерлікке толы өткен жолы, киелі Маңғыстаудың тарихы, өзіндей текті ұлдары секілді Қашаған ақынның қабілеті біздің қалай мақтануымызға да барынша лайық. Біздің оларға лайық болуымыз шарт.
Уақыт – өтпелі, дүние –жалған. «Ғалымның хаты, ақынның аты өлмейді» дегендей, Қашаған жырларымен бірге жасап келеді, халқын болашаққа бастап барады. Қашаған ақынның өмірі мәңгілік деуіміздің сыры осында.