Мәтжан би
Маңғыстау өлкесі кең-байтақ қазақ жерінің шұрайлы бір шалғай болып саналады. Қазыналы даланың қазба байлықтары еліміздің де, шетел инвесторларының да назарын айрықша аударып келеді. Қойнауы қандай бай болса, бұл өңір адамдарының да жан- дүниесі сондай ерекше аймақ. Сөз құдіретін түйіндеп өткен ақын- жыраулары, әуелетіп ән салған «жеті қайқы» әншілері, күмбірлетіп күй төккен күйшілері, ауыздыға сөз бермес шешендері, жауырыны жер иіскемеген палуандары, кенезесі кепкен құла түзден су тартқан құдықшылары туралы ақиқат пен аңызға бергісіз талай-талай сөз қалған ертеден. Құлан жортқан ұшы-қиыры көрінбес даланың рухани байлығының материалдық игіліктен де асып түсетінін біреу білсе, біреу білмейді ғой.
Жем өзенінің бойы, кең Жылыой, қасиетті Маңғыстау түбегі – талаи тарихи оқиғаларға куә болған, киелі мекен. Анау тұрған Қаратау-Отпан, Иманқара, Қойғара таулары, Ақ киіз тоғай, ЮНЕСКО-ның есебіне алынған Жұбан Мавзолейі (1898 жылы салынған), Көбен би, есен Ермембет т.б. аузы дуалы абзал бабалардың мекені болған. Бейнелі түрде Маңғыстау түбегін
«ашық аспан астындағы мұражай» аталуы да тегіннен тегін емес. Ойы мен қыры, тауы мен тасы ұлы бабалардың тарихымен апталған бұл өлке өзінің жаңа зерттеушілерін күтуде. Қазіргі қолға алынып отырған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бұл шаруаларға игі ықпалын тигізері даусыз. Біз бүгін осы даланың болмыс- бітімімен біте қайнасып кеткен ұлы тұлғалардың бірі жөнінде әңгіме қозғамақпыз. Оның есімі – Мәтжан Тілеумағамбетұлы.
Ел арасында аты Мәтжан би қазіргі Атырау облысының Жылыой, Мақат аудандарының төңірегінде 1841 жылы дүниеге келіп, 1929 жылы Құлсары маңында жарық дүниемен қоштасқан. Жастайынан нағашысы шегем Көбен бидің тәлім-тәрбиесінен үлгі алып өскен деседі білетін жұрт. Туған халқының тілі мен ділін терең меңгерген Мәтжан шалбар Қалнияз ақын, есен Сейіт би, жары Абыл Тілеуұлы сияқты сөз зергерлерінің әдеби мұрасын бала жасынан зердесіне тоқып, оларды одан әрі дамыта, жетілдіре түскен сыңайлы. Саналы ғұмырын туған халқына қызмет жасаумен өткізіп, шешендік өнері Мәтжанды қоғам қайраткері, елінің жоқшысы, әділет жолындағы күрескері дәрежесіне дейін көтерді.
Ол тұста Үстірт алқабына Хорезм хандығының әмірі жүріп тұрған кезі. Ел арасындағы дау-дамай да ханның шабармандарының іс-әрекетіне қатысты өрбіп жатады. Есен Ерменбет, қырымқұл Ғапур бастап, бір топ адам Хорезм хандығына екі ел арасындағы кезекті бір даудың түйінін тарқатуға аттанады. Олар өз қатарына жас та болса Мәтжанды ерте кетеді. Жүргіншілер Хорезмге жақындаған соң, қос тігіп, аялдайды. Хан алдына бармас бұрын:
-Ал, ақылдасып алайық, ертең не айтамыз? – депті өзара әңгімеде.
Кеңеске қатысып отырған билер: «былай айтайық, олай дейік» деп өз ойларын ортаға салады. Тек Мәтжан ғана үндемей отырады. Бір кезде мұны байқаған Ермембет: «Әй, Мәтжан, сені де бірдеме айтады деп әкелдік қой, не ойың бар?» - дейді. Сонда Мәтжан:
-Күні бұрын айтқан билік – билік емес. Ханның айтқан сөзіне қарай біз де сөз айтсақ болмай ма? – деген екен.
Жолаушылардың келе жатқанынан алдын ала хабардар болған хан қазақтарды «барлауға» өз тыңшысын жіберген екен. Кеңесіп отырғанда, қос сыртында тың тыңдап тұрған кісі ханға төмендегіше хабар жеткізеді: «Бір би былай», екіншісі «олай» деді. Ал төменгі жақта отырған бір жас жігіт «Ханның сөзіне қарай сөз айтсақ болмай ма? Күні бұрын несіне желпінеміз», - деді. Сірә, сол бала қауіпті болуы мүмкін»,-депті.
Ертесіне қазақ билерімен хан кездесіп, даулы мәселе төңірегінде әрқайсысы өз уәждерін ортаға салады. Билер келген шаруаларын ұғынықты жеткізуге тырысып бағады. Мәмілелі отырыстың аяқталар кезінде Мәтжан былай дейді:
-Ертеде Астраханның жоғарғы жағында Еділ сағасындағы қазақтар арасында бір төре қыз ұзатып, бүкіл Кіші жүзді шақырып, ат бәйгесін, палуан күресін, домбыра сайысын, жыр айтысын тамашалатыпты. Сонда Адайдан барған Кенже Ақтан ақын былай деген екен:
Түркімен, өзбек өз ағам, Тәжік пен сарт садағам, Қырғыз, қалпақ, ноғай бар, Бәрі де бір атадан тараған.
Сонда біз бәріміз бір атадан тарай отырып, неге әлдебір бұзықтардың бастауымен дүрдараз болуымыз керек? Қара халықтың арманы – тыныштық. Әркез туысқандығымызды берік ту
етіп ұстауымыз керек. Бұл ретте, тақсыр хан, сіз бас болып, әр елдің ақыл-парасаты мол билерімен, азаматтарын біріктіріп, бұзақыларға тыйым салу, ел бірлігін тыныштығын әділ үйлестіру – мұсылманшылықтың белгісі. Бұл ретте, тақсыр хан, сіздің мол ақыл-парасатыңыз бен хандық лауазымыңызға сенемін».
Жас бидің орнықты сөзі көкейіне қонды ма, әлде ханның ықыласы ауды ма, ақыры, дау Адай билерінің пайдасына шешілген деседі. Сонан пәтуаға келіп, хан билерден бұйымтай сұрапты. Үлкен жақтары «бұйым бітті ғой» дегенге тоқтала бергенде, Мәтжан бүктеулі қамшысын ортаға тастап: «Дат, тақсыр»,- деп, шарта жүгініп сөз бастайды:
-Адай деген ел едік, тұрақты қонысымыз жоқ. Шаруаның жайымен көшіп-қонып жүреміз. Ендігі бұйымтайымыз, мына Әмудің жағасынан өгіздің терісіндей жер беріңіз»,-депті. Хан
«болсын» дейді.
Сөйтіп, бір күн бұрын қонақасыға сойылған өгіздің терісін суға салып, Мәтжан сол теріні домбыраның ішегіндей қылып тіліп, едәуір жерді қоршапты. Осылайша, тапқырлығының арқасында ханнан халқына үлес алып беріпті. Сол жер қазірге дейін «Мәтжан жері», «Мәтжан жап» деп аталады. Ол жер Қазақстанды жайлаған аштық кезінде арып-ашып, азып-тозған талай қандастарымызға қоныс болды.
Мәтжан бидің заманында жиырма бес таңбалы Кіші жүз ішінде жер мен жесір дауы, өзара қырқыс пен қақтығыс, оған қоса жергілікті қазақтарға орыс үкіметінің, Хиуа мен Бұхар хандарының әділетсіз зорлық-зомбылықтары кең етек алған болатын. Түрлі дау- дамайларды Мәтжан өз тұсында бітістіруге қатысып, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен ел құрметіне бөленген. Мәтжан бидің артында «Жылқының дауы», «Түйенің дауы», «Тоқтының дауы» деген көптеген әңгімелер қалған, дауласып келген екі жаққа бітісер жолын көрсетіп, мәмілелі сөзге тоқтата білген.
Кезінде Маңғыстау елінің азық-түлік, егін өнімдерін таситын Бесқаламен байланыс жолында жол торушы қарақшылар көп болған екен. Бұл алыс жолдың азабын көп адам тартыпты. Алыс жолды қалай жақындатып, халықты қарақшылық тауқыметтен құтқарамын деген ниетпен Мәтжан Хиуа ханы алдында мәселе етіп көтерді. Хан жарлығымен бұл керуен жолына бидің аты беріледі. Кейбір деректерде «Есен Ермембет» жолы деп те аталған екен
дейді. Дейтұрғанмен бұл жол халық жадында күні бүгінге дейін
«Мәтжанның жолы» болып сақталып қалған.
Халқымыз сөз қадірін жоғары бағалағандығы әлімсақтан мәлім. Сөзден ұтылғанын біліп, орнықты уәжге тоқтай да білген. Сондықтан болар, Мәтжан бидің шешендік өнеріне разы болған замандастарының бірі «Мәтеке, сіздің сөзден бөгеліп, тоқтаған жеріңіз болды ма?» деген сұрауына би: «Аталы сөзге тоқтамайтын бәдіктен күнде жеңілемін», - деген екен.
Мәтжан биден замандастары «Мәтеке, адай арасындағы беделіңіз қандай?» дегенде, «Адайға Отпанның шоқысындаймын (Маңғыстаудағы Қаратау жоталарының ең биік нүктелерінің бірі), жарыға Қаратаудаймын, Құдайбергенге құмырсқаның алда төмпегіндеймін»,-деген екен. Бұл арқылы «жақынға әулиенің қадірі жоқ» деген қағиданы айтса керек. Осы шешендік сөз үлгісі қазіргі кезде де Маңғыстауда жиі қолданылады.
Шешендік сөз өнерінде «Тура биде туған жоқ» деген қанатты сөз бар. Бұл киелі сөз өнерінің өзім, туысым, руласым деп бұра тартпай, әділдігін айтар, қиып түсер тура сөзге тоқтаған, сөз қадірін білген қазақ билеріне берілген әділ баға болса керек. Сол сияқты Мәтжан биде осындай тұлға болған. Өз руластарының өзі байқаған кемшіліктерін бетіне басқан мына берген батасына назар аударайық.
Тастемірдің айналып соқпасынан, Шотанның қасармасынан, Құдайбергеннің сағырынан,
Майланның құмарпаздығынан сақтасын.
Осы ойымыздың куәсіндей тағы бір мысал келтіре кетейік. Мәтжан би әділет жолындағы күрескер, әлсіз, жарлы-жақыбайдың қамқоршысы ретінде олардың қамын ойлап, өз туыстарына қарсы шыққан кезі де аз болмаған. Шен-шекпеніне, болыстығына қарамай, әділетсіздік көрген көрші ауылдың баласына өз туысы болыс Аманқұлды да жығып берген.
Бірде жол жүріп келе жатқан Мәтжан биге Қашмағамбеттің Бекені деген жігіт кездесіп, сәлемдесіп, жағдайын айтады.
-Аманқұл болыстың ауылын іздеп келемін, - дейді әлгі жігіт.
-Балам, онда не шаруамен барасың?- деп сұрайды Мәтжан би.
Жігіт болған жайды айтып береді.
-Біздің бағытымыз өзгеретін болды, -дейді Мәтжан түйе жетектеп келе жатқан қосшы баласына қарап.
-Аманқұл болыстың ауылына барайық. Тездетіңкіреп жүр, жарықта жетіп алғанымыз дұрыс.
Бұлар болыс ауылына күн батпай жетеді. Бір шоғыр ағаш үйдің шет жағындағы он екі қанатты үй сыртына келіп тоқтайды. Ауыл адамдары Мәтжанды құрақ ұшып қарсы алады.
Шай ішіледі. Шайдан соң жақында ғана балалы болған Аманқұл болыс «баланы әкеліңдер, би атадан бата алайық» дейді.
-Ата, балаңыз сізге сәлем бермек, - деп, сәбиді әйелі алып келеді.
-Мен құтты болсын айтпаймын. Бұл баланың әкесі мына Аманқұл туғанда айтқанмын. Ол не көрсетті? Қазақ ұл туғанда ең азы шаңырағының, одан әрі бүкіл елінің қамқоры болатын азамат келді деп қуанады. Әкең сол үмітпен бүкіл Бозашы елін шақырып той жасап, Адай мен Беріштің ақ бата, құтты болсынын алып еді. Сен сол әкең үміт артқандай құтты болып отырсың ба, өзіңді-өзің тонап жеп? Балаң құтты болмасын, - деп шарта жүгіне отырып, Мәтжан би екі-үш рет қайталапты.
-Бүгін Құлбайдың 10 еркек қойын барымталап таласаң, ертең мені, қарауыңдағы мың үйді үйітіп жерсің. Балаң құтты болмасын. Ерке жас келіншек «құдайым-ай, бір өзің сақтай гөр» деп баланы алып шығып кетеді.
Таңертең ертерек ауыл адамдары Құлбай ауылының жігітін оятып, 10 қойды айдатып жібереді.
-Сөйтіп, Мәтжан биді танымасам да, әділ билігі арқасында малымды түгендеп, риза болып қайттым, - депті Құлбай ауылының жігіті Бекен.
Неміс ғалымы, зерттеушісі Рихард Карутц Маңғыстау өңірінде бірнеше рет болып, өлке өміріне, этнографиясына байланысты біраз еңбек жазған. 1893 жылы түсірген «Бозашы билері» атты фотосуретінде Есен Ермембет, Иса Тіленбайұлы, Мәтжан Тілеумағанбетұлының бейнелері берілген. Олар Қазақстанның қара қылды қақ жарған әділ билері ретінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты ғимаратының көрнекті жерінен орын алды. Сөйтіп, бүгінгі рухани өмірімізден де ұлы бабалардың ізі жоғалған жоқ.
Мәтжан би де өз заманында дәуірінің үлкен өнерлі адамдарымен бірге болған. Атақты күйші, сәулетші Шотан Қартбаймен, атақты «Шолтаман» әнін дүниеге әкелген әнші Шолтаман, т.б. палуан, шешен замандастарымен жұбы жазылмай, аралас-құралас өмір сүрген. Олардың ішінде өзінің інісі палуан
Есет те болған. Бұл елдің көңіл-күйін, жүрек лүпілін, сезіп-біліп отыруға үлкен мүмкіндік берген көрінеді.
Қазақтың 100 биінің бірі атанған Мәтжан би Адайдың жары руынан шығып, төменгіше таралады: Назар Құдайберген Қарағұл Бектұрлы Тілеумағанбет Мәтжан. Мәтекеңнің шығу тегі туралы әңгіме болғаннан соң, оның ұрпақтары туралы айта кеткен орынды болар. Мәтжанның бес ұлы – Шәди, Мұхамбеди, Алуадин, Иманмұхамбет, Сақи. Ұлдарының ішінде Алуадин Ашхабад қаласында оқу бітірген. Орыс, ағылшын тілдерін меңгерген, бірнеше жылдар әскери бекіністе дәрігерлік қызмет атқарып, орыс солдаттарының арасында болған, көкірек көзі ояу, ашық, сауатты тұлға еді, - дейді көзін көрген көнекөз кісілер.
Кім болса да балаларының намысын қайрап, оларды өмір тезіне салу халқымыздың дағдысы ғой. Сол сияқты Мәтжан да ұлдарына риза болмай: «Өзіме тартып біреуің тумадыңдар, жасықсыңдар», деп, алға ұмтылсын, елдік дәстүрге жақын болсын деген оймен жиі ұрысатын болса керек. Сонда бидің Алуадин атты ұлы:
-Әке, сенің атағыңа бұл өңірдің ер-әйелі бірдей құмар. Өз үйіңе жылына бір түнейсің. Мүмкін, сіздің жақсы ұлыңыз далада шығар. Біздің жаман әкеміз қорада шығар. Жамансың деп, жасықсың деп тұқырта бермеңіз, жігіттің аты үйінде емес, далада шығар, - депті.
Бұдан би ата балаларына бетінен қақпай, еркін сөйлеуге, еркін ойлауға мүмкіндік беріп, тәрбиелегенін байқаймыз.
Өлке зерттеушісі Жауғашты Нәренбайұлы 1930-1931 жылдары Сам құмында бүгінге дейін «Адайдың бандалық көтерілісі» атанып келген халық толқуының басшыларының бірі Сахи Мәтжанұлы Мырзалымен бірге кеңестік қысымға шыдамай, азаттыққа ұмтылған халықтың жетекшілері болғандығын жазады. Зерттеуші көтерілісшілердің отбасын, ауылын жендеттерден қорғау үшін қолдарына қару алғандығын дәлелдейтін құжаттарды тауып, сараптап, осы уақытқа дейін қалыптасқан көзқарастың қателігін, яғни көтерілістің бандалық сипатта емес, ұлт-азаттық сипат алғандығын дәлелдеп, оны енді құзырлы орындарға жеткізуге талаптанып жүр.
Бұл күндері Мәтжан бидің ұрпақтары – немерелері, шөберелері бір дүйім ел. Негізінен, Маңғыстау түбегінде өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ өсіріп жатқан замандастарымыз. Заманның
түрлі зорлығынан шетел асып кеткен бұтақтары да елге оралып, атақонысында көппен бірге тұрмыс кешіп жатыр.
Ел ішінде Мәтжан мұраларын қағаз бетіне түсіріп, халқына қайта қауыштыруға талаптанып жүрген зерттеуші-жинақтаушылар баршылық. Мәтжан мұраларын, халық арасына тарап кеткен әңгімелерін жинауда марқұм Өмірбай Сармағамбетұлы Малаев біраз еңбек тындырды. Ол өзінің көзі тірісінде жинаған Мәтекеңнің әңгімелерін жинақ-кітап етіп шығара алмады. Бұл материалдар 15 жылдай өзінің сәтті күнін күтіп жата берді.
Мәтжан атаның ұрпақтарының бірі болып саналатын, кәсіпкер Рахман Алуашұлы Дүйсенбай – тапқанын бауырына басып жейтін қарақұстың санатынан емес, тапқанын төңірегіне шашып жейтін қыран құстың кейпіндегі азамат. Ол 2003 жылы Өмірбай Малаев ағамыздың жоғарыдағы айтқан «Мәтжан би» кітабының «Үш қиян» баспасынан шығуына көмектесті. 2004 жылдың басында «Мәтжан би» қоғамдық қорын құрып, оның кесенесінің салынуына бастамашы болды. Жерлестері Мәтжан бидің 170 жылдығын атап өту қамына кірісуде.
«Мәтжан би» кітабы – көлемі шағын болғанмен, бұл бағыттағы алғашқы бастама. Таңдайына сөз ұялаған аруақты Мәтекеңнің артында қалған мол мұрасын бір кітапқа сыйғызу әсте мүмкін емес. Оны толықтырып, жете зерттеп жинақтау – өскелең ұрпақтың міндеті. Ұлы жолдың өзі алғашқы қадамнан басталатыны сияқты бұл істі ертелі-кеш біреудің бастауы қажет еді. Осы кітап жарыққа шыққаннан бері пікір айтушы азаматтар бар, оның кітапқа еңбеген жаңа сөздері табылуда. Сексен жасқа таяп қалған еліміздің ардақты ақсақалдарының бірі, бірнеше жыр кітабының авторы, жыршы-ақын Үбіғали Бақтығалиұлы ағамыз осы кітапқа кірмеген Мәтжан бидің 15-ке жуық әңгімелерін жазып жіберген екен.
Светқали Нұржан, Сабыр Адай сияқты тұлғалардың ұйытқы болуымен ел азаматтары «Мәтжан жолы» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастырып, біраз мәліметтер жинады. Оған Мәтжан бидің ел арасындағы шешендік сөздері, өмірбаяндық мәліметтері, сол дәуірдің ескі жұрнақтары кірді. Жауғашты Нәренбай, Жетібай Жылқышы, Қален Кідібасов, Бүркіт Базарбаев, Қонаш Қалдыоразұлы, Жұмабай Бөлекбаев сияқты азаматтар ел арасындағы Мәтжан әңгімелерін, шежірелік мәліметтерді жинауда.
Ел азаматтарының, Мәтжан баба ұрпақтарының ел жоқ, Досының ағы атты айдала, ала қырда екі айдан астам уақытта,
Маңғыстаудың ақ тасынан, маңғыстаулық шебер сәулетшісі Көшер Байғазыұлының қолынан шыққан маң даладағы маңғаз еңселі ақ күмбез ата аруағын арулаған бүгінгі ұрпақтың игілікті ісі болды. Мәтжан бидің шөбересі, белгілі азамат Мұса Айсаұлының елсіз айдалада күні-түні шеберлердің жұмысын ұйымдастырған табандылығы да бұл құрылыстың ойдағыдай аяқталуында шешуші рөл атқарды.
Атырау облысы Жылыой ауданының сол кездегі әкімі Сәлімжан Нақбаев мырзаға азаматтардың алғысы ерекше. Сол төңіректегі шаруашылық басшыларын жинап алып, су, цемент, т.б. құрылыс материалдарын жеткізудің графигін жасап, орындалуын қадалаған. Сәлімжан ініміздің және бір азаматтық ірілігі – там байғазысы таратылып, қоштасар шақта Мәтжан би бөлуге жатпайтын бүкіл ұлтымызға ортақ тұлға, сондықтанда оның мерей тойларын атап өтуде біздер – жылыойлықтар бұл шаруаға белсенді араласып, ұлы шешеннің тойын өткізуге көмектесеміз деген болатын. Иә, ел ішінде азаматтар бар, қазақ ортасы ұлттық құнарын жойған жоқ. Сөз соңында айтарымыз, неше ұрпақ ауысса да, Мәтжан бидің өнегесі мен тағылымы халық қажетіне жарап, онымен бірге өмір сүре беретіні даусыз.