Дүлдүл дарын
Нұрым Шыршығұлұлы (1831-1908)
Еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылған елдің егемендік алғаннан кейін де арманы көп. Соның бірі рухани игіліктер қоржынында ұзақ жылдар қозғалыссыз жатқан байлықтарымызды саралап, сайлап, халқымыздың игілігіне қайыру.
Қазақ халқының сондай дара тұлғаларының бірі – атақты ақын, жырау, айтыскер Нұрым Шыршығұлұлы. Ол әрқашанда елдікке, бірлікке үндеген, үлкен адамгершілік, имандылықты насихаттаған, елін жауынан қорғаған батырларды дәріптеген.
Нұрым өзі туралы:
Хас жүйріктің белгісі, Дуды көрсе жұлқынған, Айтулы жүйрік мен едім,
Салдырмай қамшы ұмтылған, – деген екен.
Бүгінгі біздің қолымыздағы азғантай ғана ақын мұрасы оның айдын талантының халық жадында сақталған шағын бөлігі ғана.
Ақынның халық арасында тарап кеткен шығармаларын жинап, оларды ұрпақ тәрбиесінде пайдалану мақсатында жақында ғылыми- практикалық конференция өткізілді. Бұл іске кіріскенде біздің ойымызда «су ішкен кезде оның шыққан көзін, қайнарын есіңе ал»
- деген шығыс даналығы тұрды.
Нұрым ақын Адай атаның Құдайке-Қосай-Сүйіндік (Жаманадай) – Мырза тарауларынан шығатыны белгілі. Шежіреші қарт Қарауылбек Оңғарбаевтың айтуы бойынша Адайдың Жаманадай, оның Мырза деген руынан шыққан. Мырзаның үш баласы – Айтуған, Балтабай, Келдібай болған. Айтуғаннан – Шынтемір, Беке, Қалқаман, Көпе туады да Шынтемірден – Тілеміс- Шегір, Шыршығұл дүниеге келген. Шыршығұлдың ұлдары Нұрым, Жолым, Ишанбек, Бекарыстан, Алпан. Әкесі момын, өз еңбегімен күнелткен шаруа адамы болған. Ағайын-туыстары Маңғыстаудағы Қауынды, Қорғанбай, Өзен, Талақ, Мырзайыр, Басқұдық, Сенек алқабын мекен еткен. Қарауылбек ақсақал Нұрым 1831 жылы Маңғыстау ойында Қауындының оты қалың, шөбі шүйгін Итемер құмағында отырған қоңыр күзде дүниеге келіп, Сенекте Амантай ишан мешітінде білім алды. Қазақ және түрікпен елдерін жас шағында аралап, халық ақындарының дәстүрлі мектебінен өткен.
Хиуа секілді өз кезінің мәдениет орталығында болып, мұсылманша оқыған. Ақын жастайынан ел аралап, өлең-жыр айтумен ерте шұғылданған. Маңғыстау ауданының Жармыш елді мекенінде тұратын мәдениет қызметкері, жыршы Шәмшадин Сабытаев
«Маңғыстау» газетінің 1991 жылғы 11 желтоқсанындағы санында
«Нұрым 1831 жылы қазіргі «Қызылөзен» түйе кеңшарына қарасты Қауынды жерінде кедей шаруа шаңырағына дүниеге келген», - дейді. Екі бірдей ыждаһатты зерттеушінің де ойы бір жерден шығып тұр. Ал ертеректе қағазға түскен мәліметтер бойынша әдебиет зерттеушісі Қабиболла Сыдиықов Нұрым Шыршығұлұлын Тайсойғанда туды дейді. Бұл пікірталасты ғалымдардың үлесіне қалдырып, бүгінгі әңгімеміздің мәні Нұрым сияқты біртуар ұлы тұлғаны халық арасындағы кең тараған белгілі, белгісіз туындыларымен, тың мәліметтермен сомдай түсу. Біздің қолымыздағы Нұрым Шыршығұлұлы туралы мәліметтер шектеулі. Көп жағдайда Қ.Сыдиықов еңбектеріне, ауыздан-ауызға таралған халық арасындағы әңгімелерге сүйенеміз. Мұрын жыраудың деректеріне қарағанда «Нұрым денелі, шоқша сақалды, жазық маңдай, қыр мұрын, қияқ мұртты кісі. Жиын, тойда домбырасын алып, суырып салып қоя беретін, салмақпен төкпелеп айтатын» ақын болған.
Біраз жерлестеріміз Нұрым бейнесін дүниеге келтірді. Ақын бейнесін – жыңғылдылық оқытушы Марат Телемгенов салған кезде сол Мұрын жыраудың әңгімелері ескерілді.
Абыл ақын «Өлең жылқы секілді еді, шын жүйрік саулағанда жанға щалдырмайтын... сөздің мәнісін жыршы біледі. Сен бізден кейін елге жыршы боларсың» деп Нұрымға батасын берген.
Біздер көзі қарақты, құймақұлақ қарттардан естіген мәліметтер бойынша Қауынды маңында Нұрымның әкесі – Шыршығұл атаның жерленген орны бар деген әңгімені естігенбіз. Бірақ «мен білемін», «мен көрдім» деп нақтылы ешкім айта қойған жоқ. Біздің шамалауымыз бойынша бұл бұрынғы «Қызылөзен» кеңшарының жері болса керек. Кеңшардың басшы азаматтарымен бірге, бір білсе білетін азамат Қожабай Құлжаев болар деп атақты малшының ауылына келгенбіз. Қожабай ақсақал біраз ойланып әңгімесін бастады:
-Бұдан біраз жылдар бұрын Жанжігіт Көбешов деген кәріқұлақ ағамыз, шырағым, Қожабай, біле жүргенің дұрыс болар кезінде керек болады, мынау Шыршығұл деген атаңның тамы деп
көрсетіп еді, -деді. –Содан кейінде ондаған жылдар өтті, бірақ ол кісіні сұраушы болмады. Біздер де шаруа қамымен кеттік қой. Таба алсақ іздеп көрейік – деп Қожабай ақсақал інісі Сайлау Ұзақовты ертіп жолға шықты. Маңғыстаудың белгілі терең ойпаттарының бірі Қауынды-Қорғанбай сағымданып көз тартады. Одан әрі Итемердің құмағы, Сұр шоқы көзге шалынады. Халқымыздың тарихи, дәстүр-салтына ойлы көзбен қарайтын азамат Махмуд Бекжанов «Қауынды» деген атау біраз бұрмаланып, қате аталған, дұрысы « Қауымды» болуы керек,-дейді. Себебі, ұлы жолдардың бойында – Маңғыстаудан Бесқалаға, Шағадамға т.б. бағыттағы жолаушылардың арагідік тоқтап өтетін орны, көш-керуеннің белін босатып, көлігін суарып, дамылдап алып жолын әрі жалғар құдық осы. Құдық басындағы ескілікті қорым жөн сұрап, жол сілтеушіге
«қайдан шықтың», «қайда барасың» деп сұраған жолаушыға жөн сілтейтін. «Қауымды» құдығын, не басында қауымы бар құдықтан шықтым деп айтыла келе «Қауымды» атауы қалыптасқан. Біз Қауымды ернеуін жағалай келіп Қорғанбайға қарай ауысқанда қара ағашты ескі жұртқа тап болдық. Қатпар-қабақты саланы ықтасын ете орналасқан ауыл оншақты шақырымдай жерден Қорғанбайдың құдығы мен бұлағынан малын суарып, суық қыста малын ұядай жылы Қауымды-Қорғанбай ойына құлатып, шаруасын жайлаған сияқты. Ескі жұртқа таяу жерде есік қорым бар екен. Қабақтың жұқа тастарынан қаланған бейіттер мүк басып ғасырдан астам уақыт ішінде жермен жексен боп кеткен. Төңірегінде зираттардың тұрпаты-тұрқы бойынша бірнеше бала жерленген. Қожабай ақсақал: -Шыршығұл атамыз осы, -деді. Жанындағы жас баланың бас жағында адай таңбасы қойылған. Ақсақалдың өз басындағы белгі жел, жаңбыр мүжіп бұзылайын деген екен.
Азаматтардың пайымдауы бойынша біздің халқымыз ескі жұрттың үстіне келіп қонбайды және көне корымның түбіне жақын қоныстанбайды. Басқа еске жұрттың болмауы мұның Шыршығұл атамыздың мекені екенін дәлелдей түседі. Олай болса Нұрым ақын әкесі Шыршығұлды алыстан іздеп келіп, бақұлдасып:
Іздеген атам Шыршығұл Дүйсенбі күні дүниеден Сапар шекті жылқы жыл. Ауырды атам жеті күн, Айырды құдай несібін...-
деп жыр төгіп, әкесімен қоштасқан жұрты да осы екен. Халқымыздың дәстүрі бойынша қазаға ұшырап қаралы болған үйдің адамдарын көңіл-жетер ағайын-туыс, жора-жолдастары арнайы қонақасыға шақырып көңілін аулайтын салт бар. Нұрым ұзақ жылдар жоғарыда Тайсойған, Бүйрек жағында болып түбі туыстас болғанмен жас жігіттер қоныстың шалғай болуына байланысты Нұрекеңді танымай, бірінен бірі мына кісі кім?-деп күбірлесіп жатқанда Нұрым былай депті:
Жайықта бір ағаш бар еркіндеген, Жігітке неге керек теңсінбеген?
Дүниеде жаман қорлық мынау екен – Танымай өз ағасын кімсің деген.
Халқымыздың қан қақсатқан, дүйім ел кіндік қаны тамған отанын, ошағын тастап безіп кетуге мәжбүр еткен талай жұт- нәубеттерді басынан кешкен. Солардың бірі 1879 жылғы қоянның жұты. Біздің аға ұрпақтың жадында 1927 жылғы қоянның жұты да сақталған. Жоғарғы айтылған қоян да қатыгез, қаттылығы жөнінде одан кем болмаған. Мұрат Мөңкеұлының жырында айтылғандай, біраз ел осы қоянның зарпына шыдай алмай амалсыздан қоныс аударған. Шежіреші қариялардың айтуына қарағанда, Нұрымның әкесі Шыршығұл сол жұт жылдары Қауынды-Қорғанбайға келіп мекендеген.
Халқымыздың ардагер өнерлі ұлы Нұрым халықтың қамымен, ел арасын біріктіру шаруаларымен біраз уақыт Арқада жүріп қалады. Сөз өнерінің дүлдүлі, арғы-бергі тарихты мол білген, ақпа- төкпе ақиық ақын Нұрым Шыршығұлұлының терме толғаулары халық арасына кең тараған. «Мен қашанғы жүйрігің», «Ұсынсам қолым жетер ме?», «Әлеумет, келдің алқалап», «Бұл дүниені байқадық», т.б. термелерінде заман сырына үңілу, адам өмірі, жастық шақ, кәрілік, жақсылық, жамандық туралы толғанады. Нұрым Жаскілең, Берішқызы, Балмырза ақындармен айтысқа түскен. «Тоғыз ауыл» , «Балуанияз» сияқты ерлік дастандары бар. Шығармаларды тудырған дүлдүл ақын – бүкіл қазаққа ортақ тұлға. Оның «Әтембекке айтқаны» толғауы 1908 жылы Қазанда, «Байбоз- Жанбоз» 1926 жылы Ташкентте басылып шығуы осы ойымыздың айғағы. Нұрым туралы пікір айтқан оның замандастарының бағасы да назар аударарлық.
Әйгілі жыр дүлдүлі Қашаған: Көзім көрген адамда,
Абыл, Нұрым, Ақтаным, Осылар еді тақтағым,-
десе, белгілі Аралбай:
Алдымда Абыл менен Нұрым болды, Қашаған, Ақтан менен бұрын болды. Олардай сөзге шешен болмасам да Дүлдүлдей дүсірлетіп топты көрсем, Айқай сап арқа қозса ақтарғаным. –
деп жырлаған. Ақындық өнердің ең шыңы – табанда ұтымды, өткір, тапқыр жыр, өлең шығаратын айтыстар болған. Біздің ұрпағымызға, дәуірімізге жеткен Нұрымның Қашағанмен, Жаскелеңмен, Қалипанмен, Балмырза ақындармен айтыстары.
Халқымыздың өнерлі ұлдарының бірі, туғанына 150 жыл толуы ат шаптырып, атан жарыстырып, палуандарды белдестірген, 150-дей ақ жұмыртқа-отау, тігіліп, күні кешегі республикалық дәрежеде дүрілдетіп өткізілген Қашаған Күржіманұлының мерейтойы бәріміздің жадымызда. Осы ұлы тұлға бата алу үшін өзі пір тұтқан Нұрымның ауылына үш рет барып оны кездестіре алмайды. Қашаған ауылына барған Нұрым да кездесе алмай жүргенде, бұл алып тұлғалар кейін бір ағайынның тойында тұңғыш рет кездеседі. Нұрым жас ақынды сынамақ болып сұрақ қоятынын білдіреді. Сонда Қашаған:
-Нұреке, бөтен ауылда отырмыз. Адайдың екі ақыны айтысып жатыр демей ме? – десе.
-Аяқ алысыңды көрейін, домбыраңды шалып қара, -дейді.
-Жасы үлкен, жалы биік ағасыз, сіз бастаңыз, батаңызды алайын,-деп кезекті ағаға береді Қашаған.
Бүгінгі ата, аға сыйлаудан кенже қалып бара жатқан ұрпаққа үлгі болар қандай инабаттылық, біліктілік, кісілік десеңізші.
Сонда Нұрым ақын:
Тілің шешен, ернің еп, Айтқыш деп жүр ғой сені көп. Білмегенді білгеннен Сұрағанның несі шет?! –
деп басталған өнер сайысы дүние құлқы, адамзат тарихы, тіршілік мазмұны туралы шежіре, аңыз, жұмбақ айтысқа ұласады. Айтыс кезінде қойылған сұрауларға Қашағаннан толық, мазмұнды жауап алып, риза болған Нұрым:
-О, шырағым жұрт айтқыш дейтін еді, рас екен, тірлікте шылбырыңнан ешкім ұстай алмас, мына тойды сен баста, сен тұрғанда ағаң демалғандай екен, -деп батасын берген екен.
Маңғыстаудың ойында, Көлденең шыңның бойында. Үш жүз алпыс екі әулие Бәрің күләл болмасаң,
Осы жерде бір сүйе,-
деп Нұрым бабамыз бұдан да басқа талай айтыстарға қатысқан. Оның ел арасына тарап кеткен қарымды, уытты жұмбақтары, тапқыр жырлары көп. Бір сапарда ел аралап жүріп Кіші жүзде Тана, оның ішінде Жиімбет жырау ұрпақтарының ауылына келеді. Үйде отырған төрт ақын жігіт кезектесіп, амандық-түгендік сұрамастан мына төмендегі сөз қағысуын бастап жібереді:
1- сі: Сұрасаң руымды біз Танамыз,
2- сі: Жиембет Тана ішінде аталамыз.
3- сі: Қыдырып ел ішінде көп жүрмейміз, 4-сі: Ақынна үйге келген бата аламыз.
Сонда Нұрым қолма-қол жауап беріпті:
Көп қарға бір сұңқарды қамалаған. Руға қайдан қалдым Таналаған, Ортаңа мен бір келген көкжал бөрі, Төрт төбет айналамда абалаған.
Тақырға, сорға шөп шықпайтыны сияқты шәкіртсіз ұстаз тұл. Көрнекті сөз зергерлерінің де ұлағатты ұстаздары рухани әке- батагөйлері болған, сөйтіп, ертеден келе жатқан өнер додасының бір буыны бола білген. «Қырымның қырық батырын», батырлар жырын Сыпыра жырау кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдырса, одан әрі іліп кеткен ақын Абыл Тілеуұлы Нұрымның ұстазы болған. Нұрым Абыл ақынның қасына он жеті жастан бастап бес жылдай ерген. Нұрымның өзі Қашаған. Ақтан, Мұрынға ұстаздық еткен, бұл жырлар осылай ұрпақтан ұрпаққа жаңғыра, құлпыра жетіп отырған. Басқа да көптеген ақындар, мысалы Насихат Сүгірұлы он тоғыз жасында әдейі іздеп барып бата алған, Нұрымды өзіне ұстаз санаған.
Белгілі ғалым Қабиболла Сыдиықов «Ақын жыраулар» деген еңбегінде: «Нұрым көне заманнан бері ел арасында кең тараған
ерлік дастандарды жүйелеп жаңғырта жырлаған. «Қырық батыр» циклінің және жеке батырлар жырының біразы Нұрым арқылы ауыздан ауызға тараған. Нұрпейіс, Қашаған, Мұрын сияқты көрнекті ақын-жыраулардың қай-қайсысы да Нұрым өнегесінен үлгі алған» деп көрсеткен.
Маңғыстау топырағында жерін, ата қонысын жаудан қорғаған батырлар көп өткен. Осындай жорықтарда Қармыс, Балуанияз сияқты батырлар жаудан қатын-бала, жетім-жесірді айыру сапарында қаза болған. Шалбар Қалнияз бен жаманадай Нұрымның өз шығармаларында осы ерлердің ерлігі кеңінен жырланған. Нұрымның «Тоғыз ауыл» не «Байбоз-Жанбоз» деп аталатын дастаны – ерлікті дәріптеуге, ел қорғаған ерлердің, Хиуа басқыншыларына қарсы жанқиярлық күресіне арналған. Екі жүздей жат жерлік шапқыншыларға, ішінде Молжігіттің бел баласы Ықылас бар қырық кісілік қуғыншы шағын қол қиқулап атой салып жауға тигенде, аспан астын жаңғыртқан ерекше күшті дауыс жойқын көп қол келе жатқандай әсер еткен. Ұрыста көптеген батырлар қаза тапқан. Бірақ Борқұдық басында көп тұтқын босатылып, барымтаға кеткен малды айырып алады.
Арулап сүйген қыз үшін, ардақтап сүйген ұл үшін (Амантұрлы, Есенияз, Қабыл, Төленді сияқты) талай ерлер қаза болады. Нұрым ақын Балуанияз туралы былай толғайды:
Балуанияз батыр-ай, Алаштан озған ақылы-ай, Ерліктің жоқ қапылы-ай, Түтеп тұрған мылтыққа Тура шапты, япыр-ай!
Нұрым ақынның шығармашылық өнерінің бір саласы қимасын жоғалтқан көкірегі шерлі мұңлықтарды жұбатуға арналған. Шеркеш Мақаш правительдің Қазанда оқып жатқан, үлкен үміт күткен ұлы қайтыс болғанда жеріне жеткізіп айтып, қиыстыра алар шеберлік тек Нұрымда ғана бар деп, оны арнайы алдырып, ақын толғауымен естірткен. Өлімнің қайғысы қанша ауыр болғанмен, арғы – бергі тарихта халық мұндай қайғы-қасіретті бұрын да басынан кешіргенін, жұмыр басты пенде басында болатын жайт екенін көркем бейнелеп, тұлабойыңды шымырлатар шебер тілмен жеткізген ақын правительдің басын жастықтан көтергізген. Қанша қайғылы болғанмен парасатты жан ақын өнеріне тәнті болып, қалы кілем жабылған нар сыйлап ризашылығын білдірген екен.
Сенек елді мекенінде сәулет өнерінің озық үлгілерінен саналатын Қалыштың ұлы Нұрбергенге салынған там бар. Нұрберген де жарық дүниеден жастай кеткен. Аһ ұрғызар ауыр қайғы Қалыштың еңсесін көтертпейді. Сондағы Нұрымның жұбату- жоқтауы былай боп келеді:
Қалышты қалай демеңдер, Төресі кетті төрінен.
Аңғарсаң алаш сөзімнен, Балапан жүзер су болды Көзден аққан жасынан.
Қауырсыны қатпаған Балапан ұшты көлінен. Қайғы еткенің қарсылық, Адаспа Қалыш, жөніңнен.
Нұрымның өскен ортасы мен оның төңірегінде де өнерлі жандар көп болған. Мысалы, Адайдың өнерлі қайқыларының бірі – әнші Тастемір той жиынды былай бастайды екен:
Тастемір өзім атым, ағам Нұрым Шаршыда кім сөйлейді бізден бұрын,-
немесе
Сұрасаң руымды Жаманадай, Қолымда көк қаршыға томағалы-ай, Ерегес екіталай болған күнде Байрақты бізден бұрын кім алады-ай?!
Нұрым Шыршығұлұлы 1908 жылы қайтыс болған делінеді. Оның жерленген жерін анықтауға көп еңбек еткен баба ұрпақтары Қарауылбек Онғарбаев, Ибрагим Ақдрашевтар. Ақтөбе облысы аумағындағы «Топырақшашты» қауымында дүлдүл ақынға ескерткіш белгі қойылды.
Түрлі халықтар келер ұрпаққа айтар сөзін түрлі жолдармен жеткізе білген. Бірі тасқа жазса, бірі папирус қағазға жазған. Енді бірі, мәселен, біздің қазақ сияқты халықтар ауызша жаттап, бір ұрпақтан бір ұрпаққа жеткізіп отырған.
Он бес жасынан бастап түбектегі інжу-маржан асыл мұраларды зерттеу жұмысына қатынасқан Зердебай Бекарыстанов, сонау елуінші жылдардан бастап көкірек – көзі ояу, ғұлама аталарымызбен бірге болып, қызмет ете жүріп өз құлағымен естіген аталар сөзін көңіліне жаттап жаза берген. Қарауылбек Оңғарбаев, ғасырларды жырлатқан, асылдарды сайратқан, ақберендерді
жарқыратқан халқымыздың белгілі ғалымы Қабиболла Сыдиықов және басқалардың еңбектері арқасында көмескілене бастаған асылдарымыз бар қырымен жарқырап көрініп халық қазынасына айналады. Көне мұраларымызды асқан ыждаһаттылықпен жинап баспасөз бетінде жинақ кітап етіп бастырып жүрген Ізбасар Шыртанов, Тәжіназар Шәдіқұлов, Темірхан Медетбек, Шарелхан Әленов, Әбілхайыр Спанов және тағы басқа да азаматтардың еңбектері өз алдына бір төбе. Нұрым жырларын мерекелі той- жиындарда талмай насихаттап келе жатқан Жақсылық Елеусінов, Жеткізген Сейітов секілді жыршы – термешілердің еңбектері толықтырады.
Дүлдүл ақын Нұрым Шыршығұлұлының бүгінгі ұрпақтары ақын аруағы алдында қолымыздан келгеннің бәрін жасай алдық па? Нұрым ақынның зираты, басына қойылған белгі туралы ешқандай дерек жоқ. Атырау, Ақтөбе облыстарының азаматтарымен байланысып жерленген орнын анықтап, ақиық ақынның басына лайықты ескерткіш қою біздің азаматтық парызымыз.
Нұрымның жерленген жері басқа облыста деп түсіндірсек, өз өлкемізде жатқан Нұрымның әкесі Шыршығұлдың басында да ешқандай белгінің жоқтығын немен түсіндіруге болады? Ол заманның қиын, «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» уақыт болғаны да түсінікті. Алайда, бүгінгі білімді, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпаққа қасиетті тарихын, мәдениетін қастерлеп сақтауға не бөгет болады? – деген сұрау осыдан кеп туындайды емес пе. Оның бәрі өлгендер үшін емес, тірілер үшін қажет. Нұрым атында мектеп, көше, елді мекендердің аз болуы да ойлантады. Алмас қылыш ақберен ақынның атын ардақтап халық жадында мәңгі сақтау қажет-ақ. Бұл бағытта Ботагөз елді мекені азаматтарының жергілікті мектеп, орталық көше Нұрым Шыршығұлұлының атымен аталса екен деген ұсынысы құптауға тұрарлық. Өкінішке орай, кейін бұл елдімекенде тарап кетті.
Облыстық халыққа білім беру басқармасы Маңғыстау ақын- жырауларының шығармаларын мектепте оқыту бағдарламасын бекітіп, оқулық хрестоматия шығарып, осы мақсат үшін жеті сағат оқу уақытын бөлді. Жыл сайын қаңтар айының соңында Қашаған Қүржіманұлының туған күніне арналған талапкер ақын оқушылардың дәстүрлі облыстық айтысы өткізіліп келеді. Сәуір айында Есір Айшуақұлының туған күніне арналған облыстық жас
күйшілердің байқауын Жыңғылды елді мекенінде өткізу дағдыға айналды.
Дегенмен, бұл жұмыстардың бәрі жалпы халықтық сипат алмаған сияқты. Облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы,
«Қазақ тілі» қоғамы және жастар істері жөніндегі комитет те бұл игі жұмыстарға белсене араласқанын қалар едік.
Нұрым шығармаларына арналған конференциялар, жиындар ақынның көпшілік қауымға беймәлім шығармаларын анықтап, қатарға қосар деген ойдамыз.
Қорыта айтқанда, сайрап өткен бабаларымыздың асыл мұралары халқымыздың рухани қазынасына айналсын, бабалар рухы осындай «Мәңгі ел» болу көтеріліп жатқан тұста кісіліктің, имандылықтың, елдіктің ақ манарындай алдан жарқырап халқына қызмет ете берсін демекпіз.
Бүгінгі жастарды, ертеңгі келер ұрпақтарды жақсылыққа жетелер асыл мұраларымыз жасай берсін!
1992 жылдың шілдесі.