08.08.2022
  161


Автор: Өмірзақ Озғанбай

Иса-Досан көтерілісіне 140 жыл

 


«...Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында тек патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200-ден астам ұлт- азаттық көтерілісіне шыққан». (Нұрсұлтан Назарбаев, «Халыққа арнау. Слово народу» Астана, 2007, 520-521- беттер).


 


Жоғарыда Елбасымыз атап көрсеткен 200-ден астам ұлт- азаттық көтерілістерінің біріне 1870-1873 жылдардағы Маңғыстау шаруаларының ерлікке толы күресі жатады. Кеңестік кезеңнен еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің бағдарламасында бұл халықтық көтеріліске орын беріліп келді. Оқулықтар бағдарламасына енуіне ғалым М. С. Тұрсынованың «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Маңғыстау қазақтары» атты ғылыми монографиялық еңбегі негіз болған еді (М. С. Турсунова, «Казахи Мангышлака во ІІ половине ХІХ», 1973, из-во «Наука»). «Иса- Досан көтерілісі» атымен жалпақ жұртқа мәшһүр Маңғыстау шаруалары көтерілісінің басты мақсаты – қазақ халқының азат өмір сүруіне жету. Ол – сонысымен қастерлі, барша ел-ұлысқа – ұлт- тегіне тәуелсіз – жақын да жарасымды – ұғымға айналды.


Қазақтың ұлттық рухының ұлылығы да осында. Ең алдымен бұл асыл қасиет тек қана ұлттық рухы, ұлтжандылық ұстанымы жалаулы найза секілді жарқылдаудан танбайтын халықтарға тән десек, ақиқаттан алшақ кеткендік болмас дейміз.


Иса-Досан бастаған Маңғыстаудағы шаруалар көтерілісіне 140 жыл толып отыр. Сондағы көтерілісшілер ұрпақтарының алды бес- алты атаға ұласты. Қоғамдық формация үш дүркін эволюциялық дамуын басынан өткерді. Ресей империясын билеген патшалық режим  өзегіне  құрт  түскен  теректей  құлады.  Оның  орнын


«Қызылдар өкіметі» – Кеңес Одағы басты. Араға 70 жыл салып, Кеңестер Одағы тарады. Қазақ халқы 1991 жылы ата тарихында тұңғыш рет Тәуелсіз мемлекет құрғанын жария етті. Исі қазақтың, соның ішінде Маңғыстау шаруаларының да 1870 жылы жалаулатып ту көтеріп, ұрандатқан қасиетті көтерілісінің түп мақсаты да осы тәуелсіздік еді.


 


М. С. Тұрсынова өз кітабында өзінен бұрынғы ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, осы шаруалар көтерілістеріне әділ баға беруге сәтті талпыныс жасаған. Мысалы Қазақтардың 1869 жылғы патша әкімшілігінің ұлы далада басқарудың жаңа формасының енгізілуі қазақ халқының өз тәуелсіздігі жолындағы күресінің маңызды кезеңі болды, ал 70-ші жылдардағы Маңғыстаудағы көтерілісі өзінің қуат-күші жөнінен бұған дейін болмаған жаппай халық көтерілісіне айналған еді. (М. П. Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР, Москва, «Политиздат», 1941 ж. Москва, 264, 318-


319 беттер.)


Ал, ғалым М. Г. Галузо Маңғыстаудағы халықтың 1870 жылғы көтерілісін бірінші орынға қойды және оның халықтың шын мәніндегі азаттық күресі деп бағалады. (П. Г. Галузо, «Революция в Средней Азии», Ташкент, 1929 ж. 94-97 беттер).


Рас, Иса-Досан бастаған халық көтерілісі жеңіліс тапты. Бірақ, шаруалар жеңіле отырып, жауын жеңді. Озбыр отаршылдық саясат ұстанған жауын өздерімен санасуға мәжбүр етті. Осы арқылы ұлттық рухымыз мәртебесіне әрдайым адал екенін айдай әлемге паш етті.


Трагедияға толы Маңғыстау шаруаларының тағлымын сөзбен баяндап жеткізу оңай емес. Ең бастысы – бүгін таңда 20 жылға тола келген байтақ еліміз тәуелсіздігі оңайға түскен жоқ. Бұл – ғасырлар бойы арман еткен халқымыздың үздіксіз күрес пен тартысқа толы қаһармандық күресі арқылы жүзеге асқан қайталанбас, бірегей және ерен қастерлі құбылыс.


Өйткені, «Маңғыстаудың түздік тұрғындарының ниеті бейбітшілік». (Түбектегі уез бастығы Генераловтың 1884 жылы Каспий сырты округінің бас штабына жолдаған хатынан. Түрікменстан архиві, қор/тізбе 2, №7707 іс. Осы дерек «Иса Тіленбайұлы» кітабының 70 бетінде келтірілген. Ә. Спан, Алматы,


«Нұрлы әлем», 2004 ж).


Қазақ халқы өз тәуелсіздігінің 20 жылдығын Елбасымыз бастамасымен лайықты қарсы алуға дайындалуда. Маңғыстаулықтар республикамыздың мерейтойына дайындықты бастап-ақ кетті. Түбек өз халқы бұрмасы мен бұқпасы мол тарихи жолдан өтті. Тәуелсіздіктің жасампаз ықпалымен өз тарихын саралап, оның ақтаңдақ беттеріне үңілуде. Бұрынғы үстемдік еткен идеология бағытына икемділік, бұрмаланған, еленбеген, мән берілмеген, сөйтіп, оларды халық жадынан сылып, алып тастауға


 


тырысқан солақай саясаттың кертартпа салдары бүгінгі күн тұрғысынан жаңғыртылуда.


Иса мен Досан төңірегіне қарулас серіктері: Сүгір, Орақ бастастары: Ғафур, Ерменбет билер, Шорбас, Қосжан, сынды үзеңгі жолдастары топтасқан еді. Ал бұлар елдің «мен» деген серкелері болатын. Міне, осындай үркердей асылдар елге егемендіктің өздігінен келмейтінін, халық тәуелсіздікке тас-түйін бірлік және ерен ерлік арқылы ғана жете алатынын іс-өнегесі арқылы дәлелдеуден жаңылмады. Халқын соңынан ертті. Қазақ тарихының көгінде сонысымен өшпес жұлдыз боп қалды.


Басқаша айтқанда, бұл көтерілісті халқымыздың тәуелсіз ел болуының рухани нұрлары, сана-сезім қалғытпай, әрдайым жоғары ұстауымыздың сарқылмас қайнары дер едік. Ата-бабаларымыз өткен қастерлі жолдың тәрбиелік тағылым күш-қуатын жас ұрпақтың бойына сіңіру- бүгінде баршамыздың парызымыз. Солай істегенде ел тәуелсіздігінің халқымызға ешқашан оңайға түспегеніне кейінгі толқын ұрпақтың жете зерделеріне сенеміз.


«Иса-Досан» халық көтерілісінің 140 жылдығын ел-халық, қоғам болып атап өтудегі негізгі мақсат та осы болатын.


1868 жылы Ресей патша үкіметінің «Жаңа низам» саясаты жарияланса, ол Маңғыстау қазақтары үшін 1870 жылы қолданыла бастайды. Адайларға салық салынады, ол өзге елдердегілерден көп болады және екі жылдың салығын бір төлеу міндеті қойылады. Оған көпшілік отбасылардың мүмкіндігі болмаса, мүмкіндігі барлар да бұл салықты төлей қоюға ниет етпейді. Билер мен ел басқарушылардың талай рет бастары қосылып, кеңес құрылса да, ол салықтан төлемей құтылудың басқа жолдарының көп еместігі байқалады. Билер кеңесі Маяның ұлы Бәймембетті Петербургқа барып, жарлық шығарушымен тікелей кездесіп, 1731 жылғы Әбілхайыр мен Ресей патшасы Анна Иоановнаның жасасқан шарты бойынша мына шешімнің заңсыз екендігіне көзін жеткізіп, Адайларға салық салу шешімін бұздырып қайтуға жұмсайды. Әбілхайыр мен Анна Иоановнаның 1831 жылы қол қойған шарты бойынша кіші Жүз қазақтарынан солдатқа адам алынбауы керек, салық салынбауы тиіс. Бәймембеттің бұл сапарынан ел күткендей нәтиже шықпады. Керісінше, Ресей патшалығының жергілікті орындары басшыларының Адайларға көзқарасы шиеленісе түседі. Қазақтардың ата қоныс жерлері әскери бекіністер, уездік басқармалар салуға, орыс қоныс аударушыларына тегін үлестіріле


 


басталды. Төрт түлік мал түріндегі жалғыз ғана тіршілік көзі бар қалың елге бұл тәртіп өте ауыр тиді. Оның үстіне Маңғыстау өлкесі қазақтары Кавказ халықтарын басқару әдісіне, әскери-халықтық басқару жүйесіне көшіріліп, 1870 жылдың 2 ақпанында Кавказ басқармасына қаратылды. Билер соты жойылып, әскери сот жүйесі енгізілді, оның шешіміне прокурорлық қадағалау қойылмады. Бұл онсызда жергілікті тұрғындарды «жабайылар» деп санап, менсінбей қараған патша әскері мен шенеуніктеріне халықты басынып, ойына келгенін қымсынбастан жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Соның ызғарлы қара боранындай 1870 жылы март айында Форт- Александровскіден Рукин бастаған жазалау отряды шығарылады. Оның құрамында Фортта тұратын арнаулы атты әскер жүздігі жүзбасымен (сотник), ояз Рукинның тілмашы шалбар Қосым Мырзабайұлы, елді көндіруге, келіссөз жүргізуге пайдалану үшін би Бәймембет Маяұлы болады. Бұл отрядтың шыққалы жатқаны старшина Гафур Калбинге белгілі болады, ол Исаға хабар береді. Иса Форттағы құнанорыс Шабайдың баласы Сүгірге, Бозжігітке, Қаратаудағы бәубек Айназар мергенге, Қатқылтүптегі дәулеталы Досан мен Алғиға, Ауызорпадағы тоқтамыс Ораққа тағы да басқа Адайдың сол кездегі белгілі батырлары мен тұлғалы азаматтарына ат (шабарман-25) шаптырып хабар бергізіп шақыртады. Соның нәтижесінде үлкен қол жиналады. Сан жағынан бұл қолдың көлемі жазалаушы отрядтан бірнеше есе көп болған. Қол құрамында жәдігерден Өтенұлы Ділман, жаманғара Мусаұлы Мошандар бар. Қолды Иса, Досан басқарады. (М. С.Тұрсынова, жоғарыда аталған еңбек 22-бет). Жазалаушы отряд Форттан шығып көлікпен Түбіжік, Қаңға, Борлы, Суат, Құнансу, Сартас жерлері арқылы Бозашыға бет алатын болып Ұшауызға орналасады. Бұл кезде Исалар аласа Ақтың астына бірнеше ақбоз үй тіктіріп, қонақ етуге дайындық жүргізеді. Отряд Шығанақ теңіз-айналмадан өтеді.


Ояз Рукин жан-жаққа қарауылдарын қойып, отрядына демалыс береді. Бұлардың мақсаты, бағыты Адайларға толық белгілі емес, сондықтан отрядтың бір адамын қолға түсіріп, құпияны ашу қажет. Қарауылда тұратын бір солдат шылым тұтату үшін от жағады, осы сәтті пайдаланған тіл алуға шыққан Өтенұлы Ділман бір кісі жолдасымен шылым тартып отырған солдатты дыбысын шығармастан қолға алып келеді. Ол орыс екен, Форттан келген Құнанорыс руының жігіттерін тілмаш ету арқылы тұтқынмен  сөйлескенде  жазалаушы  отрядтың  бағыты  Бозашы


 


түбегін аралау, мақсаты елден салық жинау, төлемесе қарулы күшпен жазалау екендігін анықтайды. Қару, көлік, адам саны жөніндегі мәліметтерге қанығады. Осыған сәйкесті тактикалық шаралар жасақталады.


Сөйтіп, 1870 жылғы Маңғыстау шаруаларының Ресей патшасы үкіметіне қарсы көтерілісі басталып жүре берген. Төтесіне көшкенде Маңғыстау шаруалары-берілген анттың патша өкіметі тарапынан екі жүзділікпен аяқасты етілуіне өлердей өшіккен болатын.


Мұндай сұрқиялықты күтпеген олардың кеуделерінде кек қайнады. Адайлардың антқа адалдығын Сүйінғара батырдың хатшысы Исмаил Шахмарданұлы Батырханов 1830 жылы жазда Каспий экспедициясының басшысы Г. С. Карелинге жазған хатында: адайлардың антқа адал екенін көрсеткен. (бұл да сонда, 17 бет)


Халық жасақтары жазалаушы отрядтың көліктерінің көпшілігін айдап кетіп, отрядты жаяу қалдырады, жаяу отрядты қамауға алады. Олар теңізге беттегенде теңіз жағы бөгеледі. Казак солдаттарын таудың басына шығуға мәжбүр етеді. Көліксіз, ас- сусыз қалған жазалаушы отрядтың басшысы Рукин 24 март күні түнде Маяұлы Бәймембетті Адайларды үгіттеуге жұмсайды. Ол өз лагерінен шыға бергенде атылған мылтық оғынан қаза табады. 25 март күні таңда Рукин Адайлармен келісім жүргізуге өзі шығады да, көліктерін қайырып беруді сұрайды, Фортқа қайтып кетеміз деп уәде етеді. Оның бұл қойған сұрақтарын орындауға көтерілісшілер келісім береді де, өз талаптарын жеткізеді: казактар атуын тоқтатсын, үш офицер кепілдікке (заложник) берілсін, жазалаушы отрядты көліктерін алуға Адай отрядының қосына төмен түссін, деп шарт қояды. Рукин казактарын ертіп келеді. Сол кезде Иса казактар қаруларын тастасын деп талап қояды. Рукин казактардың қарсылық етуіне қарамастан, қаруларын тастауға тәртіп береді. Казактар қылыштарын кең шалбардың (шарабар) ішіне байлап жібереді де, қалған қаруларын тастайды. Осы сәтте Исаның белгісі бойынша жасырынып дайын тұрған Адай қолы қимыл жасап, отрядты талқандайды. Бұл соғыс 4 күнді қамтиды. Осы ұрыста жүзбасы (сотник) қашып кетеді, оны Мошан қуып, Қарақуақтан жетіп басын шауып, жүзбасының өзінің қызыл көйлегіне орап алып келеді. Тілмаш Қосым Мырзабаев қашып құтылып, Фортқа барып хабар  береді.  Бұл  жеңісті  баянды  ету  мақсатында  Иса-Досан


 


бастаған көтерілісшілер патша өкіметінің Маңғыстаудағы тірегі - Форт Александровск қаласына шабуыл жасап, оның төменгі бекінісін басып алады. Олар үш күн бойы бекіністі қоршауда ұстап, дамылсыз шабуыл жасайды. Осы уақыт ішінде Кавказдан граф Кутайсов бастаған әскер келіп үлгереді.


Форт бастығы майор Зеленин өзінің қолжазбасында: «Бұл әскер келмегенде бекініс құлайтын еді. Бізде бұған дейін азиялықтар, оның ішінде көшпелі қазақтардың зеңбіректері бар, барлық қару түрінен оқ жаудыра алатын бекініске шабуыл жасауға батылы барады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмеген еді», - деп жазды. Көмекке келген әскер басшысы Кутайсов өзінің Дағыстан аймақтық әскер қолбасшысы генерал Меликовке жазған хатында: «Бүкіл халық көтерілді. Қару-жарағы мардымсыз болса да мұндай өжет, рухы жоғары жасақтарды бұрын соңды көрмедік. Өздерін аттың еріне байлап алған олар оқ тигеніне қарамастан алға ұмтылып, әскерлер арасында үрей туғызды», - деп ұрпақ үшін, әділдік пен азаттық үшін шайқасқан аталарымыздың ерлігіне таң қала отырып, Кавказдан көмекке тағы да әскер жіберуін сұрады.


Сөйтіп, шиті мылтық, қылыш, найзамен ғана қаруланған көтерілісшілер соңғы үлгідегі винтовка, зеңбіректермен жасақталған патша әскерін бір ай бойы бекіністе тығылып отыруға мәжбүр етті. Тек 1 мамырда ғана қосымша әскер алдырған Кутайсов үш рота жаяу әскер, үш жүз атты кавалериямен бекіністен шығып Үстіртке шегінген көтерлісшілер мен тұрғын халықты жазалауға кірісті. Жайлауға беттеген барлық мал тартып алынды. Қазақ ауылдары зеңбірекпен атқыланып, жас, кәрісіне қарамастан аяусыз өлтірілді. Жазалаушы отрядтардың басынғаны соншама тіпті патша өкіметінің өзі бас-аяғы бес күнде 16 ауылды тонап, адамдарын аяусыз қырған отряд басшысы Байковты әскери сотпен соттауға мәжбүр болды.


Көтерілісшілер Хиуа бетіне ойысады. Хиуадағы жағдайдың қиындауынан Иса мен Досан өз жасақтарымен бөлініп, Досан қырға шығып кетеді де, Иса Хорезм ойында қалып қояды. 1873 жылы Хиуа хандығын Ресей патшалығы өзіне көндіріп алған кез. Иса өз ауылдастары мен 15 шамалы адам, бір тоғайдың ішінде ерулеп отырған. Иса қосынан кейініректе ағаш арасында тұрса, бір ақ есекке мінген ақсақалды жолаушы қосқа жақындап тоқтайды. Оған Исаның әйелі Сарығыз сәлем етеді. Иса анадай жерде мылтығын кезеп тұрғанда әлгі ақсақал: «Иса жат жерде шығандама,


 


елге қайт»-дейді де, көмескіленіп, елес болып көрінбей кетеді. Ертеңіне Иса Маңғыстауға бағыт ұстап жүріп кетеді.


Иса сол бағытында Фортқа келеді. 1874 жылы Қарағантүп болысының басқарушысы (волостной управитель) болып тағайындалады.


Исаның осы қызметі 1909 жылы өзі қайтыс болғанға дейін жалғасады.


«Иса-Досан» көтерілісінің 140 жылдығы: қарсаңында Ақтауда шығатын «Лада-ТВ плюс» газеті оқырмандарын «Гибель отряда Рукина в 1870 году» мақала-очеркі жарияланды. Бұл очерк бұдан


110 жыл бұрын, Мәскеуде шығатын «Исторический вестник» журналында нақ осы тақырыппен жарық көріпті.


Очерк авторы патша әскерінің генерал-лейтенанты Василий Александрович Потто делінеді. Осы В. А. Потто қазақ даласын шаруалар көтерілісінің от-жалыны шарпыған тұста майор шенінде Орынбор казак училищесінің директоры болып қызмет істеген. Өмірінің соңғы жылдарында Кавказ әскери округінің штабы жанындағы әскери-тарихи бөлімді басқарған.


Очерк былай басталды.


«Мне случилось путешествовать в 1871 г. по Киргизской степи ... Из сопоставления... рассказов со сведениями, добытыми мною от очевидцев, с рассказами казаков, вернувшихся из плена, наконец, с теми немногими сведениями, которые хранятся еще под толстым слоем пыли оренбургских архивов, - возникает достаточно ясная картина того, что происходило в степи в роковое время 1869 и 1870 годов».


Осыдан кейін очерк авторы В. А. Потто қазақ жеріне енгізіле бастаған уақытша «Жаңа низамның» мақсат-мәніне, оған жергілікті тұрғындардың неге наразы болғандарына сипаттама береді. «И вот в исходе 1868 года появилось так называемое, «временное положение об управлении в областях Тургайской и Уральской». Султаны – правители с их кочевыми етавками, были упразднены и отошли в область преданий. Их заменили губернаторы со всеми губернскими атрибутами: присутственными местами, вице- губернаторами, прокурорами, судьями, уездными начальниками и т. д. Естественно, что такое выборное начало, легшее краеугольным камнем в основу нового положения, в конец подрывало значение и власть степной аристократии. Вот почему новая реформа... встретила    сильнейшее    противодействие    со    стороны


 


привилегированных сословий. Но и простой народ отнесся к ней весьма недоверчиво. Новое положение, объявлявшие что земли, занимаемые киргизскими кочевьями, становятся землями государственными, предоставленными киргизам лишь в общественное пользование, что права самих киргизов приравниваются к правам обыкновенных сельских обывателей, - свалилось на них, как снег на голову. И народ, игнорируя те хорошие стороны «положения», которые в нем заключались, понял только одно, что подать ему придется с кибитки вместо полутора рубля два рубля семьдесят копеек.


Вооруженный мятеж в Уральской области подавлен был чрезвычайно быстро, но он долго еще продолжался в соседнем Мангишлакском приставстве, где небольшой казачий отряд подполковника Рукина был истреблен самым изменническим образом. Надо сказать что, «новое положение», вводившееся среди оренбургской степи, на первых порах совсем не коснулось адаевцев. Они жили слишком далеко, кочевали в соседстве с Хивой и Туркменией. Зато, как только вооруженный мятеж в степи был подавлен, военный губернатор Уральской области тотчас потребовал к себе, в Уральск, обоих дистаночных Мангышлакских начальников: Маяева и Калбина. Им дали инструкции и отправили обратно уже с подполковником Рукиным, которому на правах уездного начальника подчинялось все Мангышлакское приставство».


Бұдан әрі очерктегі Рукиннің өлімі, өрбіген қарулы қақтығыстар бұдан бұрын келтірілген күйінде дерлік баяндалған. Біздіңше, В. А. Поттоның бұл тарихи очеркі өз зерттеушілерін күтуде.


Бұл көтерілісті зерделеп, зерттеген сол кездегі орыс әскери тарихшылары И. Линевич, П. Юдин, В. Поттолар патша өкіметінің отаршылдық саясатының шектен шыққан бағыттарын көрсете отырып, бұл оқиға жергілікті халықпен санаспай, оның салт- дәстүріне қарсы ереже енгізіп, күш көрсетіп, зорлық жасауға ұмтылудан болды деп пайымдады. Сөйтіп, Бостандық сүйгіш қазақ елінің биік рухы мен қайсарлығына бағаларын берді.


Тарихшылар сондай-ақ бұл көтерілістің XVIII-XIX ғасырлардағы басқа ұлт азаттық көтерілістерден өзінің бүкіл халықтық сипат алуымен, патша өкіметінің тұтастай бір отрядының жойылуымен ерекшелетінін атап көрсетті.


 


Ата-бабалар аруағы алдындағы парызымыз әлі мойнымыздан түсіп болған жоқ. Соның бірі – ел мен жер тарихын зерделеуде орын алып келе жатқан «ақтаңдақтар» сырының ашылмай келуі болып табылады.


Өткеннің қасиетті киесін, сөздің жүйесін терең білетін дүлдүлдердің өзіне тұзақ салынып, тосқауыл қойылды. Мәселен, тегеуріні бөлек тұлпар ақын Сәттіғұл атамыздың 1939 жылы жазылған «Досан батыр» дастанын сол кездегі аудандық партия комитеті қарап, қырық жыл болыстық қызмет атқарған Исаны дәріптеп, қаһарман тұлға етіп көрсетудің социалистік реализм әдісіне мүлдем қайшы келетіндігін ескерткен. Сүйтіп, өмір шындығын қапысыз жеткізген құнарлы шығарма ажарынан айрылып, жұқарған, жүдеген күйінде 1940 жылы оқырмандар талғамына ұсынылған. Бірер сөз «Иса-Досан» дастаны жайында болғанда, оны С. Нұржанов ақсақал өз естелігінде төмендегідей келтірген. Енді соған назар аударайық.


Сәттіғұлдың әңгімесі: Мен сияқты сөз шығаратындар артына атаулы еңбек қалдырып жатыр, мен де сөйтсем қайтеді деп, біраз ойландым. Менің әкем Жанғабыл Иса-Досан көтерілісіне бастан- аяқ, Досанның жерленуіне дейін қатысқан адам ғой. Сондағы көрген білгендерін бірнеше рет түгелдей айтып отыратын. Халық үшін болған улкен оқиға ғой, осыны жыр қылып қалдырайын деп шештім де «Иса-Досан» деген еңбегімді шығарып қағазға түсірдім. Біраздан кейін Райком шақырады, Иса-Досан дастанын ала келсін, деген хабар келді. Келдім. Бірнеше адамдар отырып менің дастанымды талқылады. Біраз жерден Исаны алып тастады. Маған


«40 жыл болыс болған адамды соншалықты дәріптеуіңіз қате, олай етуге болмайды», - деп ескертті. Біраздан кейін тағы шақыртты. Исаға байланысты біраз жерін тағы өзгертті. Енді менің еңбекті шығарудағы мақсатым өзгеріп кетті. Сөйтіп жүргенде Гурьевте ақындар айтысы болады деп шақырды. Оған «Иса-Досанды» ала бару тапсырылды. Гурьевке келдім. Қарсы алды. Оспанов Жәмек деген жас жігіттің үйіне орналастырды. Жақсылап әңгіме айтатын шалы бар үй екен, өте жақсы болды. Бір күннен кейін Обкомге шақырып жатыр, жырыңызды ала жүріңіз деп Жәмек мені Обкомге алып келді. Бұнда да Обкомы бар, КГБ-сы бар оншақты адам отырып менің жырымды талқылап, Исаны жырдан мүлдем алып тастады. Мен қайтерімді білмей қиналып шықтым. Әрі ойлап, бері ойлап, не де болса өз еңбегім ғой, ізсіз қалмасын деп, «Досан


 


батыр» деп өзгертуіме тура келді. Көтерілістегі негізгі тұлға Исекем атаусыз қалды. Менің де уақытым жақындап қалды. Қабірге түскеннен кейін Исекем мені қайтер екен деген уәйім ойымнан кетпейді.


Обкомдегі соңғы Иса-Досанды талқылаудағы адамдардың ішінде газет қызметкерлері С. Хайдаров, Ж. Оспановтар (марқұм) да болған екен. С. Хайдаров былай дейді: дастан-жырдан Иса сызылып, талқылау аяқталғанда Сәтекең ақсақалдың өңі өзгеріп кетті дейді. Ал Жәмек Оспанов: талқылау бітіп, адамдар тарай бастағанда мен де Сәтекеме жақындап келіп, «жүрелік» десем үндемейді. Өзі орнына қозғала алмай отырған сияқты. Әрең дегенде тұрғызып, қолтығының астына иығымды тығып тірей құшағыма алып зорға далаға шықтық. «Кішкене отырайықшы», деді, біраз отырдық. Әрі-беріден кейін біраз демалып алғасын менің әкеме мұңын шаққандай болып болған жайтты айтып берді.


Досан Форт абақтысында қайтыс болғанда да сол шаруаның бас-аяғында Жанғабыл болған. Досанды елге апарып жерлеуге бермегенде Жанғабыл Исаға хабар беріп, Исаның келіп араласуымен Досанның мүрдесін берген. Мүрде арбамен Қаратөбеге әкеліп жерлегеннен кейін Жанғабыл Досанның туған ағасын үйіне қонаққа шақырады. Келсе Жанғабылдың әйелі жас босанып отыр. Ұл балалы болыпты. «Ал мынадай жақсылықтың үстіне келдің, маған құрдас, дос болғандықтан сен де бұл баланың әкесісің ғой, енді атын қою саған міндет», дейді Жанғабыл. Сонда қонағы: «Біздің бұған дейінгі ісіміз сәтсіз болды ғой, ендігі ісіміз сәтті болар ма екен? Ұлыңның есімі Сәттіғұл болсын», - деп ақ батасын берген екен. Бұны да Сәтекеңнің өз аузынан естідік.


М. С. Турсунова аталған еңбектерінде: Досан Тәжиев өмірінің соңғы деміне дейін патша әкімшілігіне және жергілікті феодалдарға қарсы күресті. Көтерілістің бел ортасынан көрінді. Олардың ортасынан көтерілістің табанды басшылары болған. Досан Тәжіұлы, Алғи Жалмағанбетов, Ержан және Ермембет Құловтар шықты деген бағасы ешқашан ескірмек емес. (Аталған М. С. Тұрсынованың кітабы, 108, 114 беттер).


Міне, жергілікті, көзі тірі шежіреші аталардың әңгімелерінің басқа да дерек көздерінің ұзын ырғасы осындай. «Иса-Досан» көтерілісінің тарихи сомдауға белгілі қоғам қайраткері, талантты жерлесіміз, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, танымал ғалымдар  Қабиболла  Сыдиықов,  Хисмет  Табылдиев,  зерек


 


өлкетанушылар, шежірешілер Есбол Өмірбаев, Естерек Жаманбаев, журналистер Сайын Әділханов, Әбілхайыр Спанов, т. б. тарихшылар, қаламгерлер айтулы еңбектерімен дараланды.


«Ел тәуелсіздігі үшін күрестегі Иса-Досан көтерілісінің тарихи маңызы» атты ғылыми-теориялық конференция зиялы қауым, жұртшылық өкілдері бұл тарихи проблемаға тың серпін, соны леп қосарына сенеміз. Өйткені, бұл мәртебелі форум шаруалар көтерілісінің бесігі болған 360 әулиелі Маңғыстау өлкесінде өтіп отыр. Ғылыми-теориялық конференция республикамыздың жетекші ғалымдарымыздың қатысулары форумның шырайын үстей түсті. Олар Республиканың тарих және этнология институтының директоры, профессор С. Ф. Мажитов және еліміздің жетекші ғалымдары Н. Дулатбеков, Д. Қамзабеков, Ж. Тілепов т. б. болып табылады.


Ақ ниетті маңғыстаулық шаруалардың көтерілісі – бірліктің, әділеттіліктің, теңдіктің символы болып қалған еді. Сонымен шаруалар көтерілісі қазақи феноменге, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеудің кәусар бұлағына айналған еді.


Қазақтан шыққан алғашқы заңгер, Ресей думасының депутаты талантты ғалым және қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев Иса- Досан көтерілісін зерттеуі тегіннен-тегін емес. Бірақ сондай шұнайған заман болды емес пе, ғалым еңбектерін көзі тірісінде баспалар арқылы жарыққа шығара алмады. Ол міндетті кейінгі ұрпақ өкілдері жүзеге асыруда.


Өз топырағымызда Маңғыстау шаруаларының көтерілісін насихаттауда ақиық ақынымыз Сәттіғұл Жанғабылов «Досан батыр» жыр дастанымен өшпес із қалдырды.


Иса мен Досанға арналған монументті ескерткіш кешенін дайындалып Форт-Шевченко қаласы іргесінде орнатылды.


Сөз бар ма? Иса мен Досандар арман еткен ел тәуелсіздігіне қол жеткіздік. Бірақ, арман аласармақ емес. Халқымыз алар асқарлар алда. Асқаралы самғаудың алғашқы сатысы – жас, тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын мызғымастай бекіту болмақ.


Тұңғыш Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен өмірге келгеніне 20 жыл толған ел тәуелсіздігінің түп негізі ата-бабаларымыздың қанында, өмір-бақи бейбітшілік жолдан таймай өткен жолында жатыр. Содан таймаған Иса Тіленбаев, Досан Тәжиев батырларымыз, олардың ержүрек серкелері рухтары алдында бас иіп тағзым етейік.





Пікір жазу