07.08.2022
  134


Автор: Өмірзақ Озғанбай

CҮЙІНҚАРА БАТЫР

 


«Өз жұртының мүддесі үшін жанын құрбан еткен адамдарды құрметтеу - елдіктің белгісі»


Халел Досмұхамбетұлы.


 


Сүйінқара Үргенішбайұлы - қазақ халқының тарихында есімдері алтын әріптермен жазылуға тиісті ұлы тұлғалардың бірі. Күншығысы қарлы Алтаймен шектесіп, батысы Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ жеріміздің бүгінгі ұрпақ игілігіне айналуы Сүйінқара батыр секілді баһадүрлеріміздің арқасы екендігі даусыз. Жері мен елін қорғап, сыртқы жауларға қарсы күресте алты алашқа даңқы жайылған батырлар Маңғыстау өңірінде жетерлік. Ал олардың ішінде Сүйінқара батырдың есімі ерекше аталуы кездейсоқтық емес. Ең бастысы, ол - өз кезеңінің тарихи тұлғасы. Сүйінқара Үргенішбайұлының ел үшін атқарған ең басты қызметі — Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейінгі алмағайып кезеңде атақонысын Хиуа хандығының басқыншылық әрекеттерінен қорғап қалуға сіңірген еңбегі.


Бұл кез Ресей империясы шығысқа бастайтын шекара болып жатқан қазақ жеріне отаршылдық саясатын жүргізіп, біртіндеп еніп келе жатқан, бірақ әлі толық билік орната қоймаған уақыты. Қазақ руларының басым бөлігі Ресей империясының бодандық қамытын киіп үлгерсе де, Сүйінқара батырдың қол астындағы Маңғыстауды мекендеген рулардың біразы бодандыққа бас имей, күресіп жатқан кезі болатын. Сүйінқара Үргенішбайұлының сол тұстағы ір- әрекетіне талдау жасайтын болсақ, заман тынысын тап басып тани білгендігіне, әрдайым ел мүддесіне тиімді шешім қабылдағанына көзіңіз жетеді.


Ел мен жерді жаудан қорғау ғана емес, күнделікті тұрмыс, азық- түлік, жер-су мәселесі ол кездегі күрмеуі қиын мәселелердің бірі болғаны тарихтан белгілі. Сол кезде Сүйінқара батыр екі бүйірден қысқыштай қысқан қыспаққа қалады. Бірақ ерен ерлігімен, көреген көсемдігімен танылған батыр солтүстіктен сұғынған Ресейдің отарлық саясатына қарсы тұрып қана қоймай, оңтүстігінде көршілес жатқан Хиуа хандығының шапқыншылығына лайықты тойтарыс бере білді.Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары: Табын,  Адай,  Шекті  қоныс  тапшылығынан  құтылып,  заман


 


талабына сай сауда айырбасын жүргізу үшін ХҮІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың елуінші жылдарына дейін Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болады. Хиуа ханы қазақтарға түрлі алым-салықтар салып, ауыр езгінің астына алады. Көнбеген қазақ ауылдарын шауып, мал-мүлкін тонап, әйелдері мен балаларын күң- құл ету үшін айдап кетіп отырған. Қоқан мен Хиуа феодалдарының зорлық-зомбылығынан қашқан қазақтар орыстардан пана іздейді. Ресейге арқа сүйеген қазақтарды Хиуа ханы одан әрі басып-шанши түседі. Сүйінқара батыр дүниеден өтерде:


— Мен атқа мінсем, халқым Хиуаның жымысқы жұртына кіріптар болмасын деп міндім. Ол мұратыма жеткендеймін. Бірақ одан іргемізді бөлектегенмен, мына бір аузы түкті қоңсыға (Ресейді айтқаны — авт.) тап болдық. Арандап қалмасақ игі. Соған абай болып, қапы қалмауды ойла, жұртым! — деген екен. Сөйтіп, батыр соңғы демі үзілгенше халқының мұң-мұқтажын ойлап өткен.


 


Сүйінқара Үргенішбайұлы 1756-1841 жылдар аралығында өмір сүрген айтулы би, әрі батыр болған адам. Оның сол кездегі саяси қайраткерлігін мына бір оқиғалар барысынан айқын аңғаруға болады.


Хиуа хандығы тарапынан тұрақты түрде көрсетілген қысымнан құтылудың басты жолын іздеген Сүйінқара батыр 1832 жылы Кіші жүздің батыс бөлігінің билеушісі сұлтан Баймағанбет Айшуақовқа Ресейге қосылу туралы уәде береді. Мұны естіген Хиуа ханы Аллақұл Сүйінқара ауылы мен Маңғыстау өңіріндегі басқа да рулардың ауылдарын шабу үшін 3000 жауынгерден тұратын қалың қол аттандырады. Осы жолы Қарнау деген жерде қалмақтар мен Аллақұл әскерлерінің арасында үлкен қырғын соғыс болып, Кіші жүздің айтулы батырларының біразы мерт болады. «Қарнау қырғыны» деген атпен тарихта қалған бұл оқиға осы еңбектің «Құлбарақ батыр» атты бөлімінде жан-жақты айтылды. Сол секілді Маңғыстау үстіртіндегі


«Кіші қырғын», «Ұлы қырғын» деп аталатын төбелерде Сүйінқара бастаған қазақ қолы мен басқыншылар арасында қанды қырғын болғаны ел аузында сақталып қалған әңгімелерде айтылып, жазбаша тарихи деректерде дәлел, нақтылы айғақ ретінде келтіріледі.


Ел есінде қалған осынау оқиғалар тарихи деректерге де сәйкес келеді. Орыс зерттеушісі С.Карелин 1832 жылы Орынбордың генерал губернаторына жазған хатында Хиуа ханының зекетшілері Сүйінқара бидің ауылын шауып, әйелдері мен балаларын тұтқынға алып, қайтар жолда басқа да қазақ ауылдарын тонағанын, осы соғыста 300-ден


 


астам қазақтардың, оның ішінде айтулы батырлардың да қаза болғанын жаны түршіге отырып хабарлайды. Осы оқиғадан кейін Аллақұлдың келесі шабуылынан сескенген Сүйінқара көп ұзамай Баймағанбет Айшуақов билеген аймаққа өтіп кетеді.


Міне осындай өмір жолынан өтіп, өз заманының қоғам және саяси қайреткері дәрежесіне көтерілген Сүйінқара бабамыз жайлы ел ішінде айтылып жүрген, тарихи еңбектерде келтірілген әңгімелер жетерлік. Ең бастысы, Сүйінқараның батырлығы мен шешендігі, қол бастайтын көсемдігі оның бала кездегі кейбір мінез-құлықтары мен әрекеттерінен айқын аңғарылса керек. Ел ішінде мынандай бір әңгіме бар.


Сүйінқараның жеті жасқа аяқ басқан шағы екен. Сүндет тойында әкесі Үргенішбай қасиетті Атақозы батырдан бата сұрап барып, көпті көрген дана қартқа баласын сынатпақ болады. Көкірегінде көзі бар Атақозы абыз жас баланың жанарындағы жалын атқан отты байқап қалады.


- «Елінің шетін жатжұрттықтарға бастырмайтын, халқының арман тілегін ақиқатқа айналдырар ер боларсың, - дей келіп:


Айтқанымды есіңе сақта балам, Үмітін ата-анаңның ақта балам. Қатарың мен ізіңдегі ізгі ұрпақты,


Ар-иманды ер етіп, бапта балам, - деп ақ батасын берген екен (Қаржаубай жырау).


1871 жылы Атақозы батыр бастаған әскер мен қалмақтардың арасында болған қанды ұрысқа қатысқан Сүйінқара ерекше жаужүректігімен танылады. Сол кезде небәрі 25 жастағы жас ұлан Дәуқара атты батырмен жекпе-жекке шығып, қалмақтың қас батырының басын қанжығасына байлайды. Осы оқиғадан кейін батырдың аруағы асқақтап, ерлігі алты алашқа жайылады.


Қазақ халқының қызыл тілге дес бермейтін шешендігі, көп алдында көсіліп сөйлейтін көсемдігі әлмисақтан мәлім. Сүйінқара Үргенішбайұлы да қара қылды қақ жарған әділдігімен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін таба білетін төрелігімен халық арасында абыройы асқан жан.


Сүйінқара батыр түркімен халқына жақын болып, өзін қазақ пен түркіменді тел еміп өскен телқоңыр перзенттей сезінген. Оның себебі, Үргенішбай түркімен досы Алдабердімен екі үйдің балаларын ортақ көріп, бірдей тәрбиелеген. Ақыреттік достың тілегіне құлақ асқан аманатқа  адал  Аллаберді  Сүйінқараны  да  өз  балаларынан  кем


 


көрмейді. Кейін есейе келе Сүйінқара осы қайырымдылықтың өтеуі ретінде түркімен досының жетім баласы Шананы алты ұлынан кем көрмей тәрбиелеп өсіреді.


Бір сапарында Сүйінқара бабамыз жолаушылап Бесқала өңіріндегі Көне Үргеніш қаласы Ақ Бүйір ауылындағы түркімен досы Сапарқылыштың үйіне келіп үш-төрт күн қонақ болады. Жата- жастана келе жан досына сырын ашқан Сапарқылыш қойнындағы жарының жаугершілікте қолға түскен өзбек қызы екендігін, одан үш ұл сүйіп отырғанымен, әйелінің өзін іштей тәуір көрмейтіндігін айтады. Досының сырын білген Сүйінқара би аттанар сәтте ерлі- зайыпты екеуін қатар отырғызып «пәлегі ащы болса да, түйнегі тұщы екен» деп үш ұлды нұсқапты. Сонан кейін: «Бірауыз болып өсіп- өркендеп балаларыңның қызығын көріңдер», - деп батасын береді. Дуалы ауыздан шыққан бата шаңырақтың шырайын келтіріп, ахуалының оңалуына әсер етіпті.


Қазақ халқы өзінің бітімі бөлек оғландарының базынасын көтеріп, еркелігіне кешіріммен қарағаны белгілі. Сүйінқара батыр да өзінің бағасын білген жандардың бірі. Батырдың кесек мінезіне көпшілік те түсіністікпен қараған. Бірде Сүйінқара би сейсенбі күні мал соймайтын, жол жүрмейтін, келелі істерді бастамайтын дәстүрді қатты ұстанған жиендерінің ауылына жолы түсіп қонақ болса керек. Жиендері мал сояиын десе, ауыл-аймақтың қалыптасқан дәстүрі бар, содан аса алмай тосылып қалады. Сүйінқара батырға мал сойып, қонақасын бермеуге батылдары жетпейді. Екі оттың ортасында қалған жиендерінің жағдайын түсінген Сүйінқара оларды шақырып алып:


- Сен малыңды соя бер, ертең таң атқан соң есептесерміз. Ертең малың өлсе төлеймін, адамың өлсе құн беремін, - дейді. Ертеңіне сәскеде Сүйінқара ауылдағы үйлердің әрқайсысына кіріп: «Мал, жан аман ба, өлім-жітім жоқ па?!» деп хал сұрап шығыпты. Алтын басын иіп әдейі келгеніне сүйсінген батырды ауыл тұрғындары қуана қарсы алып, амандықтарын айтады. Сонда Сүйінқара батыр: «Жиендер мен құдалар аузым дуалы, мені бір құдайдан кем көрмеңдер», - деп аттанып кетеді.


Маңғыстау өңірінде халық аузына кең тараған «Сүйінқараның сыбағасы» деген тұрақты тіркеске айналған қанатты сөз бар. Бұл сөз туралы ел ішінде әр түрлі аңыз-әңгімелер айтылады. Сөздің бастапқы түпкі мағынасы Хиуа хандығына наразылық ретінде Астрахан, Дербент, Еуропа бағытындағы өтетін керуендер төлейтін салыққа байланысты  болса  керек.  Шаһарларды  жанай  өткен  сауда


 


керуендеріне баж салығын салуды даланың «кеден қызметіне теңеуге болады». Бұл - Еуропа мен Азияның тіршілік тамырындай тарамдалған ежелгі «Жібек жолының » тұсында қалыптасқан көне дәстүр. Жат жерлік керуендерге салық салу сол елдің иесі, бетке ұстар тұлғалары бар екендігін аңғартады. Жорықтан олжалы қайтқан батырлар тілектес болып, ақ батасын беріп аттандырған ақсақалдың үлесін «Сүйінқараның сыбағасы» деп әспеттеп, бөлек салып қоятын болса керек. Бұл сөздің батырдың өз атына тікелей қатысты түсінігін осы еңбектің «Құлбарақ батыр» бөлімінде айтып өткен болатынбыз.


«Сүйінқара сыбағасы» сөзінің негізі осы бір жайлардан келіп шыққан деген де жорамал бар.


Сүйінқара атамыз егде тартқан шағында інілерінің бірінің шаңырағына келіп түстенеді. Түскен үйінің он үш-он төрт жастағы ерке ұлы мен қызы бар екен. Ерке балалар шолжаңдап қадірлі қонақтың мазасын алып, дастарханның берекесін қашырады. Сонда Сүйінқара би: «Қарақтарым, бала деген балдан тәтті ғой. Әйтсе де, ұл мен қызды жеті жасқа дейін гүл қылып бақ, ал жеті жастан он бес жасқа дейін құл қылып бақ» деп аталы сөз айтса керек.


Сүйінқараның жеңгелері әзілдеп: «Алпыстан асқанда да жігіттігің мен әзілің қалмайды-ау, сен өзі жас кезіңде қандай қара болдың екен» деп әзілдегенде от тілді, орақ ауызды Сүйекең: «Мені жеңгелерім 15-20 жасымда бала қара десе, 25-35-те бәле қара деді, 40 пен 60-тың арасында дана қара деді, 60-тан 70-ке қадам басқанымда Сүйінқара деді» деген екен.


Ұзақбай  Қауыстың  «Ел  қорғаған  Көтібар»  атты  еңбегінде


«Көтібар Бәсенұлы, (1757-1833) – қазақ халқының тарихындағы байбақты Сырым Датұлымен, табын Жоламан Тіленшіұлымен, адай Сүйінқара Үргенішбайұлымен, Арынғазы және Кенесары хандармен терезесі тең тұлға», - деп көрсетілген. Сүйінқараның есімі Көтібар және Сырым Датұлымен қатар аталуы оның қазақ тарихында қандай орын алатынын көрсетсе керек.


Кезінде тарих парақтарына көз жүгірткенде «Көтібар» деген сөзден басымызды ала қашып, «Басыбар» деп те бұрмалаған кездеріміз болған. Бірақ «Басыбарды» да үйлестіре алмаған соң, бұрынғы ақиқат атауға қайта оралғанды жөн көрдік.


Көтібар батырдың есіміне байланысты ел аузында мынадай бір әңгіме сақталған. Көтібар батырдың ауылына келген бейтаныс қонақтар үй сыртынан келіп «Үйде кім бар, хабарлас!» деп дауыстаса керек. Үйде жаңа түскен жас келін ғана бар екен. Құдайы


 


қонақтардың «Бұл кімнің ауылы?» деген сауалына жас келін «Бұл басқа адамда жоқтай, менің атамда ғана бардайдың ауылы» деп жауап беріпті. Жас келін атасының атын атауға тыйым салатын салтты сақтай отырып осылай тапқырлық танытыпты.


Қазақ ежелден ата-салтын берік ұстанған, наным-сенімге имандай ұйып, тыйымнан аттамаған. Біздің халықтың ырымшылдығы тұрмыс-салтымыздағы түрлі оқиғалардан-ақ айқын көрініс табады. Мәселен, ұзақ жылдар бір перзентке зар болған немесе бала құтаймаған ата-ана өмірге келген сәбиі тіл-көзден аман болсын деп балаға осындай ерекше есім беруі сол ырымшылдықтың белгісі. Итбай, Күшік, Иткүшік, Көпек деген есімдер секілді, Көтібар бабамыздың аты да осындай сенімнің үдесіне орай қойылса керек.


 


Қақаған қыстың күні жолаушылап келе жатқан Сүйінқара би бір ауылға ат басын тірепті. Аты-жөнін айтып, құдайы қонақпын деп қонуға рұқсат сұрайды. Сөйтсе, бұл Тәжікөт деген болыстың ауылы екен. Күтуші жігіттер болысқа барып, құдайы қонақтың кім екендігін хабарлайды.


-Адайдың Сүйінқарасы туралы көп естіп едім, бірақ көрмеген кісім деп қызығушылық танытқан болыс: «Қонақ менің үйіме түссін, біраз сыр шертісіп, әңгіме тиегін ағытайық», - дейді.


Сүйекең ауыл иесінің тілегін қабыл алып, үй сыртына келіп «Кім бар-ау?!» десе, нөкерлерін ертіп үйден шыға келген Тәжікөт болыс:



  • Қайдан жүрген жансың, сен өзі менің кім екенімді білемісің? – деп зілдене сөйлейді. Сүйінқара Тәжікөт болыстың тоқалы ояз Қара Сергеймен көңілдес дегенді бұрыннан естіп жүрсе керек. Қасындағы жолдасына көзін қысқан Сүйінқара:

  • Білгенде қандай!.. Сен Әлкенің туысысың. Хасбол болыстың баласысың, ояз Қара Сергейдің бажасысың. Атыңды айтып қайтейін, екі бұттың арасысың» деген екен. Мұны естіген болыс айтарға сөз таба алмай тосылып қалыпты. Сөзден жығылған болыс Сүйінқара батырды қолтығынан демеп аттан түсіріп, төріне отырғызып қонақасы берген екен. Батырдың басқа шауып, төске өрлеген айыр тілді шешен екендігін осы сөзден-ақ аңғаруға болмай ма.


Сүйінқара уытты тілімен қиын сәттерде өзгелердің рухын көтере де білген. Бір жорықта қалың жаудан жасқанып қалған сарбаздарға, соғысқа тайсалмай кірген Сүйінқара: «Сендер өлсеңдер бір қатын ұл туады, ал мен өлсем Алаштың белі сынады» деп ақырса керек. Мұны


 


естіген сарбаздар аруақ шақырып, қаптаған қалың жауға лап қойған дейді.


Әр дәуірдің айтулы адамдары, ірі тұлғалары туралы ел ішінде айтылып жүрген ауызша да, жазбаша қилы деректер болуы ықтимал. Дәуірінде көрнекті іс атқарған адамдардың қоғамдық ісі мен кісілігінің арасында кереғарлық та болуы мүмкін. Басы жұмыр пенденің ондай табиғат берген қасиеті мен мінезін кез келген адам түсіне бермейді. Өз дәуірінің айтулы биі, айбарлы батыры Сүйінқара туралы да екіұдай пікірлер айтылады. Әңгіме-деректердің көбінде ол ақылды, айбарлы, сөзге ұста қайраткер ретінде суреттеледі. Халық батыры Сүйінқараның өз дәуіріне лайық ерлік істерін бейнелеу қазақ әдебиетінде дәстүрге айналды. Сүйінқараны атақты Абыл мен Ығылман ақын жырға қосады. Батырды «Исатай-Махамбет» дастанында қос батырдың ең жақын адамы ретінде суреттейді. Ал жазушы Әбіш Кекілбаев «Күй» повесінде Дүйімқараны Сүйінқараның прототипі ретінде алып, нағыз қас батырдың образын жасайды. Маршал Әбдіхалықтың «Сүйінқара» романында да батыр бүгіні мен келешегін де бағдарлай білетін ақылды адам, беделі зор бұқара қамқоршысы ретінде сипатталады. Абылдан күні бүгінге дейінгі көркем әдебиетте суреттегі Сүйінқара бейнесі тарихи шындықтан алшақ кеткен емес. Уақыт мұнары перделей бастаған замана шындығын, халық қамы үшін өрлік пен ерлікке бел буған батыр қимылы нанымды суреттеледі.


Міне, өз заманының кемеңгер батыры, елеулі тұлғасы, қоғам қайраткері бола білген Сүйінқара батыр сексен бес жасында өмірден өтеді.


Сүйекем сапар шекті сексен бесте, Сейсем де қалды жатып Аютөсте. Қорлыққа көнбен деген, бір пенде еді,


Ажалға ол да көнді салған іске, - дейді Абыл ақын батырдың қазасы туралы жырлай келіп.


Сүйінқараның көне құлпытасында Сүйінқара Үргенішбай баласы деп жазылған. Осыған қарағанда батыр әкесі Үргенішке сапарға шыққан жылы туған болуы керек. Бәлкім, Үргеніште туды ма екен, ол жағы әзірге белгісіз.


Үргенішбайдан - Сүйінқара, Қылыш, Бітік, Мерек, Кежі, Қорек деген балалар туады. Кежі Сүйінқара шабуылында да алты қанат үйге басып кірген Хиуа жасақтарының қарсы келгенін қынадай қырады. Қарақшылар бұл не болды деп үйді аударып тастап қараса, жауын


 


жайратып салып қасқайып тұрған Кежіні көреді. Кежі сол жолы қаза табады. Бейіті қазіргі Қаламқас мұнай кеніші өңірінде.


Сүйінқараның өзі табын қызы Сұлуке бәйбішеден - Сатыпалды, Бүркітәлі, Мұрын, ал есентемір қызы Ақмаңдайдан - Көтібар, Шортбай,Таған үйдегі қызметші әйелінен Шоқым атты баласымен жеті ұл сүйеді. Түркімен досының жетім баласы Шананы асырап алады. Балаларының ішінен Бүркітәлі мен Сатыпалды және Көтібардың батырлықпен атағы шыққаны белгілі. Сүйінқараның бейіті адайдың бірқатар белді адамдары қойылған Сейсем Ата қорымында. Ұрпақтары, туыстары, ел азаматтары әрі би, әрі батыр бабасының қара тастан қоршап жасаған, ортасына қара ағаш өскен бұрынғы зиратының орнына түбектің ақ сары ұлу тасынан әдемі күмбез көтерді. Ұрпақтардың бабалар рухын қастерлеп аспанға көтеруі олардың кісілігі мен азаматтығы. Ендігі ұрпақ алдында тұрған міндет - ұлы бабалардан қалған кесенелер мен тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау. Соңғы жылдары елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғаны белгілі. Мәселен, қазіргі Форт-Шевченко қаласының ежелгі көне атауы – Кетік. Міне осы қалаға маңғыстаулық ұлы тұлғалардың бірінің атын берер уақыт келген жоқ па?! Ел үшін қан төккен ерлерді ардақ тұту, есте қалдыру адамгершілік тәрбиеміздің ең маңызды саласы болуға тиіс. «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда хақы бар» деп Ығылман Шөреков айтқандай халық мұраты үшін ойымен, өнерімен, өмірімен қызмет еткен бабалар, әкелер, ағалар рухын қастерлеу – біздің, яғни кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы болмақ.





Пікір жазу