Маңғыстаудың Атағозысы
Таңғажайып табиғатының тылсым сырлары талантты арқаландырған, атты адамды атынан түсіріп, жаяуды жатқызған шежірелі Маңғыстаумен бірге жалаулы тарихы ғасырлар бойы жасасып келе жатқан жергілікті жұрт ішінде заманында ұлдары – жұрт бастаған көсемі, ел тоқтаған ақсақалы, сөз ұстаған биі, аруақты батыры, ізгілікті азаматы – абырой мен даңқы алты алаштан асқан адай елінің орны ерекше. Бүгінгі ұл мен қыздың несібесі, мақтанышы болған мұнайлы Маңғыстауды қолда ұстап қалуда осы майталмандар қаншама қиындықтың тезінен өтті десеңізші! Талай қаскүнем жұрттың көз құртына айналған бұл жер
– бабалардың қаны мен аналардың көз жасы сіңген, топырағына қасиет тұнған өлке. Қазақ елі қасиеті сан алуан Маңғыстау түбегін 362 әулие өңірі деп атайды. Ал батырлар саны да аз емес. Себебі, өмір ортасының өзі бір жағы түрікпен қалтамандары, бір жағы Хиуа бектерімен, бір жағы орыс итаршыларымен, қалмақтармен арпалыста өткен ел үшін кәмелетке толған баласынан еңкейген кәрісіне дейін қолына қару алуға тура келген. Сондай қиын-қыстау жағдайда ел тірегі, халық қалауы мен тілегі де батырлар болған.
Маңғыстау даласы – ғасырдан ғасырға созылған жат жерлік шапқыншылардың небір қанды жорықтарына төтеп берген, жорық жолдарында қаһармандық мектептің қамал бұзар ұландарын тәрбиелеген адай елінің құтты қоныс, атамекені. Қорқаудай жалаңдаған қалмақтардың маңдайына тас уатқан, қазақ даласын жұтардай төнген орыс аюының алдында өтпес өткел болған, қасқырдай қаптаған Хиуа бектерінің менменсіген кеудесінен басқан, жау жағадан алғанда бөрідей етектен шалған түрікменнің басмашыларының тәубесін келтірген Маңғыстау ерлерінің төккен тері мен шашылған қанының төлемі – бүгінгі жаңғырған, әлемге әйгілі мұнайлы Маңғыстау.
Ұлы даланың төсін дүбірге толтырған ұландарының бірі Атағозы батыр еді. Ойға жүйрік, тілі өткір, көкірегі жанартаудай толас таппас шешен тілді Атағозы батыр – заманында қазақ қоғамының беделді тұлғаларының қатарына көтерілген тарихи қайраткер. Дегенмен де, қазіргі ұрпақ үшін жұмбақ жан. Қазақ қоғамында жаугерлік өмірдің өзі қалыптастырған әскери- қаһармандық мектептің көрнекті өкілі Атағозы батырдың ерлік жолдары қазақ халқының табиғи бостандығы тарылып,
бодандықтың қыл бұрауы қыса бастаған заманға тура келді. Аждаһадан құтылуды ойлаған қазақтың аюдың тырнағына іліккен тұсында көршілес жұрттар да даланы пұшпақтап, қарпып қалуға жанталасып жатты. Атағозы батыр – Еділдің есірген қалмақтарына, Хиуаның қан тілеген хандары мен бектеріне, тістелеген түрікмен басмашыларында құлашын сермей бастаған орыс патшасының отарлау саясатына қарсы тұрып, Е.Пугачев пен С.Датұлының азаттық күрестеріне үн қосқан, Кіші жүз хандарының әділетсіздігін беттеріне басқан, ел тілегін орыс патшайымына жеткізген бостандық жаршысы. Кешегі ой-сана бұғауланған, ұлттық идея шынжырланған қапас заманда ұлт ұландарының есімін ауызға алып, ұрпаққа өнеге қылып айтуға мүмкіндік болмады. Алайда, уақыт озған сайын халық санасында биіктей түсер тұлғалар тарих көшінің әр белесінде айналасына ізгілік сыйлаған шамшырақ іспеттес жарқырай түседі. Найза ұстаған тұлымды ұлдың ұлты үшін істеген еңбегі ешқашан да елінің жадынан өшпек емес. Халқының аңызға бергісіз тарихының жоқшысы, жоқтаушысы ақындар жырлаған қасиетті бабаларымыздың ерлік дәстүрі батыр ұлдарының іс-әрекетінің өнегелі, тірліктегі үлгісі емес пе!
Әлі күнге бір сұрақ – мен аңғарман, Сұрап келем ақылды адамдардан.
Өзге жұрттың хандары жақсы болып,
Біздің хандар қалайша жаман болған? – дегендей, адайдың көк берен ұланы Атағозы туралы сөз қозғау реті де келіп жетті.
Атағозы туралы Маңғыстауда аңыз-әңгімелер жетерлік. Ел әңгімесін дәйектілей түсу үшін архив құжаттарын қарастыру қажет болды. Сонымен қатар белгілі тарихшылардың еңбектерін атқару керек еді. Ресейдегі Е.Пугачев бастаған шаруалар соғысының 225 жылдығына орай Н.Бекмаханованың «Көктемір туралы аңыз» («Жалын», 1983) атты еңбегінде көтеріліске қатысқандар тізімінде Атағозы есімі де тұр. Алайда, қатысқандардың руларын көрсетуде сәл қателік кеткен екен. Бұл жерде батырды байбақты руынан деп жазыпты. Бірақ Атағозы Айтқұлов деп анық көрсетіледі. Бұл пікірімізді «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары» атты еңбектегі мәліметтер бекіте түсті (27,32,36 бб).
Жастайынан ел ісіне араласып, реті келген жерде төрелеп билік айтқан Атағозының ғұмыры ат үстінде өткен. Шеткі жаумен жағаласып өткен батыр ел тағдыры таразыға түскен тұстарда жалаулы найзасын көтеріп, жұрт көсемдерінің тілекшісі, сенімді
серігі де бола білді. Ол 1783-1797 жылдары Сырым Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының ұлт-азаттық күресінің бел ортасында жүрді. Бұндай мәлімет 1940 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы бойынша материалдар» атты жинақта беріліпті. Жинақтың 4-томында батыр туралы қысқа болса да нақты мәліметтер бар. Пугачев көтерілісі кезінде қазақ халқына опасыздық жасап, олардың тағдырын тәлкекке салып жіберген Нұралы ханның екіжүзділігін айыптап, 1785 жылы шілдеде Кіші жүздің беделді адамдары ІІ Екатеринаға хат жолдайды. «Біз, қырғыз-қазақ жұртының Кіші жүзіндегі қарапайым халқы ресейлік жұртқа шапқыншылық жасап отырған хан мен басшылардан басқа, оның ресейлік жұртқа деген қара ниетіне орай Нұралы ханға қатты ашуланған және шапқыншылық жасамайтын күллі адамдар – барлығы бірдей жағдайда және бірауыздылық ынтымақта тең жағдайда бірауыздан мынаны уәде етеміз: егер хандықтан Әбілқайыр ханның балалары тайдырылатын және Нұралы ханның барлық хаттары қаперге алынбайтын болса, онда ұлы мәртебелі падишахтың әмірі мен жарлықтарына қарсы болмаймыз және оларды тәрк етпейміз. Осындай жағдайда ғана біз, Кіші жүздің барлық ақсақалдары мен бүкіл халқы, бағынуға уәде береміз және солай болса ғана ұлы мәртебелі патшайым жұртының ұлылығын танимыз және оның еркін орындайтын боламыз, ал падишахты, оның мәртебесін қамқоршылық пен мейірбандық деп танимыз. Осы уақытқа дейін бізде сіздермен арада болып өткен алма-кезек атыстардың және шапқыншылықтардың Нұралы ханның бүлдіргіштік әрекеттерінің кесірінен, оның атаққұмарлығы мен ашкөздігінен туғандығын мойындаймыз. Ол қырғыз-қазақ жұртына қылғаны сияқты Ресей жұртына да шексіз және сансыз оңбағандықты жасады. Ұлы мәртебелі падишах оның осындай сатқындықтары туралы біле ме екен? Осындай опасыздарды хандыққа және билеушілікке көтеру қайдан үйлесімді болмақшы...» («Қазақ ССР тарихы бойынша материалдар», 53-б). Осы патшайымына жазған осы хатқа Кіші жүздегі 25-рудың 21-інің өкілдері, 55 адам қол қойыпты. Бұлардың арасында Атағозы батырдың да қолы қойылыпты.
Өкінішке орай, Атағозының көтерілістің бел ортасында жүргені туралы архивтік құжаттар қолға түспей тұр. Алайда, жоғарыдағы хат мазмұнынан оның Сырым қозғалысынан шет қалмағаны аңғарылады. Қазақтың жады тарихына сүйенсек, көне
тарихтың талай ақиқатын бүгінге жеткізген жыраулар мектебінің қазынасы талай шындықтың бетін ашады. «Сырым батыр» дастанында:
Қырандайын түлеген, Қиырдан тоят тілеген. Үйде ұйықтаса жүдеген, Үнемі түзде түнеген.
Қылышын тасқа білеген, Қара бақыр қазаннан, Қанды ет жесе семірген. Қақтың суын сімірген, Жау тілеген құдайдан, Тіл таңбалы Адайдан
Атағозы батыр бар, - деп, сахараның сарабдал ұлы Сырымның азаттық қозғалысына Атағозының да үн қатқаны, ұлы істен шет қалмағаны айтылады. («Дала кемеңгері» жинағы, 1992 ж.)
Ал енді ел жадында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Атағозы батыр жоғарыда айтылған қозғалыстармен қатар, қазақтардың жоңғарларға қарсы азаттық соғысына да қатысқан. Батырдың туған жылы зерттеулердің басым бөлігінде 1704 жылды көрсетеді және бұл қисынға да жақындайды. Еендеше, Атағозының шар болаттай суарылып, майдан көрігінен өтіп, батыр атанып, азамат болу жылдары осы жоңғар шапқыншылығы кезеңінде өткен. 1723 жылы қазақ халқының басына түскен алапат қасірет ел тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама», «Қайың сауған», «Сауран айналған» оқиғасы Кіші жүз қазақтарына қатысты. Қонтайшы Цеван Рабдан бастаған 80 мыңдық жоңғар қолы Шығыс, Оңтүстік-шығыс Қазақстанды қанға бөктірген тұста, Еділ қалмақтарының 90 мыңдық әскері Батыс Қазақстанды жайлаған қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Қырғыннан бас сауғалаған Кіші жүз қазақтары Сауран айналып кеткен еді. 1723 жылдан бастап қазақ батырларының жеке жасақтары жоңғар- қалмақ басқыншыларына тегеурінді қарсылық көрсете бастады. Осындай жасақтардың бірінде жүрген жас батыр көзге түсіп, ел аузына ілінеді. Осы тұстағы Атағозы туралы бірінші дерек В.А.Моисеевтің «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII вв.» (84-85 бб.) атты еңбегінде айтылыпты. Онда 1723 жылдың 12 жетоқсанында Аюке хан ордасына Ресей шекара өкімет орындары хабар жеткізеді. Онда қазақтар мен қарақалпақтардың 40 мың қолы
қалмақ хандығымен соғысуға келе жатқанын хабарлайды... Қазақтар бірігіп, Сәмеке, Әбілқайыр, Барақ, Есім сұлтан бастаған
10 мың (Әбілқайыр кіші жүз) қазақ жасағы 1723 жылы Церен Дундук хан мен Доржи Назаров иеліктеріне басып кірді. Онды Кіші жүз адай батырларының ішінде Атағозы, Өмір, Темір, Есек, Есен, Табынай, Шотан, Бергей, Сабытайлар болды. Осы жорықтың бел ортасында Атағозының болғандығын тарихшы-ғалым Ә.Хасенов өзінің «Үш ғасыр иінінде» атты еңбегінде де көрсетіпті («Қазақ әдебиеті» №6, 7.02.1992 ж.).
Осы дәуірде Маңғыстауда болған Әбілғазының айтуы бойынша түбекте 700 үй шамасында ғана түрікпен болады. Қалған өрістің бәрін қалмақтар жайлапты. Бұл өлкені мекендейтін елдер Шәудір, Сүйінші рулары І Петр заманында қалмақ ханы Аюкенің (1670-1724) қарауына ауып кетеді. (Бартольд В.В.шығармалары, 2 том. 1 бөлім. 609, 613 беттер). Шежіре тарихымызда жиі айтылатын адайлардың қалмақтарды шабуы, жесір алуы осы тұстарға сәйкес келетін сияқты.
Шығысқа қарай жөңкілген қалмақтар Жем пен Іле арасындағы қазақтардың шапқыншылығына ұшырап, қатты қырылды, кері көшкен 30900 үйдің Жоңғарияға аман жеткені шамалы, Жоғарияға босқан қалмақтар 1771 жылы 18 қаңтарда Жайық өзенінен өтіп бара жатқанда, Кіші жүз қазақтарының шапқыншылықтарына ұшырайды. Оған Еділ-Жем бойы қалмақтарының ақсүйектерінің арасындағы алауыздық себепші болды,-дейді. (Әбіш Кекілбаев.
«Ұйқыдағы арудың оянуы» Алматы. 1970 ж. «Қазақстан» баспасы). Дегенмен де, Атағозының даңқы кейіннен, жоңғар-қалмақ шапқыншылығының беті қайтып, ел еңсесін көтере бастаған тұста шарықтап шықты. Шапқыншылықтан есін жиған ел атажұртқа бет түзеді. Бұл жалдары, алдымен, оның атамекенді меншігіндей иемдеген түркімендермен күрестегі ерлік даңқы, кейіннен ел-
жұртын ұйытқан кемеңгер билік сөздері шықты.
Иә, кешегі сағым жайлаған сағынышты Маңғыстаудың бүгінгі ұландары. ХХІ ғасырдың аса зор мәдениетімен сусындаған,
«мерседес» мініп, желмен жарысқан жастар мол байлық пен қазынаның бағасының қаншалықты салмақты екенін біле қояр ма екен? Осы байлыққа қаншама жұрттың жармасқанын, ұрпағының несібесін сақтап қалуда қаншама қан төгілгенін сезер ме? Бүгінгі еліміздің ырыс қазанын қайнатып отырған Маңғыстаудың мол мұнайы мен газы – бабалардың басын бәске тігіп, өмірін
қыршынынан қиып, сол елдің келешек тағдырының арашашысы болған батырлары мен билерінің еңбегі. Бүгінгі ұрпақ дайын асқа тік қасық, әуелден-ақ басынан бәрі осындай болғандай сезінуі мүмкін, жоқ, ол олай емес, ол – тұтас бір іргелі елдің басын өлімге тіккен батырларының еңбегінің жемісі. Ұрпақ осыны білуі керек, құрметтеуге тиіс. Бүгінгі молшылықтың артында қаншама тарихтың жатқанын, оның салмағын сезіне алса, бақыт баянды болмақ!
Өз ұлтын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді,- деп жырлаған ақын Ілиястың зердеге зерделенер толғаныстары ел есіндегі тарихтың ұлағатын ұмытпауға үндеп тұрғандай. Атағозы секілді асылдың, қазақтың жауға салар алмас қылышының, дауға салар сұңқар ұлының бүгінгі Маңғыстау елінің бақуатты тірлігіне қосқан үлесінің молдығын жұрты білуі керек.
...Сағымдар жарысқан қасиетті мекенді қызылкөз түрікмен басқыншылары мен бәлеқор Хиуа бектерінен тазарту, олардың өлермен жорықтарын тоқтатып тұру, ел ішіндегі жер дауы, жесір дауы секілді басқаға болмашы, қазақ үшін халықаралық дәрежедегі мемлекеттік істермен бара-бар дау-жанжалдарды реттеу істерінде Атағозы шебер дипломаттық қырынан танылды. Жатты да, жақынды да қызыл тілдің құдіретімен бас идіріп, табындырған Атағозы – аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген, төтеден келген жауды төпелеген сөзімен тоқтатқан даланың дара биі ретінде де белгілі тұлға, жүз жылдан асқан уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғыстарынан кейін ел ішіндегі қоғамдық-әлеуметтік істерді реттеуге ерекше еңбегі сіңген қайраткер. Әдетте, шешендік өнер ақыл-ойға тұсау салынбаған азат, халықтық-демократиялық қоғамда өркен жаяды. Атағозы да осындай дала демократиясының көрнекті өкілі еді.
Қыран қанатын талдырар ұлан-ғайыр қазақ даласының ата дәстүрі, сара жолы да сол даланың өзіне тән дала заңына негізделген. Ықылым замандардағы көшпелілер қалыптастырған дала заңдары сол даланың қоғамдық өмірін толық қамтып, елін шашау шығармай, жерін жатқа басқызбай, халықтың тыныс- тіршілігінің тетігі болып келген ғой. Өзге жұртқа түсініксіз де жат, ал қазаққа тән дала дәстүрі – көшпелі халықтың қоғамдық өмірдегі өзара арақатынасы. Қазақ халқының этникалық құрамының соншалықты күрделілігі қоғамдық қатынастарды реттеп отыратын
дала салтын, дала дәстүрін, дала заңын қалыптастырды. Ал осындай қоғамды басқаратын билік айтар биік төбе – «дала парламенті» - билер институты болды.
Шағырмақ бұлт жай тастар, Ағытқан қойды жол бастар. Ақ желкенді жел бастар, Ғалым төре ел бастар.
Батыр жігіт қол бастар, Аға жігіт жол бастар,
Шешен адам сөз бастар, - дегендей, тегі терең Атағозы-өз заманында қол бастаса – батыр, сөз ұстаса – шешен, дауға түссе – әділетті айға теңеген би болған жаратылысы ерекше тарихи тұлға.
Тарихымызды таразыласақ, билердің халықты елдік пен бірлікке, қайсарлық пен ерлікке, қайырымды тірлікке үндеп, жалаң қылыштай жарқылдап, жол бастаушыдай саңқылдап алда жүргенін аңғарамыз. Ел арасына іріткі түсірмей, дау-дамайды бітістіріп, кетіскен ағайынды келістіріп, жақсылыққа – жақшы, жамандыққа – қарсы тіл безеген билер – халықтық дәстүрлер мен ұлттық салт- сананы көнертпей, жоқшысы да бола білген. Төреден де сыйлы билердің өзі ділмәрлігімен топты жарып, әділ үкімімен бой көрсетіп жүрген талапты жастрады алдына шақырып, сынап, баулып, батасына беріп отырған.
Қазақ қоғамында қара қылды қақ жара билік айту үшін байлық пен батырлық, бедел мен көзсіз ерлік жеткіліксіз. Әдетте билік айту жас таңдамайды. Билік айтудың қаруы ұшқыр ой мен сүзілген сөз мәйегі, шешендік тіл қажет. Осы қасиеттер жаужүрек Атағозының бойына біткен екен. Бұл туралы ел ішінде сан алуан әңгіме аңыз бар. Атағозының билік айтуы көбіне ел ішіндегі әлеуметтік мәселелер төңірегін қамтиды. Қазақ қоғамының ішкі саясатындағы әлеуметтік мәселелердің күрделілігін реттеу тек билердің ғана қолынан келгенін ескерсек, осы тұрғыда Атағозы да ел бірлігінің жоқшысы ретінде де танылған.
Атағозы айтқан екен деген ел әңгімелерінің ішіндегі көрнектісі Сырым Датұлы есімімен байланысты. Шеркеш Байсал би Байбақты руының көсемі Сырым батырдың қызын ұлына айттырып, молынан қалың малын айдаттырып, екеуі құдандалы болады. Араға біраз жыл салғаннан кейін, Байсалдың ұлы қалыңдығын алмаймын деп, ат-тонын ала қашады. Ұлына қосыла құдалықтан айныған Байсал би Сырымға кісі салып: «Балам
қызыңды алмаймын дейді, сондықтан да қалыңға берген малды қайтарып берсеңіз екен» - деп, сөз салыпты. Ашуға булыққан Сырым: «Мен Байсалдың малын бағып берем деп алғаным жоқ, алса, қызымды берем, алмаса, өзі білсін», -дейді. Дауласып бірін- бірі жеңе алмаған соң, екеуі хан алдына барып айтыспақ болды. Хан ауылына бірге шыққан екеуі жолда кеңеседі. Ханның ауылында жақсы бар, жаман да бар дегендей, жиналған жұрт көп болар. Екеуміздің хан алдына барып айтысқанымыз ұят болар. Онан да Атағозы батырға барып, соған жүгініп, соның үкіміне риза болсақ қайтеді, - деп екеуара мәмлеге келіп, ат басын Атағозы ауылына бұрады. Даудың бет алысын байқаған Атағозы: Сіздер белгілі Сырым мен Байсалсыздар ғой, сіздер ұзақ дау айтпай-ақ, арыздарыңызды қысқаша ғана бес-алты ауыз сөзбенен тақпақтап айта қойыңыздар. Байсал, сен талапкерсің ғой, алдымен сен баста – дейді. Сонда Байсал би:
-Сырымға құда болдым даңқыменен, Бес жиырма мал бердім
Бұрынғы ата-баба салтыменен
Қара нарға қара кілем жауып бердім. Арғымақ жалқы асылын тауып бердім. Күндердің күнінде
Алтын дегенім мыс болды. Мыс дегенім жез болды.
Сондықтан да малымды іздеп келген талапкермін, - дейді Байсал. Сонда Сырымның айтқаны:
-Байсалдың құда болғаны рас даңқыменен, Араласып сыйласқаны да рас халқыменен Бес жиырма мал алғаным да рас,
Бұрынғы ата-баба салтыменен
Мұның баласы үш жылдай қалыңдық ойнады, Құлындай байлады, тайдай жайлады
Өз мақсаты біткен соң алмаймын деп ойлады. Мен онысына көнбедім
Төре биді іздедім. Төресін әділ берер деп
Алдыңызға келгенім, -дейді.
Сонда Атағозы: Ал,шырағым Байсал, балаң үш жылдай қалыңдық ойнаған болса, малың қайтқан екен, енді саған мал жоқ, алсаң жесіріңді аласың, алмасаң үйіңе барасың, - дейді. Сөйтіп,
Атағозының төрелігі бойыша жүз қараны бойына сіңіріп Сырым, жүз қарадан айырылып Байсал ауылына қайтады.
Атағозының билік сөзі хақында айтылар тағы бір әңгіме Қаратай ханға байланысты. Нұралы ханның отыз ұлының бірі Қаратай Орынбордағы орыс мектебін бітіріп, Кіші жүзге хан болады. Ел аралап келе жатып, Адайларға беттеген күні алдарынан 4-5 атты жолаушы шығады. Қасындағы шабармандарынан хан
«бұлар кімдер екен?» - деп сұраса, олар:
-Адайда байлықпен, билікпен және батырлықпен де аты шыққан – Атағозы, - дейді. Көп кешікпей олар да келіп, бұларға сәлем береді. Атағозы арықтау келген сіріңке қара кісі екен. Ханның көзі шалмай былай депті: - Әй, Атағозы! Ойда орыстың. Қырда қазақтың малын қоймасаң да, бойыңа шыр жұқпаған екен- ау, - деген екен. Сонда Атағозы тоқтамастан:
-Пәлі, тақсыр, дұрыс айтасың. Өлеңді жерде өгіз семіреді, Өлімді жерде молда семіреді. Қаралысында қатын семіреді. Қайғысыз хан семіреді,- деген. Ал мен болсам:
Қайтсем топтан торай шалдырмаймын деп, Қазақтың бір тайын дұшпанға алдырмаймын деп, Бір түнде тоғыз оянып, тоқсан толғанам.
Сонда мен қатпа болмай, қалай семіз болайын?! – депті. Сөзден тосылған хан үндемей қалады. Сол кезде ханның шабармандарының бірі: «Өз жөнімізбен кетпей, үйдегі қатын- балаға да кесіріміз тиіп кетті-ау!» - деген екен... (Б.Адамбаев
«Шешендік сөздер», А.Жазушы, 1967, 53-54 беттер).
Маңғыстау өлкесінің тарихын, жыр-күйін, жетік білген, талдап зерттеген, оралымды оймен зерделеген Ізбасар Шыртанов былай деп жазып еді: «Атағозы батыр – Адайдың ғана емес, бүкіл Кіші жүз Алшынға ортақ тарихи тұлға. Оның ерлігі, ақылман би болғанда қай тарихи тұлғалардан да артық болмаса, кем емес. Оның ерліктерін Қабанбай, Бөгенбай, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Ағыбай, Тама Есет, Жанқожалармен қатар қоюға болады. Шындығын айтсақ, Маңғыстау батырлары өзінің тарихи бағасын әлі ала алмай келе жатыр».
Атағозы батырдың ерлік істері, ел қорғаған батырлық сапарлары халық ақындарының жырларына арқау болған. Ақтан Керейұлы өзінің «Ерлік жыры» өлеңінде:
Өрден шыққан батырлар, Атағозы, Бердібек,
Ерлік қылған белгілеп...-
деп жырласа, ақын Аралбай Оңғарбекұлы «Құрметті сәлем жазайын» атты жырында:
...Артық кімдер бар еді, Ертеде өткен Есеттен.
Қасиетін көрсеткен?! Атағозы мергеннен Ақ сүңгісін өңгерген, Аламанға жел берген, Азын көпке теңгерген, Адырнасы ақырған,
Қол оғы нардай бақырған...- деп жар салады.
(«Ақберген» А... 1972, 175, 198-беттер).
Атағозы батырдың ерлік ісі бүкіл Кіші жүзге, тіпті исі қазаққа белгілі болды. Батыр туралы белгілі ақын Мұрат Мөңкеұлы Жылқышы ақынмен айтысында:
«Өтіпті Атағозы, Өмір, Темір
Бірінен бірі өткен ақсұңқардай», - деп толғайды.
Маңғыстау елінде батырлар жөнінде дастан жазған халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылұлы өзінің Досан батырға арнаған жырында:
Тарих қылып тастайын, Әңгіме кеңес бастайын, Бұрынғы өткен ерлерді. Ертеде ерлер көп болған. Көк сүңгісін өңгерген, Көңілі көшіп желденген. Сол күнде болған батырлар Атағозы, Бердібек
Ерлік қылған белгілеп. Әлібай, Төкеш, Құлыбек Балуанияз, Қармыс, Ер Төлеп.
Шотан, Шабай, Ер Қонай, - деп, ондаған батырларды бірге еске түсіріп ктееді.
Сондықтан да көрнекті ғалым Х.Досмұхамедұлы: «Адайдан шыққан Атағозы, Құдабай, Дәуімшер, Сүйінқара, тағы талай адам ел қорғап , қазаққа дұшпан дегендермен көп жауласқан», - деп, үлкен баға береді.(«Аламан А. 1991, 52-53 беттер).
Еліміз тәуелміздік жылдарында ұмыт қалған ұлы тұлғаларға, ел тарихына қайта оралу дәстүріне ие болды.
Әр кезде осы тақырыпқа қалам таратқан Х.Досмұхамедұлы, Ә.Кекілбаев, І.Шыртанов, С.Назарбеков, Д.Саймағамбетов, М.Болысов, А.Әміржанов, Қ.Нұранов, М.Боранбайқызының т.б. еңбектері бар. Кезінде жазба мәдениеті дамымаған өлкенің үлкен бір тіреуіші – халық жады тарихы. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып, ауызша жеткен тарихты шашау шығармай қағазға түсіру ғалым тарихшылардың зерттеулерімен қатар жүргені абзал.
Жоғарыда осы тақырыпқа барған авторлардың мақалаларының өзінде де батыр, би бабаның аты түрлі-түрлі беріледі. «Атақозы», «Атағазы», «Атағозы» т.б. атауларды тілдік норма заңдарына сәйкес бір ізділікке келтірген орынды сияқты.
Суды ішкен кезде бастау көзін еске алған абзал. Бүгінгі түгін тартса майы шыққан қасиетті Маңғыстау түбегінің халқымызға қайта оралып, адай атам баласы қоныстана бастаған кездегі ауызға алынатын ұлы тұлға Атағозы Айтқұлұлының туғанына 300 жыл толуын ауызға алып, атамай өтуіміз де елдігімізге үлкен сын емес пе? Бұл ұлы тұлғаның есімін ел жадында сақтау дәрежеміз де сын көтермейді. Оның атымен көше, мектеп, елді мекен, мәдени ошақтар, әскери тәрбие беру оқу орындары, әскери кемелер аталып жатса, жас ұрпақ санасында елге, жерге, Отанға деген патриоттық сезім қалыптасар еді. Тарихтың салқар сабақтарынан үлгі – өнеге алған халық қана тарихтың түрлі сындарынан мүдірмей өтіп, алға үлкен үмітпен қарайды. Көптеген Еуропа елдерінде ауыл, кент, өндіріс орындарында өз мұражайлары арқылы өткен тарихын мұқият сақтайды.
Маңғыстау облысы орталығы Ақтау қаласында, аудан орталықтарында кешегі «күн көсемнің» босаған орынтағында ақылға да, санаға да сәуле түсірмейтін желкенді кеме т.б. қоюдың қаншалықты қажеттіліг бар? Атағозы сияқты ұлы тұлғалардың қала алаңдарынан орын алғаны абзал емес пе? Аты аңызға айналған Ер Шотан, Бердібек, Қармыс, Қонай, Өмір, Темір, Бегей, Табынай,
Сабытай, Назар, Есек, Есенғұл т.б. бабаларға аллея, галереялар ашылып, өмірінің негізгі даталары мен ерлік істерінен мағұлмат берілсе, жастар үшін тәрбиелік мәні бар шаруа болар еді.
Ол тәрбиелік мәні бар алуан түрлі шаралар өтетін, жас жұбайлар алғашқы қадамдарын бірге бастар, дүниеге келген сәбидің азан шақырып, атын қояр, тұсауын кесіп, атқа қондырар киелі орын болмақ.
Мектептерде арнайы жиындар, алуан түрлі тәрбиелік мәні бар шаралар, жоғары оқу орындарында өлке тарихы, ірі тарихи тұлғалар – батырлар, билер туралы лекция циклдері, аудандар, қалалар көлемінде конференциялар, оқулар өткізілсе, орынды болар еді. Танымдық бағытта баспасөздің, теледидардың рөлі ерекше.
Өкінішке қарай, бұл саладағы аға буынның білімдері – азды- көпті хабарлары болғанменен, жастар бейхабар деп айтуға болады.
Аталған ұсыныстар аудан, қала, облыс басшыларына, қоғамдық ұйымдар, жұртшылық өкілдеріне ой салар деген пікірдемін. Аруақты кадірлейік, қастерлейік, жас ұрпақ бас иіп, мақтан тұтсын, аруақ аяқасты болмасын, ағайын! Елін, жерін жаудан қорғап, откешіп өткен ата-бабалардың ерлік рухы сонда ғана разы болмақ.