Құдайкеұлы Ер Қосай
Еліміздің батысын жайлаған Кіші жүздің ішіндегі Адай – кең тараған ру. Қазақ энциклопедиясында ол туралы «...кіші жүздегі Байұлы құрамына кіретін үлкен ру. Арғы тегі Каспий теңізінің оңтүстік – шығыс жағалауын мекендеген ежелгі дай (дах) тайпалары болса керек» деген болжам жазылған. Ал қазақтың ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан адайларды ғұн тайпасының қалдығы деп атаған. Бұл тұжырымды ол қазақ даласын терең зерттеген Н.Аристов, В.Радлов, В.Бартольд, А.Бернштам, С.Толстов т.б. секілді ғалымдардың еңбектеріне сүйеніп жасағанын жазады. Ал халық аузындағы аңыз әңгімелер мен жырлардың айтуына қарағанда, Адай – алыс емес, жуық шамамен XV ғасырда өмір сүрген тарихи тұлға. Маңғыстау өңіріндегі шежіре жинаған барлық адамдар оның ұрпағын тегіс таратып бере алады. Кейбір ақындар оның туған және жасаған жерлерін де өздерінің өлеңдерінде айтып кеткен.
Мәселен, әйгілі Түмен ақын: Әкеміз Адай туған жер, Кіндігін кесіп буған жер:
Шардара, Шаңдақ, Алғын, Нұр – Төртеуінің арасы... –
деп атап берген. Сондай-ақ «Адай» сөзінің этимологиясы туралы да пікірлер көп. Соның бірі жоғарыда аталған «дай» тайпаларынан алынған деген болжам болса, Қашаған, Ұзақбай, сондай-ақ, Өгізбай, Қалнияз айтқан «Алаңқай батыр» дастанындағы дерекке қарағанда Арғынбек деген батырдан Молақсай жыршы туған, ал одан Алаңқай, одан Алақай туады делінген. Ал «Адай» атауының өзі туралы жыршылардың тұжырымы мынаған саяды:
Айтып кеткен секілді, Алаңқай жұртын Адай деп, Айтуға жеңіл оңай деп...
Шынында да, «Адай» сөзінің басқа мағынасы жоқ, сондықтан қазақтың қай кездегі оңайлатудан шыққан есім дегенге нану керек секілді.
Адайдың ұрпағы өжет, жаужүрек болатынын қазақ даласы тегіс біледі. «Кіші жүзді найза бер де жауға қой» деген сөз де оның осынау ер мінезді, батыл, қайраттылығына байланысты айтылса керек. Ал «танысаң – Адайыңмын, танымасаң – Құдайыңмын»
деген сөз осы ата ұрпағының ожарлау, бетті, кейде тіпті өркөкірек, өжеттеу, қайсар болып келетін мінезін сипаттайтын секілді. Сонымен бірге қазақ даласы Адай ата ұрпағының ақкөңіл, қайтымы шапшаң, ұсақ-түйекті елемейтін, аңқылдақ, ақжүрек екендігін де біледі. Қазір Адай балалары сегіз арыс болып өсіп, өніп отыр. Біздің мақсатымыз шежіре жазу болмағандықтан, оларды тегіс таратуды бұл мақаламызда артық санадық.
Ғылыми дәлелі болмаса да, Адай атамыз тым ұзақ жасап, 115 жасында өмірден өтіпті дегенді көптеген шежірешілер баян қылған. Марқұмның денесі Шаш (қазіргі Ташкент) қаласының маңында жерленген дегенді де көптеген көне көздер айтып кеткен. Бүгінде Адай атаның ұрпағының өскен жері 18-19 атаға, өспегені 14-15 атада тұр. Жуық шамамен 28-30 жылда бір ұрпақ келеді десек, Адай атамыздың туғанына 600 жылдай уақыт болыпты. Ал біз бүгін Адайдың немересі Ер Қосайды әңгіме етпекпіз...
Ер Қосайды айтқанда үлкен «Батырлар жырындағы» ноғайлы елінде болған Ер Көкшенің баласы Ер Қосаймен шатастырмау керек. Оның өмір сүрген уақыты біздің Қосайдан жуық шамамен 200 жылға әріге кетеді...
Ал біз әңгіме еткелі отырған Қосай – Адайдың үлкен ұлы Құдайке деген батырдан туған немересі. Ал Құдайкенің өмір сүрген уақыты қазақтың әйгілі ханы – «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөзді қалдырған Қасымның тұсына келеді. Энциклопедияда оның хандық құрған жылдары 1511-ден 1518-ге дейін деп көрсетілген. Маңғыстаулық Қаржаубай жыршының айтуына қарағанда:
Ер Құдайке Қасым ханның айбары, Жауд көрсе, алау жүзі жанады.
Шаш шаһарын қорғап қалған қанымен
«Қазағым» деп жан садақа байлады...
Шежірешілердің айтуына қарағанда, Құдайке батыр да Ташкент қаласының құбыла батысында, 60 шақырымдай жерде жерленіпті. Сол жерді қазіргі тұрғындары күні бүгінге дейін
«Құдайке-қазақ моласы» деп атайды екен...
Ал Құдайкенің баласы Қосай – жасынан ер атанған батыр, оның үстіне өзіне қыдыр дарыған қасиетті адам болған. Ол туралы аңыздар өте көп.
Бабалары бұлардың батыр Адай, Жаратқан абзал қылып оны Құдай. Беріде пір атанып Бекет шығып,
Әріде ту көтеріп шыққан Қосай! – деген жолдар қалған.
Сол айтқандай, пір Бекет Қосайдан көп кейін туған. Ал оған дейін Адай атаның балалары Қосай атаның рухына табынып, медет сұрап жүреді екен. Қазіргі дін иелері бір құдайдан басқаға сиынбау керек, ол Аллаға шек келтіргендік болады, күнәнің үлкені сол дегенімен қазақ баласы сол кездерде түрлі аруақты адамдардың басына түнеп, олардан медет тілегені жасырын емес. Және қыдыр дарыған сондай жандардың шапағаты тигені де рас. Әрине, оның бәрін жасаған Алла ғой, бірақ бір нәрсеге құлай сенген құлына ол осы әулие кісілер арқылы шапағатын беретін шығар, бәлкім...
Ұрпақтан ұрпаққа тарап, халықтың аузында жүрген әңгімелердің қоспасы көп болатыны белгілі. Дегенмен, оның қайсыбір адамдар тұрғысында ғана айтылатынына қарағанда, сол адамда әңгімеде айтылған көптеген қасиеттердің болуы әбден мүмкін. Қосай атаның елден ерекше қасиетін көрсеткен бізге жеткен бір әңгіменің оқиғасы мынадай: Бірде Қосай өзінің Тобыш және Мұңал деген екі немере інісімен жолға шығады. Қыс айы болса керек, күн суық екен. Жүргіншілер күн батқанша жүріп, ел қарасын көре алмайды. Әбден тоңып, әрі қарындары ашқан екі інісі ағасына қарап: «Уа, қадірлі жасы үлкен ағамыз, жұрт сізді жүрсе – жолы болғыш, тілесе – тілегі қабыл, айтса – айтқаны айдай келетін әулие абыз деуші еді. Сол қасиетіңізді көрсетпесеңіз, біз әрі ашығып, әрі суықтан тоңып, өлер болдық қой», - деп қынжылады. Сонда Қосай ата атының басын тежеп, жүзін құбылаға қаратып, сәл уақыт сыбырлап тұрады да: «Азырақ жүріп, алдымыздағы белестен асып түселікші, қонар жай сол жерден табылар» депті. Айтқанындай, жолаушылар бір белестен асса, алдарынан ақ боз үй, жанған оттың сәулесі көрінеді. Айдаладан шыға келген мынадай ғаламатқа екі інісі әрі қуанып, әрі таңғалады. Сөйтіп, аттарынан түсіп, жапанда отырған жалғыз үйге кіреді. Үй ішінде ақ сақалы желбіреген жалғыз қарт отыр екен, ол қонақтарын жылы шыраймен қарсы алады. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін: «Ал, балаларым, алыс жолдан тоңып келдіңдер ғой, қазандағы тамақтан алып, бой жылытып алыңдар», - дейді. Қуанып кеткен жас қонақтар асты өздері түсіріп, дастарханды өздері жайып, отқа жылынып мәз болып қалады. Тамақ желініп болған соң, үй иесі Қосайға қарап, бата беріңіз деген ишара жасайды. Сонда Қосай ата алақанын жайып:
Жолаушының жолында бол,
Жолыққанның жанында бол. Тарыққанның қамында бол, Әркез атыңды атап –
Сиынғанның маңында бол, - деп бата береді. Сосын әлгі қарияға қарап: «Ал қасиетті бабамыз, ас үстінде бізге де ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беріңіз», - деп қолын жаяды. Сондай үй иесі:
«Жүрсең жолың болсын Жүрген жағың оңың болсын. Көптен қолың болсын
Бақ-дәулетті малың болсын. Ақ тілегім қабыл болсын.
Алты Алашқа атың қонсын. Бар керемет өзіңнен табылсын, Өзім деп келгеннің
Ықыласы қабыл болсын, әумин», - деп бата берген екен.
Әрі жылынып, әрі қарындарын тойдырып, мәз болып қатты ұйқыға кеткен екі інісін Қосай ата таңертең «тұрыңдар» деп оятса... Міне, ғажап... айналаға қараса түндегі үй де, ақ сақалды қария да, қазан-ошақ та жоқ, айдалада қонып жатыр екен. Қосайдың екі інісі мына кереметке таң-тамаша болады. Ал Қосекең өзі түк болмағандай, оларды жолға бастайды. Сөйтсе, аңыздардың айтуына қарағанда, бұл таң-тамашаны істеп кеткен Қосайдың пірі, қорғап жүретін Қыдыр иесі екенін айтысады...
Әрине, мұндайға қазіргі заман адамдарының сене қоюы қиын. Бірақ күні бүгінге дейін Қосай бабаның басына түнеп, тілектері қабыл болып жатқан адамдарды қайда қоямыз. Қазіргі Қарақалпақстанның орталығы Нөкіс қаласының маңындағы Бестөбе деген елді мекеннің қасындағы оның кесенесіне ағылып келушілер саны жыл санап көбейе түсуде. Соның ішінде атаның басына түнеп, Алладан тілек тілеген талай адамдар қатерлі дерттерінен ада болып, бала көтермеген келіншектер сәби сүйіп, тағы да басқа игілікке қолдары жетіп жатқаны рас. Қосай ата күмбезін көтергенде, маңғыстаулық Қарауылбек Оңғарбайұлы ағамыз келген жұрт қолтаңбасын қалдырып кетсін деп, оның басына қалың дәптер қойғызған екен. Сондағы жазуларға қарасаңыз, Қазақстанның бүкіл аймағы ғана емес, бір шеті Ираннан, Ауғаныстаннан, Өзбекстан мен Түрікменстаннан қаптап келіп жатқан адардарды көрер едіңіз. Қасиеті болмаса шекара асып,
халық алыстан келер ме еді? Тіпті жолаушыға жайлы жаз айларында ғана емес, жылдың төрт мезгілінде де оның басына ағылушылар саны артып келеді. Шапағатын көргендердің сөзін естіген жұрт бірімен – бірі хабарласып, ата басына күн өткен сайын ағыла түсуде... Ал жыл сайын тамыз айында бұл атаның ұрпақтары да сол жерге жиналуды дәстүрге айналдырған. Олар осы жерде бірнеше күн болып, бір-бірімен танысып, мәслихат құрып, мәре- сәре болады. Сөйтіп, шыққан тектерін ұмытпай, арғы аталарына бас иіп, оған өздерінің мінәжаттарын жасайды.
Қосайдың туған жылы жөнінде нақты дерек жоқ. Бірақ оның Хақназар ханның тұсында ел билігінің белсенді аренасында болғаны мәлім. Осыған дәлел ретінде көп білетін шежірешілердің бірі Қаржаубайда Қосай туралы мынадай сөз қалған дейді:
«Хақназар хан кеңесшісі белгілім, Билікпен сақтай білген елдігін, Түркістанды Баба Сұлтан шапқанда, Елге үлгі, аңыз болған ерлігің...».
Хақназар хан қазақ даласында XVI ғасырдың ортасынан аяғына дейін хан болғаны белгілі. Нақтырақ айтсақ, Қазақ энциклопедиясында оны 1538-1580 жылдар аралығында 42 жыл хан болған деп көрсетеді. Қосай сол ханның оң тізесін баса отыратын серігі, жауға шапса «Алшын-Адай батыры» атанып, қол бастайтын сардары, дауға салса сөз бастайтын шешені, қиын түйін болғанда ақыл берер кеңесшісі болыпты. Қазақ даласына төнген сол тұстағы барлық шайқастарда да ол көзге түскен. Сонымен бірге құба қалмақ шапқыншылықтарында да ханның оң көзі болып, жаудың бетін қайтарған деседі. Жоңғар, хиуалармен айқастарда да ол талай рет ерлік көрсеткен екен. Құба қалмақ заманындағы бір шапқыншылықта ол жаудың бас батыры Доржы палуанды жеңіп, қазақ қолына қайрат береді. Тағы бірде ойраттың Хорыл батырын да ат артына бөктеріп, еліне олжа салады. Қазақтың астанасы Түркістан қаласына Баба сұлтан шапқанда, Алаш деп атқа мінген қалың қолдың басында да Қосай болып, жаудың бетін қайтарады. Міне, осындай оқиғалар оның даңқын қалың қазақ даласына танытып, елі «Ер Қосай» деп оны төбелеріне ту етеді.
Қасым ханнан кейін қазақ даласына оның баласы Шығай ханның басқарғаны белгілі. Энциклопедияда оның хандық дәуірі 1580 мен 1582 жылдар аралығы деп көрсетілген. Қасым өлген кезде Қосай 70-тен асқан қарт адам екен. Ол жас ханмен тіл табыса
алмайды. Сол себептен де болса керек, Қосай бастаған 40 мың үйлі исі Алшын әулеті Сыр бойынан ауа көшіп, Нұрата, Кенимехқа қарай бағыт алады. Бұл туралы «Кіші жүздің шежіресінде» де (құрастырған Х.Мәденов) айтылады. Ал ауызы дуалы, қасиетті ақсақалды қадірлемеген Шығай ханның өзі де ұзақ уақыт хан болып тұра алмай, екі жылға жетпейтін уақытта тағынан түседі...
Міне, осы және көптеген көнекөз қарттарымыздың айтуымен Қосайдың туған жылы жуық шамамен 1507 жылға келеді. Сөйтіп, 2007 жылы бабамызға 500 жыл толды.
Көнекөз қарияларымыздың, сұңғыла шежірешілеріміздің бәрінің айтуынша, Қосай ата 87 жасында дүниеден өтіпті. Оның бейіті жоғарыда айтқанымыздай, Нөкіс қаласының түбіндегі Бестөбе деген елді мекеннің жанында. Еліміз егемендігін алғаннан кейін оның ұрпақтары басына айшықты мұнара орнатқан. Оның күмбезі сонадайдан мен мұндалап көрініп тұрады.
Қосайдың қасиеттері туралы жазған адам көп. Соның ішінде жаңаөзендік Өмірзақ Қалбайұлы «Ер Қосай» атты дастан жазған. Сол дастанында Өмекең Қосай туралы:
«Ер Қосай ер де болған, пір де болған, Қосылып жақсылармен бірге болған. Кіші жүз қалың Алшын ортасында Байұлы он екі ата ірге болған.
Тұтқасын халқы қадір өзін сыйлап, Орыны көп ішінде төрде болған.
Бір көзі елдің шеті жауда болған, Бір сөзі әділ төре дауда болған», -
деп оның кейпін кейінгіге дәл берген секілді. Сол айтпақшы, Қосай
– жалпы Адай елінің сиынатын аруағына айналған адам. Бекет Ата пір шыққанға дейін Адай атаның балалары Қосайдың рухына тәу еткен. Халық арасында айтылатын мынадай аңыздар бар. Егер ел жасақ жинап, жауға аттанатын болса, қолдың басшылары:
«Араларыңда Қосайдан кім бар?» - деп айғайлайды екен. Егер қолдың ішінде Қосай ұрпағынан адам болмаса, онда жол болмайды деп ойлап, аттанысты кейінге қалдыратын көрінеді. Немесе сол маңдағы жақын ауылдарда бар болса, Қосай атаның ұрпағының үйіне түсіп, оның рухына бағыштап мал сойып, дәм беріп, құран оқытқаннан кейін ғана жолға шығады екен. Қарақалпақстандық шайыр Кенжеғали Тұрмағанбетұлының аузынан жазылып алынған мынадай жолдар бар:
Қосайдан ұрпақ бар жерде, Басқалар бата қылмаған.
Қысылған кезде, тар жерде
«Иә, Қосай» десе қолдаған. Қосайдан біреу болмаса, Әскер де жауға шаппаған. Атамыз Қосай қолдаса,
Қас жауын жеңген, таптаған.
Ол да Қосай атаның атағын ұрпағы қалай пір тұтқандығын қостайды.
Айдын шалқар көлдің жағасында алқақотан қонған ауылдардың бірінде дәстүр бойынша Қосай ауылы болуы керек екен. Сонда бізден жаудың сағы сынып, ығысып жүреді дейтін түсінік болса керек. Ал ауыл болмаса, тым болмаса соның ішінде бір үй Қосайдың үйі болуы керек екен. Тіпті қайсыбір жаққа жол жүргенде де араларында бір Қосай серігің болуы керек екен. Сонда ғана жолаушының жолы ашылып, ниеттенген ісі оңынан тұрады дейтін түсінік қалыптасқан. Бұл ырымдардың түбі негізсіз де емес, халық оның растығын көпжылдық тәжірибеде көздерімен көрген соң да, оны тастамай, ұзақ жылдар бойы тұтынған. Және бұл Қосай атаның рухына бағалаған, сол Маңғыстау өңіріндегі бір жақсы дәстүр.
Қосайдың жеке өміріне қатысты төменде баяндағалы отырған оқиғаны барлық дерлік шежірешілер айтқан. Соның ішінде маңғыстаулық Өмірзақ Қалбайұлының «Ер Қосай» дастанында бұл оқиға егжей-тегжейлі жырланған. Айта кететін бір жәйт, бұл дастанмен 1982 жылы танысқан қазақтың ғұлама ғалымы, академик Әлкей Марғұлан оған жоғары баға берген. Сол жылы тағы бір аса көрнекті ғалымымыз Рахманқұл Бердібаев та бұл туралы арнайы мақала жазған.
Сонымен... Бұл батырдың шау тартқан шағында болған оқиға екен. Қосай атамыздың Әлдеке, Төлен, Сүйін деген үш ұлы болады. Батыр бұл кезде ата атанып, өзінің батыр туған үш ұлынан Бегалы, Бердіқожа, Қуаныш, Кеніш, Едіге, Ермек есімді алты немере сүйіп, төрт құбыласы түгел болып отырған шағы екен... Бір күні Қосайдың Ақпан деген өркөкіректеу бір інісі көршілес отырған Шекті руының біраз малын барымталап, айдап алып келеді. Қазақтың малы – жаны деген сөз бар, кісі ақысын жеме, біреудің малын қайтар, обал болады дегенге інісі көнбейді Оны көндіре
алмаған Қосай қатты налиды. Бұл туралы Өмірзақ Қалбайұлының аталмыш дастанында былай суреттеліпті:
«Қайтейін, басың қатты, тентегім!» деп, Ер Қосай түр көрсетті қиналғандай.
«Түбі бірге түтпейді» деген мысал, Сонда да қала берді тілге салмай.
«Ақпаным, жау жағымда айбатым» деп, Көрінер көп ішінде қайратың деп, Осындай кейде қимыл, іс қыласың, Көңіліңе сай болғасын қайратың деп...
Кешікпей алты Шектіден қуғыншы келеді, оның ішінде қасиетті адам, мал иесі Әлменқожа да болады. Қазақтың дауы қисынымен ұтады ғой, олар малдарын алған Қосай ауылдары екенін айтып, көп деректерін жайып салады. Мойындамасақ лажы болмаса да, Қосай інісін ұстап беруге қимай, «көргенім жоқ» деп жалған сөйлеуге мәжбүр болады. Қосайдай әулие адамға бұл жараспайтын қылық екен, осы сөзді бекер айттым-ау деп, өзі де көп уақыт құса болып жүреді. Ал әлімдер мұның жалған сөйлегеніне жағасын ұстап, қарғыстарын айтып кетіп қалады...
Сонымен біраз уақыт өтеді. Күз өтіп, қыс келеді. Сырдың суы қатып, шаруа жайымен ел қыстауға көшуге бет алады. Қосайдың інілері елмен бірге арғы жаққа көшейік десіп ақыл сұрап, ағасына келеді. Ал батыр болса, жорыққа кеткен Әлдеке мен Төлен деген балаларын тосып, қала тұратынын айтып, інілеріне көше беруге рұқсатын береді. Содан бірер аптадан кейін сапарға кеткен балалары оралған соң, Қосай ауылы да Сырдан әрі асып көшуге бет алады. Шежірешілердің айтуына қарағанда, осының алдында Қосай жаман түс көріп, одан тұла бойы жаман түршігіп, қатты түңілген екен. Бірақ ондай-мұндайдан үрке берсе батыр бола ма, көшті тоқтатпай, інілерінің ауылдары кеткен жаққа бұлар да шығады. Сөйтіп, қалың көш дарияны кешіп, ортасына келгенде, кенеттен дауыл соғып, мұз жарылып, дүние астан-кестен болады. Алланың құдіретімен сол сүргіннен көш бастаған Қосай ата ғана аман өтіп, арғы жағаға шығады. Бұл оқиғаны маңғыстаулық жыршылар, көнекөз шежірешілердің бәрі де айтқан. Ал Өмірзақ Қалбайұлының дастанында бұл оқиғаның соңы былай суреттеледі:
...Әп-сәтте ауылы да жоқ, қауым да жоқ, Тып-тыныш, дауыл да жоқ, жауын да жоқ. Еш нәрсе болмағандай, көрмегендей,
Бір белгі сырдың аққан суында жоқ.
...Шашылған кереге мен уықтары, Шаңырақ, күлдіруіш сынықтары. Әр жерде ағарады су бетінде – Шамасы келіндердің жаулықтары...
...Ер Қосай қапаланып айтты сонда:
«Оу, менің шейіт кеткен шырақтарым, Ол дүние асыл болғай мұраттарың.
Күнінде махшар аман табысармыз Көргенше қош болыңдар, қарақтарым!»
Осындай қанды апаттың тарихта болғаны рас. Одан кеше ғана болып-толып отырған Қосай ауылынан ақсақалдың өзі ғана қалады.
Қайғыдан қаусап қалған қартты бағу үшін Тәзіке деген інісі оны қолына алады. Оның Ақыл есімді әйелі де көреген жан екен, ол қайғыдан қанша шөгіп кетсе де, Қосайдың еркектік қуатының барын аңдап, күйеуін оған әйел алып бермекке азғырады. Басында ағасына баға алмады деген атаққа қалармыз десе де, әйелдің ақылды сөздері көкейіне қонған Тәзіке оның айтқанына көнеді. Сөйтіп, көрші қонған Ата түрікпен руының Сейітбеглі ишан деген кісісінің мұзда жығылғаннан аяғы мертіккен Оғылменлі деген ақсақ қызын қалыңын төлеп, алып береді. Түрікпен қызы анамыздың келген аяғы құтты болып, кеше ғана қу бас болып қала жаздаған Қосай атамызға бірінен соң бірі алты ұл тауып береді. Олардың есімдері Байбол, Тіней, Әйтей, Бегей, Бәли және ең кенжесі Сүйіндік. Осылардың төртеуі керемет өсіп, үлкен руларға айналып отыр. Ал егіз туған Әйтей мен Бегей жасында тіл тиді деген аңыздан ба екен, кім білсін, өспей қалып, басқа ағайындарына қосылып кетеді. Өмірзақ Қалбайұлы бұл туралы:
Байқасақ біреу толы, біреу орта, Жаратқан жазмышымен патша құдай. Аз болып қатарынан Әйтей, Бегей,
Қалғаны сол себепті ру болмай..., - деп жазады. Қазір бұлардың ұрпақтары Байболдың ұрпақтарына сіңіп кеткен, соның ішінде Әйтей ұрпақтары Байболдың екінші баласы Есенқұлдың Есегінде, ал Бегейдің ұрпағы Байболдың үшінші баласы, кейін
«кеңшалбар» атанған Мәмбетқұлдың есебінде жүр.
Қосай атамыздың Байбол, Тіней, Бәли және Сүйіндік деген балаларының ұрпағы қалың өсіп, әрқайсысы үлкен руларға айналды. Соның ішінде «Жаман адай» атанған Сүйіндік
ұрпақтарының өзі осы күні Маңғыстауда жуық шамамен 700 шаңыраққа жеткен екен... Сүйіндіктің «жаман» аталу себебі де қызық. Ол Қосай бабамыздың 82 жасында көрген сүт кенжесі екен. Атамыз оны алдына алып отырып, «тірі болсын, тірі болса адайдың бірі болар» деген екен. Ауызы дуалы қарттың осы сөзі тас кенедей жабыса кетіп, Сүйіндікті жұрт жасынан «жаман адай» деп атап кетіпті.
Осы түрікпен анамыздан тараған Қосай бабамыздың ұрпағы қазір сегіз арыс Адайдың бірі есебінде. Арғы аналары түрікпен болғандықтан оларды «түрікпен Адай» деп атайды. Соның ішінде Байболдың ұрпағы Есембет, Есенқұл, Мәмбетқұл, Жұлдыз атты балаларының санына қарай «төрт Байбол» атанып, қалың өскен бір ру болып кетті. Қазақтың ақылды аналары балаларын жасында сынап, олардың келешегін дәл болжағанын тарихтан талай естідік қой.
Сол секілді түрікпен қызы, Оғылмеңлі шешеміз де медреседе оқыған көзі ашық, оның үстіне аузы дуалы ақылды ана болыпты. Ол Байболының ұрпағы қалың өсер, іштерінен батырлары мен билері де көп шығар, Тінейдің ұрпағы бай болар, Бәлиімнің ұрпағы әнші, өнерпаз болар, Сүйіндігім әкесін көп төңіректейді, қарашаңырақ иесі сол болар, ұрпақтары сөзге шешен, құймақұлақ, дуалы ауыз болар деп жорыған екен. Көбіне-көп оның айтқандары келді. Байбол атаның тұқымынан иісі Кіші жүзге, қалса бүкіл қазақ даласына аты шыққан Есенқұлдың Есегі, Мәмбетқұлдың Тоқтамыс пен Тоқпанбеті, Жұлдыздың Жылқыайдары мен Олжабайы, Есембеттің Бердібегі, Айтқұлдың Атағозысы секілді батырлар, Есембет, Мерген, Қадір, Қалдыбай секілді билер, Есембеттің Өткілбайы, Есектің Оңайбайы, Шалбардың Көшені мен Тілебі секілді аса үлкен байлар шыққан...
Ер Қосайдың екінші баласы Тінейлердің ішінен батырдың шөбересі Тәңірбергеннің аты ауызға көбірек ілінген. Ол әрі батыр, әрі шешен адам болған екен. Бірде ол қалмақтың Оғыржық деген ханын шауып, жорықтан олжалы оралып келе жатса, жастайынан бірге өскен досы Жомарт батыр алдынан шығып сауға сұрайды. Сонда Тәңірберген не қалайсың дегенде Жомарт: қалғанымды берсең, жауыңның ақбоз атын мінбей бер, ақсауытын кимей бер, қызы Ақсұлымды сүймей бер. Бәрін бермесең де осылардың бірін бер деген екен. Сонда Тәңірберген досына осының бірін қала
дегенде, Ақсұлымды қалаған екен... (Қалбаев Ө. «Қосай Ата», 191- бет).
Қосай атамыздың тағы бір ұлы Бәли атамыздың ұрпағы да қалың өскен. Олардың арасынан Оғылмеңлі анамыздың болжамы дөп келіп, ән мен жырға құмар өнерпаздар да көп шықты. Солардың ішінде Қашаған жырау, кейін оның ізін басқан Шадыман Үсенбаев, Көшен Өсербаев т.б. секілді жыр сүлейлерін айтуға болады.
Ал атаның қара шаңырағын ұстап қалған кенжесі Сүйіндіктің өскен жері екенін жоғарыда айттық. Соның ішінде оның немересі Бөгелі атамыз иісі Кіші жүздің таңдаулы билерінің бірі болыпты.
Сүйіндік – «жаман Адай», Бөгелі, Қарпық, Өткен жоқ осылардан ешкім артық.
Кіші жүз қазағымның билері де
Кеткен жоқ барлығы да бұдан асып, - деп атақты ақын, композитор Мұрат Өскінбаев айтқан екен. Сондай-ақ Қарпық, Қараменде, Жанан, Жанғабыл, Амандық билердің де атағы Адай баласына танымал болып, атақты болған. Бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған дүлдүл ақын, күміс көмей әнші Нұрым Шыршығұлұлы мен Тастемірлер, мемлекет қайраткері Шишан Оразбаев, ел басқарған Айладыр Дәулетниязов, Кеңестер елі парламентінің алғашқы мүшесі болған әкелі-балалы Жұмағали мен Мұқан Атабаевтар, Сәбит Блахаев, Шәуен Қалниязов т.б.-осы атаның «шашқан тұқым-тарысы». Осынау ел жақсыларын жеке- жеке зерттеп жазса да тұрарлық жандар. Қайсысы қай салада жүрсе де иісі қазақ халөының өсіп, жерінің гүлденуіне шама-шарқынша үлес қосқан жандар. Иншалла, Қосай-Сүйіндік балалары бұл істе осы уақытқа дейін ешқашан да еліне опасыздық жасап, ұрпағын жерге қаратқан емес. Алдағы уақытта да сол биіктен табылып, тәуелсіз елінің қамы үшін қызмет ете берер деген үміттемін.