02.08.2022
  159


Автор: Бесінбай Бегеніш

ҒАСЫРДЫҢ МАҒАН БЕРГЕН БІР КӨСЕГІ

(Әбішке)
Соңында осы ғасыр байтақ әнім
Тойыма ұласты деп айта аламын.
Ұйқыдан өзі оятқан даласында
Жырлады тағы келіп – байқағаным.
Қайталап, әнім анық айта аламын,
Сұқ көзден аулақ болғай , байқа , барым.
Жүз жылда қайталанбас берген маған
Бақытым, маңдайдағы айқай дарын.
Өрбіген түбегімнен мұнаралар,
Әлемге аты шыққан бұл аралар.
Мұхитын маржан сөздің сапырғанда
Ақ шашты басып еді ғұламалар.
Сондықтан өкпе айтпа алман сараңсың деп,
Сыйлаған айнаң шығар қарасын деп,
Тоңазып, жаны жүдеп жүрген шақта
Сөздердің шуағына орнасын деп.
Өмірдің жолын салдың тіл ұғысқан,
Қорғадың талайларды сұғылыстан.
Сомдадың шығарманы шырқау биік
Баяғы «Бір шөкім» мен «Бір уыстан».
Ағайын, қарсы алдыңда тұр көсемің
Төгілткен сөз – дария , тіл есебін.
Мен үшін жаралған тек туған жерден,
Аман бол,айналайын бір көсегім!





Пікір жазу