АЗАМАТ, АТ ЖӘНЕ АҚЫНДЫҚ
Азамат пен ат, ақындық сабақтас
Ақын-көңіл жүйрік атпен қанаттас
Шабыт жүзі тойтарылса, мұқалып,
Ей, бауырым, атпен жүйткіп қабақты ас.
Арман-көңіл бұрын жеткен өзгеден,
Ілеспеген бәйге алғанда көк дөнен,
Сол көңілдің айдынында арғымақ
Кейін қалып салпаңдауға көнбеген,
Ақын ойлы суытылған таңымен,
Жалғасады арғымақтар жанымен,
Ойсыз өлең боп туғанша тумай – ақ,
Көмілсінші тұяқтардың шаңымен!
Махамбетте ат үстінде жыр төкті,
Ұлы Абайда ат дегенде сыр көп-ті.
«Аттың сыны» суреттеп бергенде
Айтпаған ғой немқұрайлы, немкетті!
Ақындарға атсыз шабыт келген бе?-
Жаяу ақын жете алмайды көмбеге,
Ілияс та Ақан болып егілді
Құлагері қастандықтан өлгенде!
Ақын көбі туылған ғой далада,
Тағылған ғой көп ақынға жала да,
Өйткені, ол-азаматы тартыстың,
Ал тартыстан ылғи жеңіліс бола ма?!
Мен де кейде атпен кезіп кетемін,
Қырлар асып, кең далама жетемін,
Ақын болу міндет емес десем де,
Жырды сүйіп, құрметтеумен өтемін!