02.08.2022
  104


Автор: Бесінбай Бегеніш

«ЖАЛДЫҚАРА»

Хабарлап сауын салған алдын ала,
Жорықты бастайтын-ды Жалдықара,
Атпенен қандай шайқас болса дағы
Ауыздан түспей жүрді Жалдықара!
Ауылдан тым алысқа тарап жатқан ,
Абырой, атақ биік қалап жатқан .
Тамсанып теңеу таппай талай ділмәр,
Сұңғыла сұғанақ көз қадап жатқан.
Шаң жұқпас шашасына таласа алған ,
Атақ емес әншейін жаба салған.
Үлкейіп,үйірінен қалып кейін,
Кезі еді сол атағы аласарған.
Үйірі жеткізбестей қырды асқанда ,
Ыза буды сыярдай бір дастанға.
Телмірді Жалдықара ауыл жаққа
Ұқсады күйші қартқа сырласқанға.
Сонда бір күй туған-ды «Жалдықара»,
Жан болып ыңыранды маңды ала.
Күй болып күңіренді дала кезіп,
Дегендей «Жалдықара...Жалдықара...»
Кәрілік жеткенің бе қас қағымда,
Ойламай жүріппін-ау бас бағында
Көңіл шіркін баяғы өктем кезі,
Мына күй елестетті жас шағында.
Күн бұлтты шамаменен бесін еді,
Ере алмай буындары ісінеді,
Үйірі шаңмен бірге шұбап кетті,
Күш жетпей кісінеуге, есінеді.
Кешегі – атышулы Жалдықара
Бүгінгі артта қалған малды қара.
Қартайып еш кәдеге аспағанда,
Ертеңгі «ит-құс жеген қанды қара».
Ыңырсынып, күй сазына кеуде толды,
Қара жал бунақ-бунақ перде болды.
Манадан тартып тұрған күйші қартым,
Сермеді сала саусақ оңды-солды.
Домбыра қара шанақ жорғалады,
Қараның басын мүжіп қорғалады
Сіңірлер сықыр-сықыр аяқ созып,
Жас парлап екі көзден сорғалады.
Күй кеткен күңіренген ызалы ма?
Көңілдің жай мекенін бұзады ма?
Бұл қалды алаңқайда қарайған боп,
Дыбыс жоқ, үйір кетті, ұзады ма?





Пікір жазу