02.08.2022
  169


Автор: Қазданбай Қосжанов

VІІІ ӨЛЕҢ

Өзіңнен кетсең-дағы торықтырып,
Тастадың өмір сырын мол ұқтырып.
Жол сыздың келешектің сапарына,
Алғаш шын махаббатпен жолықтырып.
Сен ғой деп ескерер де, жанашыр да,
Басып ем тұңғыш рет жаңа шыңға.
Амал не, ұғыспадық біздер ұзақ,
Мәігілік қимасым боп қаласың да.
Мен сүйдім, сүйдім сені, қайталайым,
Осыдан ыстық не сөз айта алайын.
Екеуміз жараспадық. Тек тілегім:
Гүлі боп сүйгеніңнің жайқал, айым.
Қайғы ізі қабағьңда білінбегін,
Алдынан бақытымның күлімде, күн.
Мен солай сынадым ғой өз бағымды,
Енді сеп бақытты бол, гүлім менің.
Қайтейін, бұлбұлым боп шырқамадың,
Бір жұтшы ең болмаса жыр самалын.
Алаңсыз қабылдаттың жас жаныма,
Өмірдің осылайша бір сабағын.
Тоқтайын, қамықпайын, жасымайын,
Болмасын жас өмірдің басы уайым.
Бұл өлең сақталсыншы өз жаныңда,
Менен бір ескерткіш боп, асыл айым.
Сезілер болмаса да жаздағы леп,
Ойлама әншейін бір наз дағы деп,
Еске алшы, ең болмаса жылына бір,
Жазықсыз бір жас жанның жазғаны деп.





Пікір жазу