02.08.2022
  178


Автор: Қазданбай Қосжанов

V ӨЛЕҢ

Күн ізін күндер басып, барады асып,
Мен жүрмін арманды оймен жағаласып.
Білмедім қаншалықты ұққаныңды,
Айтқанмен жан сырымды саған ашық.
Жан едім өз алдыңда өте иілген,
Сондықтан, бір кетпедің көкейімнен.
Жасырмай, ашық айтсаң өз сырыңды,
Өмірден сол әсермен өтейін мен.
Жүректің берік орнап ұясында,
Жүрсең де қапалыққа қиясың ба?!
Жоқ, әлде махаббатты қадір тұтып,
Жанымды жабырқаудан тиясыңба?!
Тербелген шын махаббат аясында,
Гүл болып көк жапырақ жаясың ба?!
Болмаса азап жүгін арқалатып,
Арман боп көзден ұшып, таясың ба?!
Бұлбұл боп жүрегіме қонасың ба,
Бақыттың қарлығашы боласың ба?!
Болмаса бал орнына мұз жалатып,
Сұм жүрек маған біткен, тоңасың ба?
Онда мен торығайын, түңілейін,
Қайғы мен қапалыққа үңілейін.
Мұңды ән сыбырласа бейуақыт жел,
Жаралы жүрегімнің үні дейін.
Махаббат деген сезім асқақ екен,
Мен соған алғаш қадам басқан скем.
Сен өзің демемесең жылы сөзбен,
Мен қойдым, айтарым жоқ басқа бөтен.





Пікір жазу