02.08.2022
  118


Автор: Қазданбай Қосжанов

ӨЛЕҢ

Өмірде алғаш рет ерлендіріп,
Бұл тағдыр болған деп ем берген біліп.
Су сеуіп жүрегіме, суындырып,
Дариға-ай, кетермісің шерлендіріп.
Білмедім күн шығарын, тұншығарын,
Әйтеуір жүрегімді шымшыладың.
Ойымды билеп алды асқақ арман,
Сонда мен қалай ғана тыншығармын.
Ләззәтті тәттілігі болған ғұрлы
Махаббат шын толқытып, толғандырды.
Махаббат алғаш рет азапқа сап,
Жаныма өшпестей бір жол қалдырды.
Жүргем жоқ алдау үшін жалған күліп,
Өзіңсің жүрегіме салған бүлік.
Өзара ұғыса алмай тереңірек
Шіркін-ай, кетермісің арманды қып.
Шіркін-ай, өмір мені алдады ма,
Тұл болып махаббатым қалғаны ма?
Жоқ, өзің түсінсең тек жүрегіме,
Тағдырдың көнер едім салғанына.
Болған соң қайғысы бар, бағы бары,
Адамның көп қой, рас, жаңылары.
Бірақ та содан шошып демесейші:
«Қирады махаббаттың шаңырағы».
Болмассың махаббаттан шошынар жан,
Дедім де шығып едім тосып алдан.
Жастықтың алабұртқан күндерінде
Дариға-ай, жүрер ме едік қосып арман.
Қайғым ба, бақытым ба, кім біледі,
Көздерің елжіретіп тұрды мені.
Көңілде кіршік қалмай кетер еді-ау,
Сен болсаң өмірімнің күлдірері.
Сезгендей жақсы күнге аз қалғанын,
Қанатын сен деп бұл күн жазды арманым.
Өмірден қайғысыз боп өтер едім,
Арналса маған ғана назданғаның.
Өзіңе кездерімде таяу барған,
Тұрды ғой күлгендей боп аяулы арман.
Түсінбей жанымды өзің кеткен түнгі,
Еске алшы көңілімді қаяуланған.
Алдыңа бярғанымда күліп түршы,
Жалт еткен жанарыңнан сыр ұқтыршы
Бір сәтке жабырқасам, налып жүрсем,
Кеудеме қуанышым болып кірші.
Сонда бір мәз болайын, жадырайын,
Мәңгіге тартпасыншы жан уайым.
Шөлдеген жолаушыдай болып тұрмын,
Сусындап бал үніңнен қанығайын.
Кеудемде ұя салып, үй қып алып,
Толқысын көңілімде күй бұралып.
Кешдім мен не салсаң да тағдырыма,
Өзіңді ғұмырымда сүйдім анық.
Қаншалық жатыр алда жылдарым-ай,
Бәріне бір сен үшін шыдармын-ай.
Өзіңе сезілер ме, о, дариға,
Сені ойлап, ұзақ таңға қайғырғаным.
Қайтейін, түсінбедің, түсінбедің,
Келмеді артық сөзге күшім менің.
Халде бір аянышты кете бардым,
Алысып махаббатпен ішімде мұң.
Қапалық жүрегімнің жалман күшін,
Азап тың арқалаттың салмақтысын.
Өйткені жүрегіне жақын тұтса,
Еш адам қимайды ғой ардақтысын.
Сен менің дәл осындай қымбаттымсың
Сен жоқта шимайлаған жыр да құрсьн
Бір сенсіз өтіп жатқан минуттардан,
Қайғы боп жүрегіме тұнба тұнсын.
Жүргенмен жас ағызып жыламай-ақ,
Сенсіз мен адамдаймын сыңар аяқ.
Сенсіз мен қамкөңіл боп отырсам ғой,
Сол шақта адам қайда тұрар аяп.
Кештерде сырлассам да толқын әнмен,
Бір сені көргім келіп отырам мен.
Кім білсін, бір толқымай қалармысың,
Осынша жүрек сырын оқығанмен.
...Құрысын қайғы біткен. Жадырайын,
Көзіңнің жанарына бағынайын.
Көңілім серпіліп бір қалар ма екен,
Өзіңнің жүрегіңе табынайын.
Бақытым болашақтан келер ме айқын,
Кім білсін, тағдыр бар ма мені алдайтын.
Бақтылы, жүүегімді түсінсейші,
Не сыр бар алғы күнге сене алмайтын.
Көңілге орнатпаған көктем мұңды,
Жан едім жырымменен өпкен гүлді.
Қайтеміз жара салып жүректерге,
Қайтеміз елестетіп өткен күнді.
Тұрсыншы жүрегіміз бірге жанып,
Қуантсын келер күннің нұры тамып.
Жарассын жүрегіміз мәңгілікке,
Ал, қане, өткендерді ұмыталық.
Түскендей махаббаттың күшіне сын,
Енесің бейуақыт тусіме шын.
Сен мені жабырқауға жеткізбеші,
Жанымды түсінесің, түсінесің.
Жастықтың самалындай ойнақтаған,
Жүректе сол күндерден сыр сақталған.
Кей сәтте жалғызсырап бұл өмірден,
Мен сені, сені ғана ойлап қалам.
Көлеңке жауып ойды баяу барып,
Кетеді көңіл шіркін қаяуланып.
Жабырқап сол кездерде мұңаямын,
Тұрғандай жапан түзде жаяу қалып.
Дариға-ай, болашақтың берері не,
Жас жанға қамығудың керегі не?!
Әйтсе де есімнен еш кетпей қойдың,
Шырмалып жүрегімнің елегіне.
Ұғыспай жан сырымыз жабық қалып,
Артынан өкінішпен жабықпалық.
Әлде де кештігі жоқ бір отырып,
Арманның асуларын анықталық.
Шыңдалмас соқпақтарды баспаса адам,
Ашсайшы, жүрегіңді, аш тасадан.
Жанымды жабырқатып кетпесейші.
Не айтам, не айта алам басқа саған.
Келмейді айыптағым, айыпталғым,
Сырымды түгел саған жайып салдым.
Жылы сөз есту үшін өз аузыңнан,
Үмітпен құшағымды жайып қалдым.





Пікір жазу