02.08.2022
  101


Автор: Қазданбай Қосжанов

КӨКТЕМДЕ

Көркінен айырса да күз даланы,
Жүрегі жер-ананың мұздамады.
Көктемде жасыл бақтар жас жігітке,
Оңаша алып шық дер жас баланы.
Қарақұс шырқап аспан биігіне,
Тау басын шолып өтті шүйіріле.
Сылқылдап күліп жатты ерке бұлақ,
Жел жездей түртіп қалып бүйіріне.
Өрістен шопан салған ән келеді,
Ағарып атпаса да таң желегі.
Бала қыз сүңгіп шығып көл түбіне,
Қанатын қағып-сілкіп сәнденеді.
Сағыныш жүрсе керек үдеп тегі,
Тулайды қос ғашықтың жүректері.
Оларға бұйырмады түндегі асқан
Жеңгейдің қыстан қалған сүр еттері.
Құлағын тігіп ап та, қайшылап та,
Жылқыдан оза шапты тай суатқа.
Керіліп жата кетті бала мысық,
Күнгей жақ үй жанына, майшуаққа.
Дегендей тоқып алсын зердесіне,
Қалыпты момақан боп жел де есіле.
Далада ұзағырақ тұрып қаппын,
Ғашық боп кең жайлаудың келбетіне.
Қиялым қуып кетті неше белді,
Көңілдің құпиясын шешем енді.
Жеңеше, шабытына жыр жазайын,
Қымызға толтыра бер кеселерді.





Пікір жазу