ТЕҢГЕ
Бір келіншек болыпты Теңге деген
Қатарынан артпаса, кем демеген.
Дерті болған тоқалдық зәбір көрген,
Ол дертін ешкім елеп, емдемеген.
Отпен кіріп, шығыпты күліменен,
Бейнеті арылмай күн-түніменен.
Есіркеп сөзін ешкім тыңдамапты,
Шақса да мұңын зарлы үнімен.
Бәйбіше алды-артында жетегі көп,
Төркінім бай,-билігім жетеді деп,
Теңгеге таң атып, күн батырмапты,
Жас тоқал билікті алып кетеді деп;
-Күңдікке әкелді, -деп-байың маған,
Бәйбіше бастан таяқ айырмаған.
Мырзасы шөптің басын сындырмаған
Ең азы – мал шетін де қайырмаған.
Жібек Теңге түтіліп жүн болыпты
Келіншек болып түсіп, күң болыпты.
Мал орнына жұмсалып арқандаулы
Төркінін бір кқруге мұң болыпты.
Алма бет айғыздалып жарылыпты,
Бір қабат терісі де алыныпты.
Қашайын десе, жүрер жол білмепті,
Тағдырын қарғай-қарғай бағыныпты.
Ақ балтыр табаны да тілініпті,
Қарғапты дәрмені жоқ тірлікті.
Оған қоса табиғат бұйырмысы
Аяғы ауыр, -ішіде білініпті.
Тозыпты құлағының құрышы да,
Зар болыпты туған үй-бұрышына
Жігері де құм болып жүнжіп біткен
Шыдай -шыдай бәйбіше ұрысына.
Күні жоқ қорлық көріп жыламаған
Үміті жоқ үзіліп құламаған.
Жаяу жалпы бір күні жүре берген
Ешкімнен бағыт пен жөн сұрамаған.
Қызығын бір сәтке де тойламаған
Қалмаған түңғиығы бойламаған.
Бар мақсаты – бір жету төркініне
Сонан соңғы -ар жағын ойламаған.
Әуелі жасырынып бұғып көптен
Ебелектей елсізге шығып кеткен
Көшпелі ел мекені таптырар ма
Ескегі жоқ қайықтай ығып кеткен.
Бұтадан басқа түк жоқ жапырлаған
Шөлге келіп қамалған шақырмаған
Қарасыз жон қандарын ішке тартып,
Тарықса да тамшы су татырмаға.
Қуысы жоқ су іздеп қарамаған,
Зыр жүгіріп сан сағым аралаған.
Көз жасы көл-гөсір боп ақсадағы,
Сусын етіп ішуге жарамаған.
Күрсінгенде жүрегін жарып шыққан
Аузынан дем орнына жалын шыққан
Әлсіреп құлаған да, жатқан жерде
Арманын арқалаумен жаны шыққан.
Шығарған бүгінгі ұрпақ батырлығын
Сол жердің Теңге дейді атын бүгін.
Сол адамның көмілген от деміндей
Газ фонтаны атқылап жатыр бүгін.
Келтіріп сол заманда келмегенін
Көрдік ескі ел дертін емдегенін
Емдегені емей не, Қаламқас, Теңгелерін.
Өтсе олар сорлары қалың болып,
Бүгін сол жер сілкінген маңы толып.
Көгілдір газ фонтаны атқылап тұр
Теңгенің көкірегінен жалын болып.