ӨЗЕН
Өзен аты халықтың ұғымында
Теңелетін сұлулар бұрымына.
Осы сөз Маңғыстаудың өлкесінде,
Қоныпты басқаша бір тұғырына.
Өзен боп атанар деп елді мекен,
Елдің сірә, есіне келді мекен?!
Мұнай мен газдан өзен болады деп,
Халық бұрын ойға алып көрді ме екен?
Өзені жоқ, көлі жоқ, бұлағы жоқ,
Керегіне жарар деп, түбі көптің.
Маңғыстау қиналмай-ақ, жасап берді,
Өлкесі мен өзенін құдіреттің.
Өрісі өрге тартып, орны құтты,
Арманын оң қолына қондырыпты.
Кешегі киік кезген жапан түзде
«Жаңа өзен» боп жас қала орнығыпты.
Көрмеген берер қолы ала болып,
Қарты қайта жасапты бала болып.
Солайша кетті бүгін Маңғыстаудың
Дала деген аймағы қала болып.
Қатігез табиғатқа жалынбапты,
Жаңа жігер ұшқыны жалындапты.
Әму-дария өзенін ауыз су ғып,
Москва салтанатын қабылдапты.